Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаштықтар жарап тұр

26.11.2021, 17:35 269

Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов БАҚ өкілдеріне ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жұмыстар атқарғаны жайында бөлісті. Қазіргі таңда ауданда әлеуметтік мәселелер жетекші мәнге ие екен. Аудан бойынша халық саны 35 267 адамды құрайды. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 14 664 болса, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр. Маргинал жастар да аз емес. Олардың жұмыссыздық көрсеткіші 4,3 пайызды құрайды. Осы жұмыссыздық мәселесінің алдын алу үшін ауданда мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтып, алдағы уақытта жұмыссыздық көрсеткіш төмендейтінін алға тартты.

  • Жалпы, 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 334 жоба 2,6 млрд теңгеге қаржыландырылып, 417 адам жұмыспен қамтылды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар және жеке секторлар арқылы осы жылдың 9 айында 7,3 млрд теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 82,1 пайызға артық орындалды, – дейді Жалағаш ауданының басшысы.

Биылғы жылы барлық өңірлер үшін су тапшылығы мәселе болды. Осы мәселеден Жалағаш ауданы да кенде қалмады. Ел басына төнген қандай ауыртпалық болмасын, ең алдымен халық зардабын тартатыны сөзсіз. Қиыншылыққа қарамастан аудан диқаншылары 36 231 гектар жерге егіс еккен. 19 800 гектар жерге егілген күріштің әр гектарынан 62,3 центнерден немесе 123 354 тонна өнім алыпты. Бұл – диқандарымыздың заманауи техникаларды дұрыс қолданып, оңтайлы шешімдерінің көрінісі. Егін шаруашылығымен қатар аудан экономикасының негізгі резервінің бірі – мал шаруашылығы.  Бір екпінмен дамып келе жатқан ауданның 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 18 млрд 519 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, осы жылы 1 млрд 334 млн теңгеге ауыл шаруашылық  техникаларын жаңарту мақсатында 35 дана жаңа техника сатып алынған.

  • Азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта ауданда аз қамтылған көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 30 тұрғын үйді сатып алуға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 277 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді аудан әкімі.

Құрылыста да қарқын бар. Былтыр 12 297 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, «Ақтерек» тұрғын үй салу аумағына инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындауға облыстық бюджеттен 64 млн теңге қаралыпты. Және де тұрғындардың жағдайы демеушілерді бейжай қалдырмаған. 8 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттеріне сырлау-әктеу жұмыстарын жүргізіп, 6 үйдің шатырын ауыстырып берген.

Өткенде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің іссапары кезінде де Жалағаш ауданы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарып жатқан жұмыстарының легімен таныстырып, көңілді қуантқан еді. Міне, аталмыш бағдарлама бойынша 431,4 млн теңгені құрайтын 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі желтоқсан айында болашақ ұрпағымыздың игілігі үшін пайдалануға берілетін болады.

  • Аудандық бюджеттен бөлінген 14 млн теңгеге 3 шағын спорт алаңы салынды. Жалағаш кентінде жалпы құны 471 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Келер жылы пайдалануға берілетін болады. «Спорт – денсаулық кепілі» десек, ұлттық бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысатын аудан халқының саны 10 664, яғни 30,3 пайызды құрайды. Алдағы уақытта 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 35 пайызға дейін жеткізу жоспарымызда бар, – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Аудан басшысы мәдениет пен спорт саласын да елеусіз қалдырмапты. Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай мәдениет саласы жыл көлемінде 80 іс-шара өткізуде. Аққыр және Мырзабай ахун елді мекендеріне 100 орындық клуб ғимараттарын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 13,9 млн теңге бөлініп, жоба өз жұмысын бастап кетті. Токио Олимпиадасындағы еліміздің жеңілісі әлі күнге дейін санамыздан өшірілмеді. Желкемізді қасығаннан басқа түк бітірмей жүргенде, халықтың ұлы Қайыржан Құлтекенов болса, жеке қаражаты есебінен 320 млн теңгені құрайтын жабық бассейн кешенін салып, пайдалануға беріп үлгерген. Кешенде 19 адам жұмыспен қамтылып, үйірмеге 100-ге жуық бала қатысады. Сонымен қатар аудан тұрғындарына ақылы түрде қызмет көрсетеді.

Азамат САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: