Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған жер берудің жаңа әдісіне көшті

26.11.2021, 12:35 100 0

Жаңақорған ауданында  ауызсу мәселесінің көтерілгеніне көп болды. Біржақты болатын да уақыты таяды. Бұл тұрғыда аудан басшысы Руслан Рүстемұлының өзі қарқынды жұмыс істеп жатқандығын облыс тілшілеріне берген брифингте мәлімдеді. Бұдан бөлек газдандыру, жер мен өндіріс көлемінің азаюы мәселелері де сөз болды. Бүйірден қысқан бүкіләлемдік пандемия, қуаңшылық пен қымбатшылыққа қарамастан дамудың даңғыл жолын іздеген Жаңақорған ауданы басшылығы қиындықтарды еңсеріп, елге жағдай жасаймыз деп уәде беріп отыр. Айтпақшы, аудандардың арасынан бірінші болып Жаңақорған кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін аукционмен сатуды автоматтандыру арқылы электрондық сауда алаңына шығару арқылы өткізетін болады. Бұл жер мәселесіне келгенде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің тыйылуына әсерін тигізбек.

Елді мекендерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін бірнеше ауылдық округте  жаңадан трансформатор алуға 11,2 млн теңге және күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдарды орнатуға 16 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген шаралар негізінде жасалуда. Биыл аудандағы жолдарды жөнге келтіру үшін барлық бюджет көздерінен 1,3 млр теңге қаржы қаралыпты. Автожолдарды жөндеуге мұндай көлемдегі қаржы аудан тарихында бұрын-соңды болмаған екен. Соның нәтижесінде аудандық маңызы бар және ауылдық елді мекендердегі жолдар ретке келтірілмек.

Ауызсу мәселесі бір жолға қойылуда. Қазір ауданда 40-қа жуық елді мекен ауызсумен қамтылған. Жұмыс «Ақбұлақ» бағдарламасымен бастау алып, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын табуда. Қазір құрылысы жүріп жатқан «Сырдария топтық су құбыры мен Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасы арқылы Сырдария өзенінің шығыс беткейіндегі 12 елді мекеннің 19381 халқы және Сырдария өзенінің батыс беткейіндегі 15 елді мекеннің 23654 халқы таза ауызсу тұтынып отыр.

Ауызсу мәселесі ақсап тұрғанын жасырмаймыз, оны мойындау керек. Судың сағасында отырсақ та су мәселесі тапшы. Енді соны шешуге бағытталған жұмыстарды барынша істеп жатырмыз. Әсіресе егін шаруашылығында су тапшылығы жиі байқалады. Жер суды тез сіңіріп алатындықтан суды бірқалыпты ұстап тұру мүмкін емес. Оның да шешімін таптық. Тәжірибеде қолданып жатырмыз, – деді Жаңақорған ауданының әкімі Р.Рүстемов.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу, сервистік желілерін салу жұмыстарын аяқтауға 214 млн 885 мың теңге бөлінген. Негізгі бас мердігер мекеме «ҚАЗ құрылыс сервис» ЖШС-мен 2020 жылдың 24 сәуірінде 444 млн 887 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Оған сәйкес жұмыс биыл сәуір айында аяқталу керек болған.  Енді сол қаржы жартылай игерілмей отыр. Өйткені мердігер мекеме тиісті жұмыстарын толық атқармаған. Жоба бойынша тұрғын үйлерге су құбырын жеткізіп, 32000 тұрғынды ауызсумен қамту мақсатында 194 шақырым су құбырын жүргізіп, 5441 дана су есептегіш құрылғысын орнату жоспарланған. Жауапты мекеме 156 шақырымға ғана су құбырын жүргізіп, 4000-ға жуық үйдің ауласына су кіргізіп, 1956 су есептегіш құралғысын орнатқан. Қалғаны орындалмаған күйі қалған. Енді бұл мәселе сотпен шешілуде.

Мемлекет  басшысы Жолдауында биылғы жылдың ауа райының қолайсыздығынан мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін айтып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырған болатын. Өздеріңізге белгілі, біздің ауданда да су тапшылығы алдымыздан шықты. Дария деңгейінің төмендеуінен мал суаттары тартылып қалды. Шұғыл шаралар қолданып, барлық елді мекендер айналасындағы жайылымдық жерлерде орналасқан су көздерін зерделеп, қажетіне қарай ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілді, – деді аудан басшысы.

Руслан Рүстемұлының айтуынша, ауданның географиялық орналасуы мен ондағы тұрғындар кәсібінің бейімділігіне қарай зерттеу жүргізіле отырып, ауданның 2024 жылға дейінгі даму жоспары бекітілген. Жаңақорғанды енді дамудың даңғыл жолынан көретінімізге сенімдіміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: