Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТҰРҒЫНДАР КӨШПЕУІ ҮШІН, ТҰЗ бен ҚҰМ ҰШПАУЫ КЕРЕК

11.01.2024, 12:00 244

Арал теңізінің құрғаған табанындағы тұз бен құмның өзге ел тұрмақ, өзге құрлықтың топырағынан табылып жатқаны баршаға мәлім. «Ғаламдық жылыну процесіне де теңіз ұлтанынан ұшқандар себеп болды» дейді білетіндер. Ал, мамандар мұның алдын алудың бірден-бір жолы топырақтың типіне байланысты мелиорациялық екпелер егу екенін айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Арал теңізінің құрғаған табан­ына 2025 жылға дейін жалпы аумағы 1,1 миллион гектар жерге орман мелиорациялық екпелер егу міндетін қойған болатын.

Теңіз ұлтанына тұқымдарды егуге және өсіруге дайындау инфрақұрылымы жасалып, қажетті арнайы техника сатып алынған. Бүгінде сексеуіл отырғызу үшін 753 мың гектар жердің топырағы зерттеліпті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қызылорда облысы әкім­дігінің күшімен соңғы үш жылда 544,5 мың гектар жерге егілген. Биыл тағы 275 мың гектар жерге екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланып  жатқан  көрінеді.

– Арал теңізінің тартылуы жаһандық проблема екенін ескере отырып, министрлік халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Халық­аралық Аралды құтқару қорымен (ХАҚҚ), Дүниежүзілік банкпен, Халықара­лық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамымен (GIZ), АҚШ-тың халықаралық даму агенттігімен (USAID), Корея Орман қызметімен және басқа да халықаралық ұйым­дармен  ынтымақтаса  жұмыс  істеп  келеді.

2021 жылдың жазы мен күзінде Өзбек­стан мен Қазақстан мамандары Арал теңізінің түбіне сексеуіл мен басқа да ағаштарды отырғызу бойынша тәжірибе алмасты. Сапар қорытындысы бойынша Арал теңізі өңіріндегі орман шаруашылығы саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды Қызылорда облысының Табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу  басқармасы.

Жалпы, сексеуіл шығымын барынша арттыру үшін орман мелиорациялық жұмыс­тар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары (негізгі әдістері механикаландырылған себу және отырғызу) негізінде жүргізіледі. Өйткені, Арал теңізі түбінің қазақстандық бөлігі өзбек тарапының аумағына қарағанда тұзды болып келеді. Ғылым 3 типті топырақта сексеуіл, 4 типті топырақта галофитті өсімдіктер (қарабақ, сарсазан)  егуді  ұсынады.

«Халықаралық Аралды құтқару қоры» директорының міндетін атқарушы Зәуреш Әлімбетова теңіз ұлтанына көшет егудің пайдасы көп екенін айтып отыр. Сондай-ақ, сексеуілді алғашқы жыл­дары суғару арқылы көрсеткішті  еселегенін жеткізді.

– Теңіздің табанындағы тұз бен құмды ұстаудың бір ғана жолы бар: ол – сек­сеуіл көшет­терін отырғызу, сексеуіл тұқымын себу, ең бастысы, оларды өсіру. Бәріне түсі­нікті, біз теңіздің құрғаған орнын сумен толтыра алмаймыз. Сондықтан, осы жұ­мыс­тарды атқаруымыз керек. Бұл – өте қиын шаруа. Өз тәжірибемізде 2005 жылдан бері Арал теңізі ұлтанына сексеуіл егу жұмысын жүргізіп келеміз. Шынын айту керек, алғаш­қы жылдары жерді дұрыс таңдай алмау, уақытын білмеу, топырақтың, көшет­тің сапасын дұрыс анықтамау секілді  жайттар болды.

Бірте-бірте тәжірибе жинақтау арқылы, ғылыми зерттеу арқылы жақсы өсім көрсеткішіне қол жеткіздік. «Сексеуілге су керек емес, өзі өседі» деген пікір айтылғанымен, алғашқы 1-2 жылда судың қатты қажет екенін іс жүзінде дәлелдеп келеміз. Аз болса да, сапалы жұмыс жүргізуді  мақсат  тұтамыз.

Теңіз табанында 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде сексеуіл егу жұмыстарының пайдасын айта аламын. Бізге жалпы стандарт бойынша берілгені – 30 пайыз. Бұл – 100 сексеуіл көшетін ексек, соның 30-ы өсіп шықса, соның өзі нәтиже деген сөз. Яғни, теңіз табанына көшетті 100 пайыз ешкім шығара алмайды. Біз 500 гектарға егіп, уақытын, көшеттің сапасын жүйелеп, суын құйып, 54-60 пайызға дейін, одан қалды сексеуілді тамырымен егіп 70 пайыз өсім көрсеткішін аламыз, – дейді ол.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл екпелерін егу жұмыстарының іске асырылуын бақылау жөніндегі Респуб­ликалық штаб басшысының орынбасары, Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының бас директоры Ғазиз Әліби 2021-2023 жылдары атқарылған жұмыст­арға  тоқталған  еді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, 2021 жылы Арал теңізінің құрғаған табанындағы су қоры жерлерінен 500 мың гектар жер Арал орман мекемесінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне қосылып, 2023 жылдан бастап Арал теңізінің құрғаған табанындағы жаңадан қосылған жерлерде орман мелиорациялық жұмыстар жүргізіле бастады, – деді  ол.

Бүгінде климаттық жағдай өзгеріп, дауыл мен желдің жиілігі, күші артып келе жатыр. Желмен тасымалданатын тұз бен шаң Арал теңізіне іргелес аудандарға, өзге де аймақтарға және олардың тұрғындарына айтарлықтай зиян келтіреді. Жыл сайын Арал теңізінің құрғаған түбінен ауаға 100 миллион тоннадан астам тұз, шаң және құм ұшатыны анықталып  отыр.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: