Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ағаш өсірудің тәсілі көп

10.11.2022, 9:20 523

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиет бізге сол ата-бабамыздан қалған. Қаламыз биік өскен ағаштармен көріктеніп, ол ағаштар қысқы аязды желден қорғап, ал жазғы күннің қатты ыстығында көлеңкелі салқын, таза ауасымен біздің ауыр экологиялық аймақта денсаулық үшін де аса пайдалы. Сондықтан ағаш өсіруді бәріміз де жақсы  білгеніміз  аса  қажет.

Бізге сырттан әкелінген ағаш көшет­терінен гөрі өзімізде өскен көшеттер өңіріміз табиғатына бе­йім­ді  болады. Қыс мезгілі, жетінші сынып­та оқып жүргенде ауылда қырық мыңдай тал-жиде ағашынан қаламша  кесіп, оны көктемде «Лесхозға»  тапсырып, одан  алған  ақшаға жаңа велосипед сатып алғанмын. Ағаш өсірудің тәсілі көп. Бірақ мен осы жалпы ағаштарға бірдей әрі сенімдірек өз тәжірибемді оқырмандарға  түсіндіргім  келеді.

Тал, терек, жиде, шынар, т.б. ағаш көшеттерін өсіру үшін әуелі қыс мезгілінде сол ағаш бұталарын диаметрі шамамен 8-15 мм, ұзындығы  25-30 см, ал жүзімнен  40 см етіп қаламша кесіледі. Жүзімді күзгі көмер кезде оның кесілген бұтақтарынан қаламша жасап алу керек. Сосын олардың 15-50 дана­сын жіппен бір буып, бәрі бірге жерге көміледі. Олардың ұшын жоғары қаратып, тік көрінбейтін етіп көміледі. Ол қаламшалар ылғалмен көктемде жер астында көгере бастайды. Яғни қаламшаны көгертіп  отырғызған  жөн. Сәуір айы­ның орта кездері ашып, бөртіп көгере бастаған  қаламшаны  қала­ған жерге дереу ұшы 3-5 сантиметр­дей  көрініп қиялай отырғызады. Ал, жүзім нәзіктеу болғандықтан, оған су құйып тұру керек. Тамыры ұзын таралған, кішкене көшет жақсы өседі. Ал, керісінше тамыры қысқа, сабағы ұзын болса, жерден нәр жетпе­ген ол көшет өспей қурап қалады. Мұндай жағдайда оған жерден нәр жетуі үшін ағаш көшетінің көп  мөлшері  кесіп  тасталады.

Көше бойында бір аулада жеміс­тері жайнап жетіліп, пісіп тұрған алмұрт ағашына қарап бір ақсақал кісі маған: «Бала шағымызда осы алмұрттан алғанымызда аула иесі өзбек кісі бізге тек шағын бұтасын сындырмаңдар дейтін» деді. Кім білсін, оған дейін ол ағаштың неше жыл өскенін және тағы неше жыл өсетінін? Бізде жеміс ағаштары көп жыл өспей, қурап қалады. Кейбір аула­да жерді сәл қазсаңыз, шіресіз таза құм шығады. Бірақ ерінбей құнарлы топырақпен ауыстырып көру қиын емес. Осылай етіп қара­ғай тәрізді қыста да жасыл түсті ағаштармен қаламызды безендіруге болады. Біздер жыл сайын ауламыз­ға жылы сырт өңірден әкелінген жеміс ағаштары көшеттерін қайта-қайта отырғызып, құр босқа шығынданамыз. Яғни  оның  біздің салқын өңірге бейімделуі қиындау болады. Сондықтан салқын жақ Белорус­сия мен Ресей жерінде өскен өрік, шабдалы, алмұрт, т.б. жеміс­терінің сүйектерін егіп көру керек. Ал, әкеліп еккен олардың жемісі біздің күрт континенттік климатта өте дәмді болуы анық. Сырттан әкелініп отырғызған көшеттерден гөрі сүйектерінен өсірілген жеміс ағаштары біздің ыстық пен суыққа тез бейімделуі мүмкін. Тағы бір тәсіл сүйектерінен өскен ағаштарды будандастыру  керек. Сонда  ол  ағаш  жемісінің  сапасы  артады.

Біздің ішкі нарықтың көп мөлшерін  сырттан келген жемістер жайлап, біздің тапқан біраз ақша сыртқа кетіп жатыр. Сондықтан, қолдан келгенше өз жемістерімізбен ішкі нарықты қорғасақ, қаржы қоры­мыздың ұлғаюына үлес болар еді. «Сыр елі – Алаштың анасы» деген атымызға лайық бізде жеміс мол, қаламыз  жасыл  желекпен  көркем және архитектуралық  әсем  болуы – ел  үшін  де  үлкен  абырой.

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: