Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сан тарапты шартараппен талқылады

30.06.2021, 15:50 319

Сәрсенбінің сәтінде Қызылорда облысы әкімінің қатысуымен «Қазіргі сын қатерлер, дәстүрлер мен инновациялар: Әлеумет. Тұлға. Құндылықтар» тақырыбында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күнін мерекелеу іс-шаралары негізінде І Халықаралық форум өтті. Жиынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова жүргізіп отырды. Форумда алғаш болып сөз алған аймақ басшысы Г.Әбдіқалықова жиынның маңыздылығын алға тартып, жер-жерден қатысып отырған форум мүшелеріне сәттілік тіледі.

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов «Қазіргі әлемдегі рухани құндылықтар маңызы» тақырыбында баяндама оқыды.

Әлемдік алпауыт елдермен терезе теңестіру мақсатында әліпби өзгерту мәселесі болды. Латынға ауысу тақырыбы тың тереңнен қозғалып, қазақстандық лингвист ғалымдар жеке көзқарас, ой-пікірлерін ортаға салып жатты. Одан бөлек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  бағдарламасы ұлт ретінде даму, қалыптасу бағдарына зор үлесін қосты. Біз осы  сынды ұлтымызға ғана тән рухани құндылықтарымызды шегелеп, оны сақтап қалуға жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.

Кез келген елдің рухани құндылығын сарапқа салғанда білім мәселесі де қалыс қалмайды. Ұрпағы білімді, тарихы терең елдің азбайтыны сондықтан. Қазіргі кездегі алдыңғы қатарда тұрған мамандықтар, жалпы соңғы технологиялық ғасырмен астасып жатқан оқыту үдерісі туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова айтты.

Жаңа мамандықтар атласын құру өңірдің ерекшелігіне қарай болады. Еңбек нарығына қажетті мамандықтар мен мамандарға қандай дағдыларды қоса игеру қажет екенін ұғындыру керек. Атлас өздерінің жаңа даму көкжиегін іздеген ата-аналар, педагогтер, оқушылар және адамдар үшін кәсіби бағдарда таптырмас көмекші болады. Y  және Z буын жұмысшыларына жаңа еңбек нарығында бәсекеге төтеп беретін, сұранысқа ие мамандар дайындау мақсатында университеттің профессор-оқытушылар құрамына жаңа дағдыларды игеру, цифрлық біліктіліктерін арттыру мақсатында  семинарлар, курстар жүйелі түрде өткізіліп тұратындығын айтқым келеді,- деді Б.Кәрімова.

Бала тәрбиесінің маңызы да форум аясынан тыс қалған жоқ. Бұл туралы ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы басшысы Артур ван Дизен сөз сөйлеп, ойын білдірген еді.

Ата-анамыз бізге бала күнімізде оқуды, білім алуды, әдепті болуды және өзге де өмір сүру дағдыларын үйретті. Бірақ, ата-ана болудың жауапкершілігі туралы үйреткен жоқ. Мұны қазір де ешкім үйретіп жүрген жоқ. Бала өзі ата-ана болғанда да ғана үйренеді және көптеген қателік, кемшіліктерге бой алдырады. Осылайша отбасы мәселелері туындайды. Мұны сіз бен біз болып қолға алуымыз керек деген ұсынысым бар,- деді Артур ван Дизен.

Халық санының баяу өсуі ең алдымен сол елдегі экономикалық ахуалға тікелей байланысты. Табысы төмен, жағдайы жоқ азамат бала-шағасына талғажау ететін тамақ таба алмай отырса, демография туралы сөз қозғаудың өзі әбестік. Қайбір жылдары кеңес ыдырап, ел не анда не мында қашарын білмей абдырап жатқан тұста елдегі демографиялық көрсеткіш күрт төмендеген. Бұл туралы НАРХОЗ университетінің профессоры Күлзада Әбенова мәлімдеді.

Қазақстан халқының демографиялық ахуалын жетілдіру үшін бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту керек. Халықтың өмір сүру деңгейі жақсарғанда ғана өсім байқалуы әбден мүмкін. Бір қызығы, 1987 жылдары 400 мыңнан аса бала дүниеге келген. Мұндай өсім елімізде әлі күнге дейін болған емес. Тәуелсіздік алған жылдары көрсеткіш тіпті күрт төмендеген,- деді ол.

Бұдан бөлек, форум барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар ісі және отбасы комитетінің төрағасы Ш.Байманов қазіргі заман жастарының құндылық бағдарлары және олардың беталыстары турасында ой қозғады. Сонымен қатар Түркия мемлекетіндегі Гази университетінің профессоры Х.Хасапоглу отыз жыл ішіндегі Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс турасында пікірін білдірді.

Форумда аймақтағы барлық мәселелер толық қамтылған. Мақсаты белгілі, айтылған мәселелерге байланысты ұсынымдар топтамасы жинақталатын болады. Ол ұсынымдарда алда атқарылатын іс-шаралар бар. Соның бірі осы жинақталған мәселелерді шешу жолындағы тұжырымдама жасалмақшы. Бұл және соңғы форум емес, осы үрдісті жыл сайын қайталап өткізуге ұсыныс білдіріп отырмыз. Яғни бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму картасына енгізілетін мәселелер деп толық айтуға негіз бар, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиетінің проректоры А.Жүнісов.

Форум соңында  қорытынды құжат қабылданып, онда қатысушылардың негізгі идеялары мен ұсыныстары көрсетілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: