Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Әшірбаев 52 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының «Ленин жолы» ұжымшарында дүниеге келген.
1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Сол жылдан бастап аталған білім ордасында қызмет атқарып, журналистика саласында елеулі еңбек етті.
– Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы марқұмның туған-туысқандары мен жақындарына, қалың оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады, – делінген хабарламада.
Бекжан Әшірбаев әр жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың республикалық «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Azamat.kz» қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының бірінші орынбасары, «Ел мен Жер» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Ақынның топтама өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас қазақ үні», «Azamat.kz», «Парасат» басылымдарында жарық көрді.
2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыс аясында оның «Қоңыр әуен» өлеңдер кітабы жарық көрді. Сондай-ақ ол өзге де жыр жинақтарының авторы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!