Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жалқау ма?

02.09.2021, 10:00 59 0

«Кейбіреулер қазақ халқын жалқау дейді ғой. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?» деп сұраса, сіз мына жауапты айтуыңыз керек.

– Бұл – түбірімен қате пікір. Қазақ еш уақытта жалқау болып көрген емес. Оны жалқау дейтіндер ақылды надандар емес, ақылсыз надандар!

Қазаққа көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған екі кінә бар. Екеуі де – оттауизм. Қазақ еш уақытта көшпенді болған емес, қазақ – отырықшы. Ол сығандар секілді бір елден екінші елге көшіп жүрген жоқ ғой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл – тарих кешірмейтін қателік.

Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал – оның өмір сүрудегі ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдердің халқын да етпен қамтамасыз етіп келді. Малды өсіру, егін салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме? Оны оңай деп кім айта алады? Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге, күрес, асық, ақсүйек тағы басқа ойындарды ойлап табу дегенің – білген адамға жатқан ғылым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз ізденісі керек.

Қазақ көшпенді, жалқау деп халқымыздың өмір сүру кәсібінен хабары жоқ, жеңіл ойлы ақымақ немесе ұрпағымыздың жігерін жасыту үшін қаскөй арамзаның айта салған сандырағы. Соны желөкпе, тайыз немелер іліп әкетіп, әлі күнге жалаулатып жүр. Әділетін айтшы, ғасырлар бойы қазақты кім асырады, жаудан, даудан кім қорғады? Білмесең біліп қой, ол өзін-өзі асырады, өзін өзі қорғады. Бұл жалқаудың қолынан келе ме? Ең құрығанда бір сәт байсалдылық танытып, ойлансаңдар қайтеді?

Бұрын бүгінгідей газ, электр қуаты, мұнай, көмір болған емес. Алты ай қыстан қысылмай шығу үшін төрт түлік малға қора-жай, шөп, отбасына отын дайындаған, малдың қиынан тезек жасауды ойлап тапқан, төрт түліктің сүтінен айран, шұбат, қымыз, қаймақ, сары май, құрт, ірімшік, жент әзірлеген. Мұның бәрі – асыл тағамдар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: