Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аптап неге күшейді?

20.06.2026, 11:00 32

Аптап ыстық бұрын жаздың қалыпты құбылысы саналатын. Бүгінде жағдай өзгерді. Климаттың өзгеруі салдарынан жоғары температура денсаулыққа ғана емес, энергетикаға, ауыл шаруашылығына, су ресурстарына және экономикаға әсер ететін жаһандық қауіпке айналды.

Мұны соңғы жылдардағы оқиғалар дәлелдеп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Еуропада соңғы төрт жылда аптап ыстықтан 200 мыңнан астам адам көз жұмған. Биыл Францияда өзен суының шамадан тыс жылынуына байланысты бірнеше атом реакторының жұмысы уақытша шектелсе, Германияда аптаптың экономикаға тигізетін шығыны мемлекеттік деңгейде талқылана бастады.

Қазақстан да бұл үдерістен тыс емес. «Қазгидрометтің» болжамынша, алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Қалыптан тыс ыстықтың себебі неде? Оның денсаулыққа, экономикаға және су қауіпсіздігіне ықпалы қандай? Әлемнің бүгінгі тәжірибесі Қазақстанға қандай сабақ береді?

«Қазгидромет» РМК Климаттық зерттеулер басқармасының мәліметінше, 1976 жылдан бері Қазақстандағы орташа жылдық ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,4 градусқа көтерілген.

– Бұл жаһандық орташа көрсеткіштен жоғары. Әсіресе көктем айлары жылдам жылып келеді. Кей өңірлерде көктемгі ауа температурасы әр он жыл сайын 0,9 градусқа дейін артқан, – дейді мамандар.

Бұл үрдіс соңғы жылдардың дерегінен де анық көрінеді. Өткен жыл Қазақстандағы бақылау тарихындағы ең жылы жыл болды. Орташа жылдық температура климаттық нормадан 2,9 градусқа жоғары тіркелді. Сонымен қатар еліміздегі ең жылы он жылдың тоғызы XXI ғасырға тиесілі.

Дегенмен биылғы аптапқа тек жаһандық жылыну ғана себеп емес. «Қазгидромет» мәліметінше, қазір Қазақстан аумағына Ираннан ыстық әрі құрғақ ауа массасы келіп жатыр.

– Соның әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден айтарлықтай жоғары болып тұр, – делінген мекеме ақпаратында.

Яғни бүгінгі аптап екі фактордың тоғысуынан күшейіп отыр. Ол – ұзақ жылдар бойы жалғасқан климаттың жылынуы және оңтүстіктен келген ыстық ауа массасы.

Неден сақтану керек?

Аптаптың алғашқы әрі ең үлкен соққысы адам денсаулығына тиеді. Температура көтерілген сайын ағза қалыпты қызметін сақтау үшін көбірек күш жұмсайды.

Дәрігер-терапевт Нұргүл Исинаның айтуынша, аптаптың алғашқы белгілері көбіне ағзаның сусыздануынан басталады. Кейін күн өтуі, дене қызуының көтерілуі, қан қысымының ауытқуы байқалып, жүрек-қан тамырлары аурулары асқынады. Сонымен қатар бүйрек қызметі әлсіреп, созылмалы дерттер қайта қозуы мүмкін.

– Ауыр жағдайда адам есінен танып, құрысуы мүмкін. Егер уақытында медициналық көмек көрсетілмесе, бірнеше ағзаның қызметі бұзылып, өмірге қауіп төнеді, – дейді дәрігер.

Аптаптың әсері бәріне бірдей емес. Ең алдымен бес жасқа дейінгі балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар азаматтар қауіп тобына кіреді. Сондай-ақ құрылысшылар, жол жөндеушілер, егін және мал шаруашылығында еңбек ететіндер, ашық аспан астында жұмыс істейтін барлық маман ерекше сақ болғаны жөн.

Қазақстанда ыстық өтуі мен сусыздану белгілері бойынша медициналық көмекке жүгінгендер тіркеледі. Алайда бұл көрсеткіштер әзірге жеке статистика ретінде жарияланбайды. Сондықтан аптаптың халық денсаулығына нақты әсерін толық бағалау қиын.

Дәрігердің айтуынша, күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында ұзақ уақыт далада болмаған дұрыс. Жеткілікті су ішіп, ашық түсті, жеңіл киім киген жөн.

Климат ауысып жатыр ма?

Аптап ыстықтың жиілеуі – Қазақстандағы климаттық өзгерістердің бір ғана көрінісі.

IPCC-тің 2023 жылғы бағалау есебінде Орталық Азиядағы жылыну әлемдік орташа көрсеткіштен жылдам жүріп жатқаны, ал Қазақстан климат өзгерісіне ең осал өңірлердің бірі екені айтылған.

Ғалымдардың пікірінше, негізгі себеп – атмосферада көмірқышқыл газы, метан және азот тотығы сияқты парниктік газдардың көбеюі. Қазақстанда бұл үрдіске көмір энергетикасының басымдығы, су ресурстарын тиімсіз пайдалану, урбанизация және топырақтың тозуы да ықпал етіп отыр.

Қазірдің өзінде елімізде орташа жылдық температура шамамен 2 градусқа өсті. Іле Алатауындағы мұздықтар қарқынды еріп, Ертіс, Іле және Сырдария өзендеріндегі су көлемі азайып келеді. БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының мәліметіне сәйкес, Қазақстан аумағының шамамен 66 пайызы шөлейттену қаупіне ұшыраған.

Өңірлердегі жағдай да әртүрлі. Оңтүстікте құрғақшылық пен су тапшылығы күшейіп келеді. Солтүстікте ауа райының құбылмалылығы егіншілікке қауіп төндірсе, батыста тұщы су мәселесі ушығып, Каспий экожүйесі өзгеруде. Ал шығыста мұздықтардың азаюы болашақтағы су қауіпсіздігіне әсер етіп отыр.

Климатпен күрес

Климатпен күрес мақсатында 2015 жылы Париж келісімі қабылданды. Ол кезде бұл құжат халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде бағаланған болатын.

Алайда арада он жыл өткенде жарияланған мақсаттарға жету күткеннен әлдеқайда қиын екені белгілі болды. Өткен жылы жаһандық температураның өсуі 1,6 градусқа жетті. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мәліметінше, 2015–2025 жылдар бақылау тарихындағы ең ыстық онжылдық болды.

Әлем елдері көміртегі шығарындыларын азайту үшін жаңартылатын энергия көздерін дамытып, көміртегі нарығы мен көміртегі салығын енгізуге тырысып жатыр. Алайда геосаяси қайшылықтар, ортақ халықаралық ереженің жоқтығы және мемлекеттер арасындағы сенім тапшылығы процесті баяулатып отыр.

Соған қарамастан климаттық саясаттан ешбір мемлекет толық бас тартқан жоқ. Қазақстан да 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп, жаңартылатын энергетиканы дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

Бүгінде климаттың өзгеруін толық тоқтату мүмкін емес екені белгілі. Бірақ оның салдарын азайтуға болады. Ол үшін энергетика мен су саясатын қайта қарау, қалаларды жаңа климаттық жағдайға бейімдеу және экономиканы ұзақмерзімді өзгерістерге дайындау қажет. Қазақстан үшін бұл енді болашақтың емес, бүгіннен басталуы тиіс міндет.

М.Серікболқызы

Фото: Liter.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: