Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Наурыз жаңару» экологиялық акциясы өтті

18.03.2023, 15:50 135

Ұлыстың ұлы күнін атап өту аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Асылбек Шаменов ел ағаларымен, белсенді жастармен бірге жаңадан ашылған «Достық» аллеясы жанындағы «Наурыз жаңару» экологиялық акциясына қатысты.

Аймақ басшысы Жаңа жыл толайым табыстармен басталғанын айтты. Ең бастысы, өңіріміздің өзегі – Сырдарияға жоғарыдан мол су түсті. Кіші Арал суға толып, халық молшылықтың берекесіне қуанды.

«Мемлекет басшысы «Бірге: Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізуге тапсырма берген. Соған сәйкес, жыл сайын облыс аумағында наурыз айының алғашқы онкүндігінен бастап тазалық, көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Халқымызда «Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның. Халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген дана сөз бар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу қажет» – деп, экологиялық ахуалды жақсартуға басымдық берген болатын. Өткен жылы облыс аумағында 160 мың түп ағаш отырғызылса, биыл 220 мың түп ағаш егуді жоспарлаудамыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шара барысында облыс әкімі жуырда Сырдария өзеніндегі мол судың өңір аумағынан қауіпсіз өтуіне белсенді атсалысқан жауапты мекеме қызметкерлеріне алғыс айтып, марапаттады.

Еске салсақ, биылдан бастап Сыр өңірінде экологиялық шараларға, көркейту көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына белсенді араласқан «Үздік аудан орталықтары», «Үздік ауылдар» және «Үздік мөлтек аудандар» конкурс арқылы анықталады. Аталған номинацияларға ие болған жеңімпаздарға арнайы көліктер мен түрлі құрал-жабдықтар табысталады.

Биыл Ұлыстың ұлы күнін атап өту аясында Сыр өңірінде 300-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Бейсенбі күні аймақ басшысы әуежайдың жаңа терминалының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, апатты тұрғын үй иелеріне жаңа пәтер кілттерін табыстады. Күні кеше орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Наурыз шапағаты» қайырымдылық науқанында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жинақтары таратылды. Ал бүгін облыс орталығы мен барлық аудандарда мерекелік ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өткізілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: