Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аңызы – халық жүрегінде, ақиқаты – ерлік дастанында

07.05.2020, 11:00 2860

Бүгін, 7 мамыр – тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді кірпік ілмей күзеткен,­ тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың қорғаны, айбынды әскеріміздің қатарын толықтырған Отан қорғаушылар күні. Бұл күн – еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденіп, келешегіне күмәнді оймен қарамауға сенім беретін күн. 1992 жылдың­ 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достас­тығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланы­сты  ҚР  Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық­ бойынша, Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде­ Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Содан бері ел президентіне ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбас­шысы міндеті де қатар жүктеліп келеді. Егемендік алғалы елімізде алғаш рет өз құрыш қалқанын көрсетіп, Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан  «7 мамыр – Отан  қорғаушылар  күні» деп жарияланды. Ал іле-шала сайын даланың сұрапыл соғысын­да Отанын жау шебінен қорғауда жан алысып, жан берісіп, сүйіншілеткен  «9 мамыр – Жеңіс күні».

Еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жастарының басын қосатын­ әскер қатарындағы айбынды жастарға әрқашан зор сенім артамыз. Тіпті, жыл сайын дәстүрлі түрде «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өтеді. Ол алаңда еліне қызмет етуге ант беріп, сертіне адалдық танытуға қадам басқан­ елдің болашақ қорғандары жиналады. Одан бөлек, Қазақстан жастарының отаншылдық рухын, қоғамдық құндылығын арттыра түсетін «Жас сарбаз» респуб­ликалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы­ құрылды. Онда 200 мыңға жуық бала ел өміріне белсенді араласып, азаматтық-қоғамдық дамуына бағытталған игі жұмыстар арқылы тәрбиеленуде.

Жаһандық державалардың әлеуеті әскери қуатымен бағаланатынын ескеріп­, «Global Fireрower» халықаралық кеңсесінің мәліметтерін бір шолып шықтық. 2020 жылға арналған рейтинг нәтижесінде Қазақстанның әскери қуаты дүниежүзінің 138 мемлекетінің ішінен 63-орынды иеленген. Алғашқы үштік тізімін АҚШ, Ресей және Қытай бастап тұр. Айта кетерлігі, бұл үш мемлеке­т те соңғы 15 жыл ішінде өз орындарын сақтап тұр. Ал ТМД елдерінің ішінде алдымызға Ресейден бөлек, Украина, Өзбекстан және Беларусь елі шыққан. Қазақстан әуе қатынасының жалпы күші жағынан – 45, танктер жөнінен 29-орында екен. Заман ақпарат пен технологиялардың дамуына жол беріп тұрған шақта көштің ортасында тұрғанымыз да – бір абырой. Өзімізден кейінгі орындарға ие болған 75 мемлекетпен емес, алдымызға түсіп тұрған елдермен теңесуге ұмтылып, бәсі биік белестерді сол құрыш қалқанымызбен жеңуге тиіспіз. Бүгінгі ұрпақ озық ойлы, парасат-пайымы жоғары, ұшқыр қиялға қанат бітірген жалынды жастар екенін білеміз. Сондықтан ұлттық құндылығымызға  алаңдамай, келешекке  кәміл  сенім  артуымызға  мүмкіндік мол.

Ал тарих парақтарының тарам-тарам тарауы мен тармағында мәңгі сақ­талатын таңба бар. Ол – ХХ ғасыр табалдырығында қалып кеткен 40-жылдардың қасірет-қайғысы һәм ғасырлар мұрасы саналатын туған топырағын жаудан қорғау үшін шайқасқан отты жылдар. Қасірет-қайғысы деп те айтуымыздың себебі бар, өйткені сайын дала төскейіне егелік ету үшін ержүрек жауынге­рлер ерлік үлгісін көрсетті. Уақыт бедерінде «1941-1945 жылдар» деп көрсетілген оқ пен оттың арпалысы әке-шешені жалғызынан, жетімді асырау­шы­сынан, ұл мен қызды әкеден, қарындасты ағадан, ағаны іні-қарындастан, ең азаптысы, ана мен баланы мейірім жылуынан айырған еді. Айтар дат та көп, жабық тақырыптар да жеткілікті. Алайда, ең абзалы – батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышанын көрсеткен ержүрек майдан­герлердің рухына тағзым ету. Отан үшін кеудесін от пен оққа тосқан жауынгерлер рухының жігерлілігі ұрпақ жады мен тарих томдарында өшпестей сақтау­лы. Ұлан-ғайыр атыраптың аспанында құспен қатар ұшқан оқтан, желмен­ жарыса атқыланған зеңбіректен төнген ажалдан аман қалған жауынгерлер саны тым сиреді. «Екінші дүниежүзілік соғыс» атауымен жаңғырып естілет­ін сол жылдар аралығында майдан ортасына КСРО-дан аттанған 1 миллион 366 мың сарбаздың тең жартысы қайта айналып келмейтінін, әйелінің жесір, баласының жетім қалып, ана көзінің суалып, әке жүрегінің езілерін ешкім де болжамаған еді. Талай адамның тағдыры кескілескен ұрыс дала­сында қиылып, туған өлкесінен бір уыс топырақ бұйырмағаны өкінішті-ақ! Енді біріне жүрегін жалын шарпып, кеудесін оқ тесіп, қол-аяғын снаряд жұлса да жамағатымен қайта қауышуға тағдыр мүмкіндік берді. Өйткені, бұл – «Жеңіс!». Арада 75 жыл уақыт сырғып өтсе де, сәбиін мінгізетін иығына қару асынып, жар құшақтайтын құшағына оқ қыстырған күндерін санадан өшіру мүмкін емес…  «Аттандап»  барып, ақжолтай хабар жеткізген соғыс майдангерлеріне құрмет, қыршыннан қиылғандардың  рухына  тағзым  ететін  Жеңіске  биыл 75  жыл…

Бүгінде арамызда жеңіс жалауы желбірегенше ұрыс даласынан шегінбеген қызылордалық 16 ҰОС ардагері бар. Оларға биыл 1 миллион 111 мың теңгеден­ сыйақы  беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, тылда тынбай еңбек еткендерге 100 мың теңгеден үлестіріледі. Жеңіс туын желбіретуге атсалысқан 4335 қызыл­ордалыққа  біржолғы  әлеуметтік көмек көрсету үшін  жергілікті  бюджеттен  452 миллион теңге қаралған. Жеңімпаз буын өкілдеріне отандық қолдаумен қатар Ресейдің қоғамдық ұйымы тарапынан 75 мың рубль берілмек. Сұрапыл, зұлматты соғысты өткергендер мен оған теңестірілген азаматтар «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан тағы 50 мың теңге алады. Отан үшін отқа түсіп және еселі еңбегімен елеулі үлес қосқан 4335 арадагерге қаржылай көмектен бөлек Жеңістің 75 жылдығына арналған арнайы медаль табысталады. Жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәлі­метіне­ сүйенсек, Ұлы Отан соғысы кезінде қажырлы еңбек еткен КСРО орденде­рімен марапатталған кісілерге қосымша 83500 теңге қаржы төленеді. Қазір төлемнің барлығы 15 сәуірден бастап жасалынды. Қаржылар ардагерлердің жеке есепшоттарына түсті және игерілуде.

Сондай-ақ, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының мәлімдеуін­ше, Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай «Сыр Шаңырағы» «Уoutube» каналында «Ел ертеңі – жас ұлан» атты әскери патриоттық концерті, «Сыр елінің қаһарман ұлдары» атты облыс музейлері мен кітапханаларында тақырыпт­ық виртуалды көрмелер, жас сарбаздардың «Мен әскердемін» видеоче­лленджі өткізіледі. Жеңіс күніне орай БАҚ-та, әлеуметтік желілерде «Мен батырдың ұрпағымын», «Отан қорғаушылар күні» тақырыптарында айдарл­ар ашылады. Сонымен қатар, «Сыр елім менің, жыр елім менің» атты мерекелік концерт және Сыр өңірі өнер жұлдыздары мерекелік бейне­құттықтау жолдайды. «Сыр өңірі Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты виртуалды­ тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылып, Сейтмұрат Ембергеновтің «Ана жүрегі» атты онлайн спектаклі сахналанады. Сондай-ақ, «Сыр Шаңырағы» «Уoutube» каналында «Жеңіске рух берген әндер» атты патриоттық әндер байқауы, «Майдан даласында жазылған хаттар Сыр мақамында» атты облыстық жыршы-термешілердің концертін тамашалауға мүмкіндік бар.

Жылдағы жазылмаған дәстүрге сай Жеңіс күні көпшілікпен бірге өтпегені­мен, тиісті шаралар атқарылып, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне тиісті дәрежеде  құрмет  көрсетіледі. Ерен  ерліктің  үлгісін сұм ажалмен бетпе-бет келіп көрсеткен майдангерлер еңбегі мен есімі де ұмытылмақ емес. Аңызы – халық жүрегінде, ақиқаты – өшпес ерлік дастанында.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: