Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

COVID-19. Қазақстандағы һәм әлемдегі ахуал

20.03.2020, 14:42 373

Қазақсанда COVID-19 коронавирустық инфекциясы алғаш рет 2020 жылдың 13 наурызында тіркелді: Олардың екеуі – Алматыда, біреуі – Нұр-Сұлтанда. Ал, 20 наурыз 08:30-дағы жағдай бойынша, Қазақстанда инфекция жұқтырғандар саны 49-ға жетті. Олардың 22-сі Алматыда, 25-і Нұр-Сұлтанда, тағы екі адам Қарағандыда тіркелген.

2020 жылдың 26 қаңтарынан бастап мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, оқу-жаттығулар өткізілді. Сонымен қатар, Қытайдан келген адамдарға медициналық бақылау жүргізілді.

Ал, елдегі дәріханаларда медициналық маскалар жетіспейтіні анықталды. Кейіннен масканы алдын ала сатып алған алыпсатарлар оларды қымбат бағамен сатқаны белгілі болды.

10 наурызда өткен баспасөз мәслихатында елдің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин математикалық модельдерге негізделген болжамдарға сәйкес, COVID-19 елде 11-16 наурыз аралығында пайда болуы мүмкін екенін айтты.

13 наурызда Алматыға Германиядан келген екі қазақстандықтан (1974 ж.т. ер адам және 1984 ж.т. әйел) коронавирустық инфекцияның белгілері анықталды. Науқастар жұқпалы аурулар емханасына жатқызылды. Коронавирус жұқтырған алғашқы адам Қазақстанға Германиядан 9 наурызда келді, екіншісі 12 наурызда жеке ұшақпен келген.

Сол күні вирустың үшінші және төртінші жағдайлары тіркелді. 12 наурызда тағы бір адам Нұр-Сұлтанға ұшып келген. Ол Миланнан келгеннен кейін анықталғандықтан, дереу карантинге алынды. Ал, төртінші – 1976 жылы туған ер адам. Ол Алматыға Германиядан келген, емдеу үшін ауруханаға түсті.

14 наурызда елде COVID-19 анықталған жағдайлардың саны алтыға жетті. 1958 жылы туған ер адам 10 наурызда Мәскеуден Алматыға ұшып келген. Екіншісі – Нұр Сұлтанға Варшавадан ұшып келген, ал оның алдында Германияда болған.

15 наурызда коронавирустың үш жаңа дерегі тіркелді. Ол 1959 жылғы әйел адам. Оның жолдасы оған дейін Алматыда жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған. Сегізінші пациент 1995 жылы туған ер адам. Ол 14 наурызда Сеул – Алматы рейсімен келген. Тоғызыншы адам – Қазақстанға Германиядан ұшып келген 2008 жылы туған қыз.

16 наурызда коронавирустың оныншы жағдайы туралы хабарланды. Ол – 1986 жылы туған әйел. 15 наурызда Стамбул-Алматы рейсі бойынша келген.

17 наурызда вирус жұқтырғандар саны 33-ке жетті. Олардың 18-і Нұр-Сұлтанда, 15-і Алматыда.

18 наурызда COVID-19 инфекциясының тағы үш жағдайы анықталып, Қазақстанда вирус жұқтырғандардың саны 36 адамға жетті.

Ал, 19 наурыз күні екі қалада коронавирус жұқтырғандар саны 44 болды.

20 наурыз күні коронавирус жұқтырған тағы 5 адам анықталып, барлығы 49 адам тіркелді. Бұл жолы Алматы мен Астанадан бөлек, екі адамның Қарағандыдан тіркелгені анықталды.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілетінін мәлімдеді. Ал, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланды.

Соңғы деректер бойынша, әлемде аталған вирусты жұқтырғандар саны 242 205-ке жеткен. Қайтыс болғандар – 9991 адам. Алғашқы бестікте Қытай – (80 928 адам), Италия – (41 035 адам), Иран – (18 407 адам), Испания – (17 963  адам), Германия – (15 320 адам) тіркелген.

Ал, бірнеше күн бұрын АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы сынақтары өткізілгені туралы ақпарат шықты. Сынаққа 45 ерікті қатысқан.

Ресей шетелдіктер үшін шекараны жапты. Елде вирус жұқтырғандар саны 199 адамға жетті. Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстан арасындағы халықаралық пойыз қатынасы 17 наурыздан бастап тоқтатылды.

Сондай-ақ, Қырғызстан да шекара бекетін жапты. Бүгінде Қырғызстанда 3 адамның вирус жұқтырғаны анықталды.

Иран коронавирус жағдайында 85 мыңға жуық тұтқынды босатты. Қазір елде 18 мыңнан астам адам вирус жұқтырған.

19 ақпан 2020 жыл, Бейжің уақытымен сағат 24:00-де жасалған есеп бойынша, ҚХР Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы ҚХР провинцисының 31 әкімшілік аумағында 74 576 жағдай тіркелгенін, оның ішінде 11 884 адам ауыр жағдайда, 2118 адам қайтыс болғанын, 16 155 адам емделгенін мәлімдеді. Оған қоса, Гонконг, Макао және Тайваньда 99 жағдай расталып, үш адам қайтыс болған. 3 адам емделген.

Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: