Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бес сомдық бала

11.03.2021, 10:30 451

– Мәскеуден пойызбен қайтып келе жатқанбыз. Сіңлім оқуға түскен. Вагон аралап әндетіп сығандар жүрді. Жолаушылардың бәрі әмияндарын тығып әлекке түсті. Әлгі сауық-сайраншылардың ішінде бір жастауының жүзі сынық көрінді. Құндақтаулы баласын сүлесоқ ұстап ілбіп кетіп бара жатты.

– Солар кеткен соң затыңнан айырылдың ба?

– Жоқ, олай емес. Сәлден соң тысқа шыққым келді. Дәретхана жабық екен. Бір түсініксіз тілде сол жақтан жоқтау сияқты дыбыстар үздігіп-үздігіп шығып жатты. «Е, біреуді қинап жатыр-ау» деп, ағашты тамырымен жұлып алатын күшті қатынмын, есікті пәт-пәрменмен тартып қалдым, ілгегі сынды, ашылды…

– Содан қызық?

– Бағана жүзі сынық деген жас келіншек терезені ашып, баланы лақтырайын деп жатыр екен!

– Не дейді, құрсын?!

– Эй, женщина, ты что с ума сошла?! – деп қолынан баланы тартып алдым.

– Ол не деді?

– Сөзінен әзер ұққаным: бұл өзге нәсілмен көңіл жарастырып, бала тапқан, сосын мұны сығандар табордан шеттеткен, енді бұл келіншек не бас ауған жаққа баласымен кетуі керек не болмаса баланы тастап, өздерінің дөкейлерінен кешірім сұрап, қайта қосылуы керек екен.

– Ол таборына қосылғысы кеп тұр ғой шамасы…

– Иә, тым жас еді байғұс.

– Сосын?

– Төлтай екеуміздің тұрмыс құрғанымызға төрт жыл болған. Бір шақалаққа зар болып жүргенбіз. Ал, мынау ұл бала, не де болса осыны асыраймын деп іштей тас түйін шешіп қойдым.

– Ойбай, сығанның баласын ба?

– Таза сыған емес қой енді…

– Құрсын, қырық сідіктен пайда болғанды ма?

– Сен бала аңсаған ананың сезімін түсінбейсің, жастай қосылған байыңнан топырлатып бірінен соң бірін туған соң, қайдан түсінесің менің сол кездегі жайымды!

– ііі…

– Қысқасы, баланы әлгі сыған қатын менің алатыныма толық көз жеткізген соң саудалауға көшті. Ышқырыма байлаған түйіншектен 5 сом шығарып, қолына ұстатып, «енді мені ұмыт!» дедім.

– Мәссаған!…

– Қысқасы, байды көндірдім, бірақ, сығанның баласы екенін айтпадым. Айтпақшы, әлгі балаға Марат деп ат қойдық. Ол кезде Төлтайдың жұмысы ауысып, басқа қалаға көштік. Баланың құжаттарын реттеп, көңіл демдеп, жүріп жаттық. Әлгі бала майкөтен болып, екі жылдан соң қыздарды бірінен соң бірін дүниеге әкелдік. Өмір өтіп жатты. Балалар өсіп жатты. Жұрттың балалары есік алдында ойнаса, Марат тым алыс кететін үй жақтан. Көршілер «осы ұлдарың археолог болатын шығар, шалғай жүргенді ұнатады» деп әзілдейтін. Мараттың мектеп бітіруге шақ қалған кезі еді. Бір күні кешке балалар үйге келмеді. Іздемеген жеріміз жоқ, ойламаған нәрсеміз жоқ, ұйқы да, күлкі де жоқ. Таң ата оларды автобус шопыры Есет тауыпты. Қарасам, қызымды жамылғыға салып әкеле жатыр. Шошып кеттім. Аяғы сынған деді ме, есімде жоқ, басыма қаным шауып кетті. «Ойбай, ойбай, оңбаған Марат сыған ғой осыны істеп жүрген, қайдан ғана сені алдым, сығанның баласы екеніңді біле тұра алдым ғой, мені өлтіретін адам жоқ! Бақандай 5 сомға сатып алғанымды-ай! Қызымнан айырылып қалмасам екен ойбай!» деп жоқтап, қарғысты жаудырып, аузымнан ақ ит пен көк ит кіріп-шыққан қысқасы. Бір қарасам, Маратым сөмкесін асынып кетіп бара жатты. Байым оны тоқтатпақ болған, мен енді оған ұрыстым, «қызыңның аяғы сынып жатыр, сен қайдағы сығанды тоқтатып!» деп…

– Ойбүй, бүлдірдім де…

– Иә, күйгелек қатынмын ғой, ауызға ие бола алмадым. Қыздарым білді. Сол балаға өмірге өзім туған қыздарым келген соң суи бастаған едім, шынымды айтсам… Енді міне, неше жылғы құпияның беті ашылды. Қызымның тобығы шыққан екен, салдырдық, бір аптадан соң жақсы боп кетті. Ал, Мараттан хабар жоқ. Бір айдан соң келіп, «анашым, рақмет, бағып-қаққаныңа, мен енді мазаламайын, жатақхана таптым, сонда тұрам», – деді. «Кетсең қайтып келме!», – дедім түрім сұстанып.

– Баланың көңіліне қаяу салдым де…

– Қазір «иә» деп жауап беремін, бірақ, сол кезде ішімнен кеткенін қолай көріп тұрдым. Және Төлтайдың оған көмектесетінін де білетінмін. Талай рет қызғанып, тілдеп тастайтынмын. Не керек, байымның да әбден мазасы қашты. Ол ұлын жақсы көретін. Бөліп-жарған емес. Марат кеткелі үйімізден береке де кетті. Төлтай бір емес, екі рет жүрек талмасына шалдығып, ақыры екі жылдан соң бақилық болды. Сол кезде барып өзімді қабырғасы жоқ тамның ішінде қалғандай сезіндім. Қыздарды қатарынан кем қылмау үшін істемеген жұмысым жоқ. Перронда саудада жүрдім, қысы-жазы базарда отырдым, дәретхана да жудым. Бір қызым институтты бітірмей Түркменстанға күйеуге шығып кетті. Туған деген атым бар, бірақ, содан бері көргенім жоқ. Екіншім ауылдың жігітіне тұрмысқа шықты, сығарға биті жоқ, әбіржіп жүр, білмеймін, берекелері жоқ әйтеуір. Ал, Төлтайдың басын қарайтуға менде қаржы да, қайрат та жоқ еді. Бір күні түсімде Төлтайымды көрдім, күлімдеп, басымнан сипады да, әрірек барып тұрды, қолымды созып едім, ғайып болды. «Қой, тым болмаса бейітіне зиярат қылайын» деп сол күні таксимен бардым. Өз көзіме өзім сене алар емеспін, бейіт қоршалып, мрамордан құлпытасы қойылып, «Әке! Мәңгілік жүрегіміздесіз! Белгі қоюшы ұлың Марат, қыздарың және жұбайың» делініпті. О, тоба! Және жан-жағы таза, бейітке кісі жиі келетіндігі сезіліп тұр. Бетім ду ете қалды. Қатыны – мен, неше жылдан соң ат ізін енді салып тұрмын. Ішім қан жылады. Мұнымен де мен көрген таң-тамаша оқиғалар тоқтамады…

– Тағы не көрдің?

– Дел-сал болып үйге ілбіп келе жатсам, алдымнан бір жас жігіт күтіп алды.

– Марат па?

– Жоқ, курьермін деді. Екі қорап затты кіргізді.

– Не екен?

– Ас-ауқаттың бәрі бар. Одан бөлек, қымбат жаулық, қамзол және конвертте ақша бар екен. Ішінде теңгеден бөлек, сәбетский 5 рубль де жүр. Жүрегім шым ете қалды. Курьер Мараттан екенін айтты да тез шығып кетті.

– Маратты сағынған жоқсың ба?

– …

– Құрдас, сол ақшаға осы санаторийге келіп отырсың ғой, сірә?

– Жоқ, жолдаманы Марат курьерден беріп жіберген, такси де жалдап қойған…

– Енді? Байқаймын, қыздарыңнан қайран жоқ, Маратпен араласып, табыссаңшы!

– Олай ете алмаймын-ау…

– Неге?

– Мен оны әлдеқашан жүрегімнен шығарып тастағанмын.

– Жаныңа жалау болып жүгіріп жүр, енді не керек?

– Жоқ, бәрі бұрынғысынша қала берсін…

Таяғына сүйене орнынан тұрған әйел етек-жеңін жөндеп, «массаж» деген бөлмеге еніп кетті…

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: