Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды

05.09.2023, 16:25 373

HALYQLINE.KZ

Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті, деп жазады Ақорда сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан тамашалады.

Әскери әдіс-тәсілдер көрсетер алдында Мемлекет басшысына генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев қорғаныс операциясы кезіндегі Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әрекеті жөнінде баяндады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.

Ал Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.

Қарулы Күштердің Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.

Атап айтқанда, Әскери-теңіз күштері авиацияның және Арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды.

***

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс – 2023» оқу-жаттығу жиыны өтетін жерге келген соң Бас штабтың алдыңғы шептегі басқару пунктін аралап көріп, шұғыл кеңес өткізді.

Бас штабтың бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов жалпы ахуал жөнінде баяндады. Содан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бейнебайланыс режимінде еліміздің қорғаныс әлеуетін арттыру үшін әзірленген шаралар туралы баяндама жасады.

Ал әскер түрлерінің бас қолбасшылары және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, сондай-ақ Абай облысының әкімі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы өздеріне сеніп тапсырылған аумақтағы жүктелген міндеттердің орындалу барысы жөнінде баяндады.

Кеңес барысында Президент армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз ету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайтудың маңыздылығына назар аударды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: