Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал қаласы жаңа сипатта дамитын болады

11.10.2024, 9:00 150

HALYQLINE.KZ

Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласының бас жоспарына сәйкес бір топ жауапты сала маманымен пікірлесіп, қаланың болашақ инженерлік және логистикалық жұмыстар сызбасымен танысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Басты мәселе – Арал қаласының аумағын ұлғайтып, жаңа қалашықтарды өмірге әкелу. Алдағы 10-15 жылдың шамасында Арал қаласынан шағын жастар қалашығы пайда болып, көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтереді деген жоспар бар. Сондай-ақ жаңадан ел қоныстанатын аймақтан 15-20 мың тұрғынға қызмет көрсететін мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар тұрғызылатын болады.

Қаланың бас жоспарын жан-жақты ойластыру жұмыстарын қазірден бастау қолға алынған. Қазірдің өзінде жоспарлау жұмыстарына қаржы бөлініп, түрлі мамандарды тарту арқылы Арал қаласының бас жоспарының сызбасы талқылану үстінде. Қаланың жаңа аудандарында ойын алаңдары, демалыс орталықтары және түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Арал қаласының бас жоспарын жасаушы мамандармен тілдесіп, қаланы көркейту жаппай жер үйлерді сала берумен шектелмейтінін айтты. Есебін тапса шағын аумақтың өзіне мыңдаған халықты шоғырландыруға болатынын жеткізіп, ол үшін бірнеше қабатты тұрғын үйлер салу керектігін алға тартты. Қысқасы, Арал қаласы жаңа сипатта дамитын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: