Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағаның бағыты бағамдалса…

27.01.2022, 10:30 171

Елдегі жаппай наразылық алқымнан алған қымбатшылықтан басталды. «Алтын сандықтың үстінде аш-жалаңаш отырмыз» деген халықтың әбден ашынғаны ақыры алаңға алып шықты. Ыңыршағы айналған ел-жұрттың елге ылаң салуға жағдайы да жоқ. Иә, біреу тоңып секірді, енді біреу тойып секірді. Болар іс болды. Қайтпек керек? «Қаңтар қасіреті» оқиғасынан соң Қазақстанда ауыс-түйіс, лауазымнан босату мен тағайындаулар саны тым жиіледі. Көпшіліктің көңілі жайланып келе жатқандай көрінеді. Жасыратын түгі жоқ, билікке қарсылық, сенімсіздік секілді жайттар да бар. Десе де, шиеленіскен шаруалар бір күнде шешімін таппасы анық. Басына құрық салдырмайтын асаудай құбылған бағаның бағытын  бағамдау да  қиын  соғып  отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда өткіз­ген мәжілісте ахуалды тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы  бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тура­лы тапсырмасын берген болатын. Осыған байланыс­ты Қызылорда облысында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қандай шешімдер қабылданып жатқанын  білуді  мақсат  тұттық.

Жалпы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қызылорда қаласы және барлық аудандық әкімдіктер тарапынан әлеуметтік сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізілуде.

Бұған дейін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­лары және жанар-жағармай бағаларын саралау үшін сау­да үйлері мен жанармай құю бекеттерін аралаған еді. Одан соң әкімшілікте жауапты сала басшыларының қатысуымен арнайы жиын да өткізді. Басты мәселе – азық-түлік қорында жетіспеушілікті болдырмау және негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын шекті мәннен асырмау.

Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі күні облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық тізбектерді (схемаларды) тексеру үшін делдалдық  тізбектерінің  5533 қатысушысы анықталып, тиісті тексерулер жүргізу­ге Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментке жолданып, жұмыстар жүргізілуде (оның ішінде 324-і  – өндіру­ші және дистребьютерлік компания, 430-ы – заңды және жеке тұлғалар мен көтерме жеткізу бойынша фирмалар, сондай-ақ 4779-ы – супермаркет, шағын маркеттер, үй жанындағы дүкендер).

Сонымен қатар, бағаны реттеудің тиімді әдісі – тұрақтандыру қорын қалыптастыру. Бұл бағытта облыс­тық бюджеттен соңғы екі жылда (2020-2021) 2134,3 млн теңге  бөлініп  отыр.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1376,2 тонна өнім бар. Оның ішінде 420,8 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 75,5 тонна қарақұмық жармасы, 180,4 тонна күріш, 56,5 тонна макарон, 72,2 тонна картоп, 200 тонна басты пияз, 97,9 тонна күнбағыс майы, 100 тонна сәбіз, 172,9 тонна қант өнімдері бар.

Сондай-ақ, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тағы бір тиімді шараларының бірі ретінде «айналым схема­сы»   бойынша кәсіпкерлер субъектілеріне заем беру  тәсілі кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі  күні «ай­на­лым   схемасы» бойынша 18  кәсіпкерлік   субъектісіне  973 млн  теңге заем берілді. Осы заем алған 18 кә­сіпкердің 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және тұрақтандыру қорындағы өнімдер «Байқоңыр» ӘКК  қарасты Қызылорда қаласында орналасқан 36 әлеуметтік дүкенде және қосымша 14 ірі супер­маркетінде келісім негізінде ашылған әлеуметтік бұрыштарда нарықтан төмен бағада жеткізіліп, сатылуда.

Барлық әлеуметтік дүкендерде нан 55 теңгеден, қант 263 теңгеден, өсім­дік  майы  630  теңгеден, картоп 130 теңгеден, сәбіз 130 теңгеден, басты  пияз  65  теңге­ден, қырық­қабат 90 теңге­ден, 1 сортты ұн 135 теңгеден, қа­ра­құмық жармасы 415 теңге­­ден, күріш 210 теңгеден, макарон   200 теңгеден,  сиыр еті 1650 теңгеден, тауық еті 785 теңгеден, жұмырт­қа 32 теңгеден,  сүт 280 теңгеден, айран 225 теңгеден, сүзбе 1283 теңгеден, сары­май  2504  теңгеден  және  тұз  40  теңгеден  сатылуда.

Сонымен қатар, тұрақтандыру қоры мен «айналым схемасы» бойынша 5 мың тонна шамасында өнім қорын қалыптастыруға 2022 жылы облыстық бюджеттен қосымша 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.

Оның ішінде 800 млн теңге қаржы тұрақтыру қорын­ың өнім қорын ұлғайтуға бөлінген болса, 500 млн теңгесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілеріне заем беруге бағытталады.

Нан бағасын 90 теңге дәлізінен артық емес бағада сату­ды қамтамасыз ету мақсатында наубайхана иеле­рімен келіссөздер жүргізіліп, нан бағасын наубайхана басынан  80-85  теңгеден  босатып, бөлшек  саудада 90  теңгеден  асырмай  сату  жөнінде  келісілді.

Жалпы, статистикалық жедел ақпарат бойынша облыста жыл басынан бері (18 қаңтардағы жағдай бойынша) әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 100,3% құрап отыр. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 2-еуінде баға жоғарылап (қырыққабат – 7,7%, картоп – 2,7%), 1-еуінің бағасы түсті (жұмыртқа – 0,3%), қалған 16 өнімде баға тұрақты.

«Облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, азық-түлік өнімдерінің тапшылығы байқалмайды» дейді мамандар. Бірақ, мұнымен келіссе де, бағасы әлі бет қаратпай бара жатқанын ашықтан-ашық айтып жүрген тұрғындар да бар. Газетіміздің өткен санында «…бағаны үйдің жанындағы дүкендер көтерді» деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Байқап қарасаңыз, бұл да ойландырады.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: