Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тал егіп, табиғатты аялайық!

21.03.2023, 11:20 1183

АҚШ-тың 32-ші Президенті Франклин Рузвельт «Бір елдің өркениет дәрежесі өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» дегені бар-ды. Бұл – Рузвельттің ұрандатқан сөзі емес, елдіктің жолы, мемлекеттіліктің мұратын меңзегені. Біздің ата-бабаларымыз ағаш егу мәдениетін дәріптеп, ел болу жолында ағашты күтіп-баптаудың орнын ұрпағына ұғындырды.

Әлемде ағаш егу мәдениетін қалыптас­тыру мақсатында Халықаралық ағаш егу күнін  атап  өтеді. Тіпті, Лесото,  Уганда,  Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави тағы  басқа  елдердің  ағаш  егу  күні  бар.

Бізге тек  Наурыз  мейрамында  ағаш  егуді  кең  ауқымда  насихаттап, мейрам аясында ұрпағымызға  ағаш  егу  мәдениетін сіңіру қажет-ақ. Жылда облыс орталығында, кентте және ауылдық округтерде көшет отыр­ғызып жатады. Бірақ, оны уақытылы суару, күтіп-ұстау жағы кемшін болуда. Көшет егуге қоршаланған жерлерді арамшөп басып жатыр. Ал, есепте ол жерлерде «пәленбай ағаш  өсіп  тұр»  деп  көрсетіледі…

Бірақ, көгеріп кеткен көшеттер көп емес. Күзге жетпей сарғайып, өзегі талып, қурап қалады. Сосын көктемде қайта көшет егеді. Ақпарат құралына пәленше көшет отыр­ғызылды деп есеп береді. Жылда осы жағдай қайталанады. Шіркін, көшет егуді ұйымдас­тырушылар да, оны егетіндер де «былтыр осы жерге көшет отырғызған едік. Оның жайы  не  болды?» деп сұрамайды. Қызық, ә!

Міне, науқаншылдық дегеннің сорақысы осы. Бұл әдет-дағды бойға әбден сіңгені сонша, қоғамның барлық  саласында көрініс тапқанын көруге  болады.

Дегенмен, көшет отырғызуда ілкімді  істер де жоқ емес, бар. Мәселен, Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласын басқарған жылдары оңтүстік-шығыс жақтағы жолдың бойына су жинайтын қондырғылар жасап, ағаш отыр­ғызды. Жаңақорған, Шие­лі ауданынан келетін жолаушылар  құмның  үстінде жайқалған сая­лы  ағаштарды  көріп  өтеді.

Жаңақорған демекші, Руслан Рүс­темов басқарған жылдары «Батыс  Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық жолынан кентке кіреберіс негізгі көшенің екі жиегін қоршатып, саялы  ағаштар  ектірген-ді. Қазір сол аймақ жасыл  белдеуге  айнал­ды.

Мұндай  жақсы  дәстүр Хорасан  ата  мазараты маңында қалыптас­қан. Аудан тұрғын­дары  мен  баба  ұрпақтары жыл сайын ағаш көше­тін отырғызып келеді. 2013 жылы алғашқы көшет­тің бірін мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев отырғызды. 2014 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапар­баев талшыбықты жерге қондырды. Қазір тамырын тереңнен тартқан алма ағаш­тары жемісін беруде. Бүгінде бақшада 1500 жеміс ағашы бар. Олардың күтіміне мән берілген. Бүгінде Қызылқұмның үстіндегі  құм далада мәуелі ағаш­тары бой көтерген шырайлы  жерге  айналды.

Иә, баба басындағы бау-бақшада қоғам қайраткерлері, мәдениет саласы майталмандары еккен ағаш­тары жайқалып тұр. Атап айт­қанда, Дархан Мыңбай, Әлихан Бәйменов, Рүслан Рүстемов, Ержан Уәйіс, Досхан Жолжақсынов, Зинабдин Шермағамбетов, Мұза­раф Махмудов, Жамал Омарова және тағы басқа белгілі тұлғалар еккен ағашы жеміс беруде.

– Көктем мезгілі басталған соң адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі – ағаш егу жұмысына көңіл бөлу. Жалпы, баба басын­да ағаш егу мәдениеті қалып­тасып келеді. Жылда саялы және жеміс ағаштары отырғызылуда. Мұндай дәстүрді биыл жалғап, 23 наурыз­да баба басында ас беріп, 20 шырша және 300 жеміс ағашының көшетін отырғызамыз. Мұнда мың жылға дейін көгеретін шынар ағашы өсіп келеді, – деді қоғам белсендісі, Қожакент ауылдық округінің бұрынғы  әкімі  Асылбек  Айтжанов.

Осындайда Алла Елшісінің (ғ.а.с.) «Бір мұсыл­ман  бір  ағаш отырғызса немесе бір  нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі»  (Бұхари)  деген  ұлағаты  еске  түседі.

…Ағаш ексе, адамның күнәсі жеңілдейтіні жөнінде тағы бір аңыз бар.  Ертеде  бір  жігіт  түс көреді. Түсінде  әкесі шөл далада көлеңке  іздеп  жүріпті. Күннің  ыстығынан  табаны  күйіп, жанұшыра  айғай­лайды. Жігіт  шошып  оянады.  Ауыл  ішінде  жүз  жасаған қарияға  барып  түсін  жорытады.  Ол:

– Балам, әкеңнің қабіріне ағаш ек. Әкең қабірде ауырлық тартып жатыр. Ағаш күнәсін жеңілдетеді, – деп  жориды.

Бала ертесіне әкесінің моласына ағаш егеді. Оны күтіп, баптап өсіріпті. Бір күні тағы да түс көреді. Түсінде әкесі үлкен бір ағаштың көлеңкесі­нде  жатыр  екен.

«Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген сөз осы аңыздардан үлгі болып  жетіпті.

Ағаш отырғызу – сауапты іс ғана емес, табыс­тың көзі. Бүгінде Ресей өзінің орман-тундрасымен мақтанып қана қоймай, тұрақты табыстың көзіне айналдырды. Әлемдегі ең тұрақты мемлекет саналатын Финляндия қазба байлық ресурсымен мақтана алмайды. Есесіне, орман-ағашын баптап, табыстың көзіне  айналдыра  білді.

Қысқасы, тал егіп, табиғатты аялайық әрі байлыққа  айналдырайық!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: