Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағына ие болған Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Алтай Үсенұлын арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Қабылдау барысында аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, ақпарат саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен Алтай Үсенұлының кәсіби қызметіне ризашылығын білдірді.
– Журналистика – қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір. Елдің тыныс-тіршілігін халыққа шынайы жеткізіп, ұлттық құндылықтарды насихаттап, өскелең ұрпаққа өнеге болатын қаламгерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы – Сіздің көпжылдық адал еңбегіңіздің, кәсіби біліктілігіңіз бен елге сіңірген қызметіңіздің заңды жемісі. Бұл – тек жеке жетістік емес, аудан журналистикасының да мерейі, – деді аудан әкімі.
Жиында аудандық мәслихатының төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыс пен зор денсаулық тіледі.
Жиын соңында Алтай Үсенұлы көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына және аудан жұртшылығына алғысын білдіріп, журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен ел бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталды.
Айта кетсек, Алтай Үсенұлы – бұқаралық ақпарат құралдары саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі журналист, ақын, қаламгер. Ұзақ жылдар аудандық «Қармақшы таңы» газетінде қызмет атқарып, ширек ғасырдан астам уақыт бас редактор болды. Шығармашылық еңбектерінің негізінде бірнеше жыр жинақтары жарық көріп, өлеңдері қырғыз және татар тілдеріне аударылған. Журналистика мен әдебиет саласындағы жемісті еңбегі, өңірдің қоғамдық-рухани дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін биыл Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрметті атағына ие болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!