Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінде параға алған ақша ұнның арасында жасырылатын болған

07.02.2020, 14:14 1354

Дәл солай! Қайбір күні әлеуметтік желіде де, БАҚ-да да бір ақпарат пен бейнежазба елді елең еткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары Шығыс Қазақстан облысында лауазымды шенеуніктерді пара алды деген күдікпен ұстады. Заңсыз алынған ақшаның көлемі – 35 млн теңге. Олар әлгі ақшаны ұн салынған флягта жасырыпты, заңсыз табыстың бір бөлігін тергеушілер тінту кезінде қаптың ішінен тапқан. Аталмыш қызметтің мәліметінше, пара алды деп күдіктеліп жатқан тұлғалар ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мен облыс әкімі аппараты заң бөлімінің меңгерушісі екен. Олар Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке компанияға қамқорлық танытып, жәрдемдеспек болыпты. Ведомство үш адамның кінәлілік деңгейін сот органдары анықтайтынын да атап өтті.

Қош деңіз! Жегіқұртты жеңу мен нәпсіні тыю оңай болмай тұр. Қаншама адам шалыс қадам басып, құрыққа ілінсе де, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түрлі шаралар өтіп жатса да, одан сабақ алып отырғандар некен-саяқ. Әсіресе мемлекеттік қызметте, мемлекет пен халық сеніп отырған лауазымды тұлғалардың арасында. Жоғарыда айтылған жат әдетті оқиға сабақ болсын деді ме, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық-насихаттық штаб облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларының қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу, оған қарсы күресіп, болдырмау жолында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы кездесу өткізді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулық таратылып, түрлі сала қызметкерлерінің қатысуымен болған пара алу фактілері түсірілген тақырыптық бейнеролик көрсетілді.

Шарада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов сыбайластық мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде алдымен адам санасы тазармай, жемқорлықтың жолын кесу мүмкін еместігін, бұл ретте идеологиялық жұмыстың маңызы зор екенін айтты. Көрсетілген бейнеролик арқылы бұл жерде сала қызметкерлерін қорқыту мақсатында емес, осыдан ой түюге, сананы оятып, иманды арттыруға, жемқорлықтың түбі қорлық екенін әңгімеледі. Түрлі арандату мен мәжбүрлеуден сақтанып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді (салаға қатысты мемлекеттік сатып алу, субсидия бөлу, т.б.) атқаруда адалдық танытуды, жоғарыда айтылған шығысқазақстандық әріптестерінің әрекетін мысалға ала отырып, қоғамдық дертке қарсы күресте күш біріктіруге шақырды.

Басқосуда сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары С.Нұрымбетов пен ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов сала қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау және алдын алу мақсатында түсіндірмелік жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлық – сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: