Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасыл желек – жанға сая

11.05.2023, 11:40 649

Жасыл желектің көл-көсір пайда­сын білген дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ұрпағына ағаш отырғызу­дың маңыздылығын айтқан. Табиғат­ты аялап, қоршаған ортаға жанашыр­лық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі екен­дігін  ұғындырған. Әрине, айналаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды тазартып тұратын тіршіліктің көзі – жасыл желек екені баршаға аян. Осы бір табиғат сыйы­ның күтімге алынуы, көктеп-көгеруі Құдайдың құтты күні шаңды дауыл тұрып, аптап ыстығымен жұртты әбігерге салатын Сыр елінде қандай деңгейде? Әсіресе, облыс орталығында нендей тірлік атқарылып  жатыр?

Өткенде қала әкімі Асылбек Шаменов шаһардағы бірқатар нысан мен саялы бақтарды аралап, тұрғындар үшін өте өзекті болып табыла­тын мәдени екпелер­ді көгал­дандыру және аяқсумен қамтуды ұйымдастыру мәселесін алға тартқаны бар. Сол жолы Қызыл­ордада 16 мың ағаш отыр­ғызылып, қалада орталықтандырылған арық желісін құру жұмыс­тары  жүріп  жатқаны  айтылған.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорданы көгалдандыру және екпелерді, сондай-ақ жеке сектор учаскелерін аяқсумен қамтудың қиындығын қала тұрғындары әлеу­меттік желіде жиі көтереді. Елді мекенде мыңдаған ағаш отырғызылады, аладай оның көктеп-көгеруі, күтімге алынуы көңілден шықпайды, әрине ол құрғақ климатқа байланысты емес, тұрақты емес суару мен сауатсыз күтімге байланысты. Ал жеке үйлердің тұрғындары қала­лық арық желісі дұрыс қалыптаспағандықтан, есік алдындағы бау-бақшасын ауызсумен суаруға мәжбүр.

Әлгі баспасөз турында қала басшысы Асылбек Өмірбекұлының БАҚ өкілдеріне түсіндіргеніндей, Қызылорданың экологиялық жағдайын жақсартуға, жай ғана көгал­дандыру мен екпелерді суару­ға жергілікті бюджеттен 11 млн теңге­ге жуық қаржы бөлінді. Қала­ның көшелері мен жасыл аймақ­тарында 16 мыңға жуық қарағаш, тал, терек, үйеңкі, туя, катальпа, айлант  көшеттері  отырғызылған.

– Құрғақ климатты ескере отырып, көгалдандыру біздің қала үшін маңызды. Біз Қызылорданың барлық аумағында жасыл желек­ті суару­ды ұйымдастырумен жүйелі түрде айналысамыз. Өткен жылы қалада және қала маңындағы округтерде республикалық бюджеттен 488,4 миллион теңгеге  тереңдігі  80-90 метр болатын 33 ұңғыма бұрғыланды. Бұл іс биыл да жалғасын тауып, 14 техникалық су алу ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Оларды әзірлеуге облыстық бюджеттен 337 миллион теңге  бөлінді, – дейді  қала  әкімі.

Сондай-ақ, Асылбек Шаменов осы көктемде бүкіл қала бойынша отырғызылған көшеттерге күтім жасауда ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі өңірлік мемлекеттік мекеменің 40-қа жуық жұмысшысы жұмыспен қамтыл­ғанын, яғни екпелерге күтім жасау кәсіби түрде жүзеге асырылатынын айтты.

– Қызылордада арық желісі де қалыптасуда, – деп нақтылады қала басшысы. – Ескі қалалық жүйені қалпына келтіру, жаңа арықтар салу, нысандарға суармалы су жеткізу бойынша үш жылдық жоспар әзірленді. Әзірге облыс орталығында қала аумағының 70%-ын қамтитын 60 шақырымға жуық арық  желісі  бар.

Баптай білсең, бізде тал да, гүл де өседі. Әрине, оған нәр беретін аяқсу мәселесі оңтайлы шешіліп, қыруар қаржы босқа кетпей, ел игілігіне жұмсалғаны жөн. Қаламыз жасыл желек жамылып, ауа­мыз  тазарып,  айналаға  көрік  беріп  тұрса,  жақсы  емес  пе?

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: