Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық табысын арттыру – салалық жұмыстың нәтижесі

29.07.2022, 16:00 299

HALYQLINE.KZ Жалпы 2022 жылы облыс бойынша бюджет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 78,2 млрд теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстың жалпы табыстағы үлесін 69,8 пайыздан 71,4 пайызға, 2023 жылы 73,9 пайызға, 2024 жылы 77,2 пайызға, ал 2025 жылы 80,6 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы мәлімдеді.

– Жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың табысын арттыру мақсатында үш негізгі бағыт бойынша салалық жұмыс жүргізілуде. Біріншісі – жаңа жұмыс орындарын құру, екіншісі – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, үшіншісі – еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру және жастардың кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету. Бұл шаралар өз кезегінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын халықтың үлесін азайтуды, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді және жыл соңына дейін 31 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруды көздеп отырмыз, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.

Бүгінде облыс экономикасының барлық саласы бойынша 1 шілдеге 11836 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл жылдық жоспардың 41,6%-ын құрайды.

– Аймақта «Өңірлік жұмыспен қамту» картасы бекітілген, яғни осы картаға енгізілген Ұлттық жобалар шеңберінде 2022 жылы 128 жобада 1464 адамға лайықталған уақытша және тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде Ұлттық жобалар аясында 559 жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар, «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде жүгінген 18217 адамның Ұлттық жобаға қатысушы ретінде 16474 адам тіркелді, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, 25 шілдеден бастап «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курстарына оқыту басталды. Бүгінгі күнге өз бетінше онлайн форматта 359 адам 14 күндік оқуға кірісті. Оқуды аяқтағаннан кейін кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алуға портал арқылы ашылған жеке кабинетінде өтінім береді. Биыл 3437 адамға 3 этаппен грант берілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: