Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біткен істе береке бар

17.01.2023, 8:40 303

HALYQLINE.KZ

Кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі инфрақұрылымдық жүйелер екені жасырын емес. Жарығы үзіліссіз, көшесі тақтайдай тегіс жерде жұмыс көлемі де жанданып шыға келетіні бар. Өткен жылы Қазалы ауданында да бұл бағытта едәуір істер жүзеге асты.

Алдымен құрылыс саласынан бастасақ, жасалынған құрылыс көлемі 7,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артық орындалған.

Аудан бойынша өткен жылы жеке сектор есебінен тұрғын үй құрылысына 4,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, 54 022 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынды.

2022 жылдан бастап өтпелі болып саналатын 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында өткен жылы Ғани Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауызсумен, газбен және электрмен жабдықтау үшін 251,4 миллион теңге бөлінген.

Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісінің құрылысы басталады. Бұл үшін бюджет есебінен 110,2 миллион теңге қаралған.

Бұдан бөлек, аудан орталығынан көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 32,1 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда барлық тиісті құжаттары дайындалған.

Әрине ауданда, оның ішінде кент ішіндегі жұмыстар назардан тыс қалмай келеді. Ағымдағы жылы 4 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Бұл үшін бюджеттен 31,3 миллион теңге бөлінген.

Жылдың соңы қазалылықтар үшін қуанышқа толы болды. Атап айтар болсақ, өткен жылы Қазалы қаласы мен Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдары табиғи газ жүйесіне қосылды. Алдағы уақытта Абай ауылын газдандыру жоспарлануда. Бұл үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті құжаттары әзірленген.

Қазіргі таңда ауданда тұрғын үйлердің 63,2 пайызы «көгілдір отынға» қосылған. Сонымен қатар, 5 ауылға магистральдық газ құбырын жеткізу үшін демеушілік есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілген.

«Жол азабын жүрген біледі» демекші, аймақта соңғы жылдары жол жөндеу бағытында еселі еңбек атқарылып келеді. Мысалы, өткен жылдың өзінде 75 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы жөнделіп, 7 жоба қолға алынған. Бұл үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген.

Сөзіміз нақты болу үшін айта кетерлігі, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей», «Әйтеке би-Басықара», «Басықара-Абай-Өркендеу», «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс», «Қожабақы-Бекарыстан би-Майдакөл» секілді автомобиль жолын күрделі жөндеу қолға алынған. Осының нәтижесінде аудандағы сапалы жолдың үлесі 85 пайызға жеткізілді.

Бүгінгі таңда Қазалы ауданының ілкімді істерін айтқан уақытта Сырдария өзенін қиып өтетін «Қарлаң» көпірінің құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Дария бойындағы жұмыстарды жандандыру үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары тиісті орындардың бақылауында тұр.

Қазалы ауданындағы соңғы, көңіл қуантарлық жұмыстардың бірі Әйтеке би кентінен автоматтандырылған электронды емтихан алаңының салынуы екені сөзсіз. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындары үшін облыс орталығына барып, дербес жүргізуші куәлігін алу кезінде біршама қиындықтарды жеңілдетеді. Аталған нысан осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: