Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды

11.07.2023, 14:40 194

HALYQLINE.KZ

Бүгін «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өткен жылы қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймақта алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған болатын.

Конкурстың талаптары таныстырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталды. Үздік елді мекендерді анықтау үшін азаматтық қоғам өкілдерінен, халық қалаулыларынан, тәуелсіз журналистер мен экобелсенділерден құрылған тәуелсіз сарапшылық комиссия жұмыс істеп, шешім қабылдады.

Марапаттау рәсімінде аймақ басшысы ауылдар мен қаланы тең дамыту басым бағыттың бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен айда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы ең алдымен басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзқараспен қарауы тиіс» деген болатын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық дәстүрдің алтын қазығы саналатын сырбойылықтар бұл бастаманы негізгі қағида ететіні сөзсіз.

Өздеріңізге белгілі, ел Президенті өткен жылы қайта сайланғаннан кейін «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжат аясында Үкімет пен әкімдіктер алдағы бес жылдықта ауылды дамытуға күш салуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстың әрбір елді мекенінде ауқымды шаралар үздіксіз ұйымдастырылуда», – деді облыс әкімі.

Аталған тұжырымдама аясында биыл өңірге 17 млрд 100 млн теңге (2022 жылы – 9,9 млрд теңге) қаржы бөлінді. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуда.

Облыс басшысы ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуді көздеген «Үздік елді мекен» конкурсын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарланғанын атап өтті.

«Бүгін бірлік пен берекенің, тазалық пен абаттандырудың үлгісін көрсеткен жеңімпаздарға күнделікті тұрмысқа ең қажетті, заманауи үлгідегі техникаларды табыстаймыз. Тазалыққа жаны құмар қала тұрғындарының да абаттандыру бағытындағы еңбектері орасан зор. Жеңімпаз атанған шағын аудандарда сквер салу, көше, аулаларды жарықтандыру, балалар және спорттық ойын алаңдарын салу сынды жобаларды облыстық бюджеттен қаржыландыратын боламыз.

Күзде «Үлгілі елді мекен» конкурсы қаланың шағын аудандары, аудан орталықтары мен ауылдар арасында қайта жалғасады. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттен 523 млн теңге қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары басталды»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді туған жерге жанашырлықпен қарауға, патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырғаны белгілі. Жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасын қолдады. Бүгінде аймақта демеушілікпен барлығы 30 млрд 100 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде, елді мекендер мен қаланы көркейтуге басымдық берілген. Демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеті заманауи панелдермен қапталуда. Тағы 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, яғни заманауи спорт алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда.

Аймақ халқы атынан демеушілерге алғыс айтқан облыс әкімі тағы бір ерекше бастаманы атап өтті.

«Тұрғындарының тілегі бойынша аудан орталықтарында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар мекемелерді біріктіріп, заманауи бір ғимарат етіп салу бағытындағы жұмыстарды қолға алудамыз. Бұл жұмыстар туған жеріміздің гүлденуіне оң әсерін ететіні сөзсіз», – деді аймақ басшысы.

«Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үшінші орын және әмбебап тиегіш трактор Арал ауданы, Аманөткел ауылына табысталды. Екінші орын жеңімпазы Жалағаш ауданы, Таң ауылына жер қазатын трактор тіркемесімен берілді. Бірінші орынға Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылы жер қазатын трактор және жүк тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігін алды.

Конкурстың «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша үшінші орынмен Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті марапатталып, оған ассенизатор машинасы және жол тазалайтын трактор табысталды. Ал екінші орынға ие болған Шиелі кенті қалдық тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігін, жол тазалайтын трактор және ассенизатор машинасын жеңіп алды. Бірінші орын алғаны үшін Жаңақорған кентіне қалдық тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігі, арнайы жол тазалайтын «КАМАЗ» көлігі, ассенизатор машинасы және кран манипуляторы берілді.

«Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациясы бойынша үшінші орын жеңімпазы болған «Бәйтерек-Шұғыла» шағын ауданына «Сквер құрылысы» жобасы сыйға тартылды. Екінші орын жеңімпазы «Сырдария» шағын ауданы «Балалар және спорттық ойын алаңдары құрылысы» жобасымен марапатталды. Бірінші орын жеңімпазы «Арай-2» шағын ауданына «Сквер, спорттық ойын алаңдары құрылысы және көше-аулаларды жарықтандыру» жобасы берілді.

Облыстық конкурсқа қатысып, көркейту-көгалдандыру шараларына үлес қосқаны үшін бірқатар белсенді азамат облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Іс-шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: