Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биыл Қазалыда 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған

02.02.2024, 9:05 194

HALYQLINE.KZ

Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы мәжіліс өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Былтырғы жылы аудан бойынша барлығы 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Су тапшылығы мен қолайсыз ауа райына қарамастан, шаруалар мен тиісті мекеме мамандарының етене атқарған тынымсыз еңбегінің нәтижесінде, астық өндірісінің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда біршама өсті. Биыл ауданда 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда», – деді аудан басшысы.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков сөз алып, биылғы егін егу жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндап өтті.

Басқосуда Мұхтар Әуесұлы соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі қалыптасқан су тапшылығына байланысты, вегетациялық кезеңде қиындықтар туындағаны туралы қозғады. Сондай-ақ, су тапшылығы кезінде су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері қабылдаған шешімдерінің арқасында аталған қиындықтарды өткергенін тілге тиек етті.

Ал осы жылдағы егін егу жұмыстарын суармалы сумен қамтамасыз ету дайындығына «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің директоры Нұрлан Ерғалиұлы тоқталды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңызды екенін айтқан аудан басшысы әлі де болса түйткілдердің бар екенін жасырмады. Яғни, егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін әлі де болса дайындықты пысықтап, көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзім ішінде жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолда бар техникаларды толық жұмылдырып, пайдалану қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, барлық су нысандарын толық дайындыққа келтіріп, су жолдарын тазалау, егіске қажетті тұқымдық материалдар, қажетті қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар, гербицидтер және дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз етуді де басты назарда ұстау керектігін айтып өтті. Мәжіліс соңында аталған мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: