Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баяғыда  жеті  қыз  ұзатылғалы  тұр  екен… немесе  неге  «көке»  керек?

30.07.2026, 7:20 25

Тау көтерген Толағай деп сомдайтын сымбаты мен қайраты келіскен бір жігіт қалыңдық таңдап, той болғалы тұрған елге келіпті. Ән шырқалып, жігіттің сұлтанына сай ер-азамат келді дегенді естіп, әлгі жеті қыз ортаға шығып, өздерін көрсете бастапты. Бәрі жаңа да жарқыраған киім киген, иіліп, керілген керімдер жақсы сөйлеп, жақсы билеп, жақсы көрінуге тырысып бағыпты. Жеті қыздың қайсысын таңдарын білмей жігіттің басы қатыпты. Сонда әлгі жеті қыз «бай-дәулетің жетіп тұр дейді жұрт сені, жетеумізді де қалыңдық етсең қайтеді?» депті. Жетеуін қимай, қипалақтап тұрып қалған жігіт ақырында ақыл айтар ақсақал іздеп, басы ауған жаққа аттаныпты…

Дігідік-дігідік деп әлі шауып жүрген көрінеді…

Әлгі жеті қыздай біздің елде жеті партия жасанып, таранып, сайлауға сай отыр. Кездесу, плакат ілу, түрлі акциялар сынды сайлауалды «дігідіктер» бастау алды.

Жеті партияға менің ойымша, «көке» керек.

Қандай «көке»? Мынадай:

К – креативтілік (есіктен-есікке дегеннің тізесі шықты әбден).

Ө – өзгеріс жасай білу, өжеттік (барды бар, жоқты жоқ деп айта білу, ахуалды бағалай білу, елдің ішіне ену, табалдырықтан аттамастан аттанбай).

К – кеңесу, келісу! Кіммен? Халықпен! (кеңеспесе, қисынсыз  заңдар қабылданып, дүрдараз  болады).

Е – елдік мүддені бірінші орынға қою!!!

Цирк  жасаудың  қажеті  жоқ! Мемлекет  басшысы  «мықтылардың мықтысы  Құрылтайдың  құрамында болуы  тиіс»  деді.  Сондықтан  партиялар да  електен  ең, ең  деген  тұлғаларды өткізгендері  абзал  екенін  ұққан  шығар (?).

Ең қызығы – әлгі жеті партияның қатысуымен теледебат. Сол теледебатта олардың елдегі жағдайды қаншалықты білетіні белгілі болмақ, онымен қоса, өзекті мәселелерді қалай, қайтіп шешетіндерін шешендік сөзбен емес, нақты әрекет алгоритмін ұсына отырып көз жеткізулері керек.

Міне, ел алдында сол емтихан сынды теледебатта конструктивті, жүйелі, көкейге қонымды ұтқыр ұсыныстарымен оқ бойы оза шапқандарын халық таңдар еді.

Сайлау күні бекітілді.

Ендігі  кезекте  халық  осы  мемлекеттің одан әрі өсіп-өркендеуіне мүдделі саяси ұйымдарға өз дауысын берер. Елге  Құрылтайға  барып құр отырып  кететіндер  емес, елдік  мүдде үшін  тұрып  беретіндер, оң  өзгеріс енгізетіндер  керек!

Айнұр  ТҰҢҒЫШБАЕВА,

журналист.

Коллаж: Ашық дереккөздер арқылы дайындаған А.Құрманқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: