Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда жасыл қалаға айнала ма?

15.02.2024, 11:00 202

Қызылорда жасыл желекке толы, көркейту-көгалдандыруы жолға қойылған шаһар болуға маңызды қадам басып отыр. Оның бір мысалы, «Жасыл Қызылорда» атты арнайы мекеме құрылды. Аты айтып тұрғандай, мақсаты да белгілі. Мекеме тікелей қаланы аяқ сумен қамтамасыз етумен және көгалдандырумен айналысады. Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов облыстағы экологиялық жағдайды ескере отырып, ағаш егуге де ғылыми көзқараспен қарау керегін айтып отыр. «Әуелі егілген ағаштарды күтіп-ұстау, одан соң жерсінген ағаштарды егу, ең соңында ғана сырттан көшет әкелген дұрыс» деп санайды. Ғылыми тұрғыда арнайы мамандардың кеңесін тыңдаған да артық етпейді. Сондықтан болар, қалаға тәжірибе алмасу үшін Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ және Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ мамандары шақыртылған болатын. Олар «Жасыл Қызылорданың» қызметкерлерімен тал егу, суландыру бойынша пікірлесіп, ақыл-кеңесімен бөлісті.

«ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ  ОРМАН  ПАТОЛОГИЯСЫН  АНЫҚТАУ  ҮШІН  КЕЛДІК»

– Қызылорда қаласы әкімдігінің шақыруымен арнайы келіп отырмыз. Іссапар мақсаты – қаланың жасыл желектерін, орман патологиясын анықтау. «Отырғызып жатқан ағаштардың келешектегі бағыты қалай жүруі керек?» деген сұраққа жауап береміз. Біз ғылыми тұрғыда, теорияны ғылыми нұсқаулықпен, кеңеспен өндіріске ұсыныс беруге дайынбыз, – дейді Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің жетек­шісі  Нұржан  Мұхамадиев.

Яғни, алдағы уақытта облыс орталығын көгалдандыру жұмыстары ғылыми тұрғыда негізделіп, жоспары жасалып, ауқымды жобалар жүзеге асады. Арнайы келген мамандар қаланың бірқатар аумағын аралап, талдарға жасалуы тиіс күтімдер бойынша зерделеу жүргіз­ді.

«КӨП МӘСЕЛЕДЕ ҒАЛЫМДАРМЕН ОЙЫМЫЗ БІР ЖЕРДЕН ШЫҒЫП ОТЫР»

– Биыл Қызылорда қаласын көгалдандыру мәселелерін шешу үшін «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылды. Қазір мекеменің жасақталуы, мамандармен, техникамен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр.

Бұған  дейін  «тендерден»  әртүрлі ЖШС жеңіп алып, олар кейде бірімен-бірі соттасып, қызметтің шала болуы ағаштардың  уақытылы  суарылмауына, қурауына, арықтардың  тазаланбауынан  су жүйелерінің  істен  шығуына  себеп  болды.

Мәселе көп, бір жылда шешілмейтін, қордаланып  қалғаны да жетерлік,  олар – суару  жүйе­лерін қалпына келтіру, бар талдарды күтіп-ұстау, молайту.

Алматыдан арнайы келген ғалымдар тобымен 2 сағат қаланы араладық, біз де өз білгенімізді айттық. Жалпы, көп мәселеде ғалымдармен ойымыз бір жерден шығып отыр. Суару жүйесі, жерсінген ағаштар егу, талдарды күтіп-ұстау, балақтап кесу, оған арнайы мамандар тобын оқыту, топырақты құнарландырып егу, био­өңдеу, бәрі-бәрі  үшін ғылымға  жүгіну керек.

Ғалымдар қаладағы талдарды инвентаризация, паспорттау, дендрологиялық жобасын жасаумен қатар, тал питомнигі керегін айтты. Бұл мәселеде біз көптен айтып келе жатқан ұсыныс  қабылданатын  шығар.

Мамандар  қалада  су  үнемдеуші  құбырмен  тамшылатып  суару  жүйесі басталғанын  да  жақсы  бастама  деді. Талдарды  биологиялық  өңдеу, басқа да мәселелер  сөз  болды, – дейді  табиғат жанашыры  Болат  Нұрқожаев.

«ҚАЛАНЫ  ЖАСЫЛ  ҚЫЗЫЛОРДА  ЕТЕ  АЛАМЫЗ»

Сондай-ақ, ол бұл жұмыстарға белгілі бір мекеме, әкімдік емес, қоғам болып атсалысудың маңызы зор екенін айтады. Және бұл процесс облыс бойынша жалғасуы қажет деп санайды.

– «Жасыл Қызылорда» мекемесінің жұмысы жолға қойылса, нәтижесін де көруге, қала­ны жасыл қылуға мүмкіндік бар. Бірақ, оған көпшілік болып атсалысуымыз қажет. Себебі оттегі, салқын самал, көлеңке, ол – денсаулық. Бұл жалғыз әкімдікке емес, ең бірінші өзімізге, яғни  бәрімізге  қажет!

Ең болмаса, үйіміздің алдына әр отбасы мүшесі­не 3 талдан егейік, оған күніне 1 шелек суды табуға болады, одан соң тек ауламызды емес, көшемізді  де  көгалдандырайық!  Сонда  5-7 жылда орман қылмасақ та, қаланы жасыл Қызыло­рда ете аламыз, – деп  сөзін  жалғас­тырды  ол.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Аңсар  Әмірхан (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: