Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Базар бағасы бағынбай тұр

10.06.2021, 12:30 601

Азық-түліктің қымбаттауы – сауда заңы бойынша шарасыз процесс. Әсіресе, елімізде карантин уақыты басталғалы бағаның айтарлықтай өскенін аңғаруға болады. Тек бір өңірде ғана баға өсуі кездеспейді, Қазақстанның барлық аумағында қарқынды түрде байқалуда. ҚР Сауда және интегра­ция министрлігінің деректері бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­лары бағасының өсуі жыл басымен салыстырғанда 5,7%-ды құрады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде сауда және интеграция вице-министрі А.Асқарұлы  мәлімдеді.

Ізінше біз де базар бағасын білмекке азық-түлік сататын орындарды аралап қайттық. Зерттеу нәтижесінде Қызылорда қаласындағы сауда орындарында баға тұрақсыздығын анық байқадық. Мысалы, үлкен супермаркеттер мен орталық базар бағаларында біршама айырмашылықтар білінді. Тіпті арақашықтығы бір-біріне жақын орналасқан дүкендердегі бағада айыр­машылық бар. Орталық базарда супер­маркетке қарағанда күнделікті қолданыстағы жуа, сәбіз, қарақұмық секілді тауарлар әлдеқайда қымбат. Ал, сүт өнімдері керісінше, супермаркетте қымбатырақ. Тіпті қарапайым жұ­мыртқа 19 теңгеге жоғары. Бұл дегеніміз супермаркетте баға аса қатты көтерілген. Бұл халықтың қалтасын жұқартатыны сөзсіз. «Facebook» әлеуметтік желісінде ашынған адамдар өз наразылығын үнемі жеткізіп отырады. Бірақ, бұл  үнді  еститін  құлақ  бар  ма?

Айнагүл, сатушы:

– Азық-түлік  бағасы  ғана  емес, барлық  тауардың  құны  өсіп  жатыр.  Мәселен,  «Ақмаржан»  сұрыпты  күріштің бағасы 1 жылда 59 теңгеге  өсті.  Бізге  де  жоғары  бағамен  келеді. Пандемия  басталғалы  қымбатшылық  әлі де жалғасып келеді. Амал жоқ,  халық  тамақсыз  отырмайды.

Ал, кәсіпкерлер  пандемия  кезінен  бастап  күрт  өзгерістерді алға тартып отыр. Иә, шынымен де карантин кезі қоғамды бір сілкіп алды.  Экономист Мақсат  Халық­тың пікірінше, карантин басталған былтырғы наурыз айында баға бірден көтерілген. Бұған себеп 9 наурызда ОПЕК+ елдерінің келісімге келе алмауы салдарынан мұнай бағасы құлдырап, кейін теңге құны түскен. Карантин тұсында жүргізіл­ген мони­торингке байланысты республика бойынша қант – 12%, картоп – 10%, ұн  бағасы 5%-ға  өскен.

Жай ғана мысал ретінде үнемі қолданыста жүретін картопты алайық. Онсыз  тағамды елестету  мүмкін  емес.  Картоп бағасы өткен жылы басталған  карантин  уақытын­да 110-120 теңге болса, биыл 1 келісі 350 теңгеден сатылуда.  Сәбіз – 300-340,  жуа – 140-160, макарон  өнімінің ең арзан түрі 280 теңге болса, одан қымбаттары  400 теңгеге дейін  барады. Жұмыртқа  бағасы  да  ала-құла.  Ол  да  сұрпына  байланысты  15  пен  45 теңгенің аралығында. Алайда зерттеу барысында байқағанымыздай, супермаркеттер мен шағын дүкендерде ең арзаны 39-40 теңгеден сатылуда. Тек сатушылардың пікірін тыңдап қойған жоқпыз. Халықтың да пікірі бізге өте маңызды болды. Баға өскені және тұрақсыздықты айта бастап едім, өздерінің ашынған пікірлерін жеткізді.

Жұлдыз, қала тұрғыны, көпбалалы ана:

– Мен дәл қазір бала күтімімен демалыста отырмын, жолдасымның табысы бір айға әрең дегенде жетеді. Бүгін базарға келіп, көкөніс, ұн және сүт өнімдерін алайын деп едім, бағасын көріп, жағамды ұстадым. Баға тіпті, күн сайын өсіп жатса, қарапайым халық аш қалары сөзсіз. Біздің не айлық жалақымызды көтерсін не азық-түлік бағасын үнемі бір  қалыпқа  келтірсін.

Қызылорда облысын бүкіл әлемге танытып отырған күріш бағасы да шарықтап тұр. Жақсы сұрыптағы күріштің келісін 320-350 теңгеге алуға тура келеді. Елге қажет­ті күріштің 90 пайызы  Сыр елінде  өсіріледі. Оған қарамастан дәнді дақыл жылдан-жылға қымбаттап барады. Тіпті, қаншама жыл күріш сатумен айналысатын сатушы­лар дәл бұндай  баға  болғаны  есімізде  жоқ  деп отыр. Тек үстіне 10-20 теңге қоятындарын  жасырмай айтты. Ұнның да бағасы көңіл көншітпейді. Елімізде статис­тикаға сәйкес, 2020 жылы жоғары сұрыпты ұн 24 пайызға өсіп, бағасы 163 теңгеден 200 теңгеге дейін көтерілді. Бұл бағаға жаз мезгілінде тағы 15 теңге қосылды. Сонымен қатар, мамандар осы жылы астықтың аз шыққандығын айтып, ұн бағасы тағы да  қымбаттайтынын  болжап  отыр.

Алдағы уақытта кейбір өнімдердің бағасы көтеріледі деген сыбыс бар. Дегенмен, азық-түлік бағасы реттеледі деген үміт те бар. Баға бұлай өсе берсе, елдің жағдайы  күрт  нашарлауы  мүмкін.

Ақжан  БАҚЫТБЕК,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың  1-курс студенті

Тақырыпқа  тұздық

БҰЛ  ҚЫМБАТШЫЛЫҚ  ДЕП  АТАЛАДЫ

Елімізде соңғы күндері қымбатшылық жайлы көп айтылуда. Қазақстанда баға тұрақтылығы деген ешқашан болған емес қой, тұрақтылық тек халықтың айлығында ғана.

Құрылыс материалдары еселеп қымбаттапты. Демек үй салу да, алу да қымбаттай түспек. Ал Қазақстан 18 млн хал­қының баспана мәселесін 30 жылда шеше алмаған ел екенін ескерсек, жағдай қатты алаңдатарлық  деңгейде.

Азық-түлік бағасы да аспандап барады. Мысалы, бүгінгі ақпаратты келті­рейін. Соңғы  бір  жылда  сұйық май – 33,7%, қант – 32,8%, дәнді дақылдар – 28,7%, картоп – 16,8%, жемістер – 14,9%, макарон өнімдері – 14,7%, жұмыртқа 10% өскен. Бұл қымбатшылық деп аталады. Инфляция кетіп барады, ал жалақы тасбақа жылдам­дығымен  өсуде.

Бензин бағасы да өсіп кетті. Кей жерде тіпті 200-ден асты-ау деймін. Бензин қымбаттаса, барлығы да қымбаттайды. Өйткені  логистикаға  тікелей  әсер  етеді.

Осының бәрін көріп отырып, Үкімет 50 млрд теңгені бағаны тұрақтандыру үшін бөлмек. Бірақ бұл уақытша шара ғой. Өндіруші емес сатып алушымыз, тиімсіз одақтарға кірген мемлекетпіз және экономикасын әртараптандырмай, бір ресурсқа байлаған елміз. Енді соның ащы сабақ­тарын  алып  жатырмыз.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: