Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Би» адам басынса, «аш» адам ашынады

01.06.2023, 11:40 188

Осы күні халықтың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап барады. Мұны өз сөзінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Азаматтардың тапқан табысының тең жартысынан көбі азық-түлікке кететіні шындық. Қымбатшылық «құрығын» күнде салып жатқан заманда солай бола береді  де.

«…Ел-жұрт басшыдан жүйелі жұмыс, қалтқысыз қызмет күтеді, басқа ештеңе емес. Бас ауыртатыны – баспана, жер алу, жұмысқа тұру, жол салу, жарық орнату, қоғамдық көлік, интернет байланысы, т.с.с. секілді мәселелер. Көпқабатты үйлер жыл сайын салынса да, пәтерден пәтерге жалданып, көшіп-қонып жүргендер көп. Жер кезегі бойынша 2005 жылы берілген арыздарды қанағаттандыра алмай  келеміз. Көшесінің мұң-мұқтажын  (жол, жарық) айту  үшін  бармаған  жері, баспаған тауы қалмағандарды кездестіреміз. Қаланың қақ ортасында тұрып интернет желісінің «жайбасарлығынан» жазбасын түзде жазып, әлеуметтік желіге жүктейтіндерді байқап жүрміз. Биліктегілердің жұмыссыздықпен қанша «күрессе» де жеңіліп қалғанын байқаймыз. Әсіресе, әлеуметтік желіде қоғамдық көлік мәселесі көп сыналады. Дегенмен, соңғы кездері бұл бағытта жұмыстар істеліп жатқанын көзіміз көріп отыр. Мұның бәрі де – мәселе. Бірақ, көпшіліктің негізгі  сұрайтыны – халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жақсарту, азық-түлік бағасын қолжетімді ету» деп бұған дейін «Желді күні» айғайлап жүргендейміз» атты мақаламызда жазған едік.

Дәл осыған алып-қосарымыз жоқ. Өйткені, айлығын шайлығына жұмсап жүрген жарлының жалынышты үні де, айғайлаған қатқыл дауысы да шығып жатыр. Еске салсақ, 26 мамыр күні әлеуметтік желіде қоқыс полигонына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы бейнежазба тараған еді. «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы қалдықтар 25 мамыр күні жойылғанын растады. Мұны «азық-түлік сақталғанда өз салмағын жоғалтады, ол табиғи өзін-өзі жоғалту деп есептеледі» деп түсіндірді. Әрине, қоқыс полигонына тасталған қап-қап көкөністердің жайы көпшіліктің ашу-ызасын тудыруы – заңдылық.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ қоқыс  полигонында  жойылуға  шығарылған көкөніс­тер  туралы  өз  пікірін  білдірді.

– Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге, көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады.

Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Өнім сатып алынып, сақталып, сатылғаннан кейін ол жерде жарамсыз қалдықтардың қалуы – заңды құбылыс. Бұл – тұрақтандыру қорында да, жеке  кәсіпкерде  де  болатын  жағдай.

Азық-түлікті сақтау кезінде ол өз салмағын жоғалтады. (Ресми атауы – табиғи өзін-өзі жоғалту – естественная убыль до 15%).  Оған да заңды нормативтер  белгіленген. Қоймадағы  тауарлар бұл бағыт бойынша талданып, ай сайын сараптамадан өткізіледі.

Көрсеткіштердің  барлығы белгіленген нормалар аясында жасалған. Жою алдында, жарамсыз көкөніс  тауарлары актіленіп, «Ұлттық  сараптау және сертификаттау  орта­лығы» акционерлік қоғамының сынақ хаттамасы  алынады.

Әрі қарай, қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің, «AMANAT» партиясының, Қызылорда қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен жою  жөнінде  шешім  қабылданады.

Жоғарыда атап өткенімдей, жарамсыз өнімдер іріктеліп, қалдықтары арнайы маман­дардың қорытындысы бойынша есептен шығары­лып, келісімшартқа сәйкес қоқыс поли­гонына  апарылады.

Жарамсыз өнімдер биылғы 25 мамыр күні жойылған еді. Желіде тараған жазбада сол процесс баяндалған, – дейді «Байқоңыр ӘКК» АҚ  экс-басқарма  төрағасы  С.Ерниязов.

Экс-басшы дейтініміздей бар. Апта басын­да Қызылорда облысының әкімі Нұрлы­бек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік ысырабына жол берген корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді. Аймақ басшысы бұл корпорация басшысының  қателігі  екенін, ысыраптың алдын алуға  болатынын  айтты.

– Самат Нұрахметұлы, шынында, бұл әре­кет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, маман­дарыңызбен бірге қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарас­тыру керек еді. Бұл жұмыс та істелмеген. 126 тонна өнім жарамсыз болғанша шірігенін күтіп, оны пайдаға асырудың балама жол­дарын  іздемегенсіздер! Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты  тиісті  деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды  көрсетеді. Елге жанашырлық таны­та алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Осы жағдайдан кейін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерния­зов қызме­тінен босатылып, облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары бас­қармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Онда да облыс әкімі Дүйсебаевтың  бұған  дейінгі  атқарған  жұмысын  ескерді,  әйтпесе  ол  да  лауазымынан босатылар  еді.

– Биылғы жылы көкөніс алдыңғы жылға қарағанда 3 есе артық сатып алынғанымен (1547,1 тонна), жою  көрсеткіші 3  есе  аз, яғни 9,2%-ды құрап отыр. Ол – алынған өнімнің  сапасы  қадағаланғанның талап­қа сәйкес  сақталғанының нәтижесі, – деді Талғат  Дүйсе­баев.

Аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, мән-жайы мұқият тексеріледі. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін  тиісті  ұсыныстар  әзірленуі  керек.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес азық-түлік тауарл­арының тізбесіне әлеуметтік маңызы бар  19 түрлі тауар енгізілген. 2023 жылғы күзгі  өнімнен 3 453,3 тонна ауыл шаруа­шылығы өнімін алдын ала ақы төлеу шартымен форвардтық сатып алу көлемі белгіленіп, тұрақтандыру  қорын  толықтыруға  901,6  млн  теңге   бағытталды.

Ашаршылық заманында түсірілген «Ұлы дала зары» атты кинофильмін тамашалаған шығарсыздар. Онда ел-жұрт азып-тозып, арып-ашып жатқанда қоймадағы азық-түлікті тышқандардың емін-еркін кеміріп жатқан эпизоды бар. Мына әрекет те соған ұқсап кеткен сияқты. Иә, шүкір, ашаршылық заманы емес, бірақ ел арасында әртүрлі жағдайда өмір сүріп жатқандар жетерлік. Әрі картоп қазақ үшін екінші нан іспеттес емес пе еді?! Обал-сауапты білмейтін басшылар, оны мақұлдайтын қосшылар бар кезде мұндай жағдай қайталана бере ме деп қорқасың…

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: