Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағаны бір күнде түсіре алмайсың

10.02.2022, 16:00 486

Өткен аптада Премьер-министр Әлихан Смайылов Президенттің берген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізіпті. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жастарды жұмыспен қамту мәселелері қаралған.

Жаңа Премьер сол кеңесте бірқатар қала, облыс әкімдері мен Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алып, «…сауда үстемелеріне бақылау нашар жүргізілген. Іс жүзінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жұмысы бірізді атқарылып жатқан жоқ» деп кейіпті.

Содан кейін: «Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, бөлшек сауда нысандарының сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін сақтауын қадағалаңыздар» деп бұйырыпты. Сонда қалай? Түсініксіз?

Бағаны қадағалау туралы сын-ескертпелер Назарбаев кезінде де дүркін-дүркін айтылып келеді. Президент тарапынан айтылған соң облыс әкімдеріне дейін базар аралап, бағаны қадағалап жүргенінің талай мәрте куәсі болдық. Арасында саудагерлерге ұрысып жатқандары да болды. Өткенде Алматыда әкім болып тұрған кезде Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдерін дүкендер мен базарлардағы бағаны қадағаламадың деп «қағып-сілкіп» алған бейнетаспасы әлеуметтік желіде тарады.

Мен осыған түсіне алмаймын. Социализмнен бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған «Бағаны базар қояды» деген сөз бар еді. Осы сөз дәл қазіргі нарықтық экономика жағдайына дөп келеді. Біз қазір жоспарлы экономика жағдайында емес, нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әр саудагер өзі біледі затын қандай бағада сататынын. Оған ешкім араласпауы керек. Бұны білмейтін адам жоқ. Қарапайым адам білетін осы қағиданы әкімдердің білмеуі мүмкін емес. Біле тұра бағаны қадағалауға мәжбүр. Себебі оның да төбесінен тоқпақтап жатқан одан да құдіретті күш бар. Бұл біздің ел басқару жүйесінің іріп-шірігенін көрсетеді. Бір іріп-шіріген жүйе кетіп еді, енді Қасым-Жомарт Тоқаев командасы да сол баяғы іріп-шіріген биліктің айтқанын қайталамақ сияқты. Бағаны бұйырып төмендету – бүгінін ғана ойлайтын, ертеңін ойлауға мұршасы қалмаған биліктің жанталасқан әдісі. Бөлшек сауданы олай тежей алмайсың, бөлшек сауда – өндірісті  алға  сүйрейтін  күш.

Ал халықтың азық-түлік бағасы шарықтамай, арзан болуы керек деген талабы дұрыс. Иә арзандату керек. Бірақ бүгінгідей әкім­шілік-әміршілдік әдіспен емес, оның жолын табу қажет. Егер ет қымбат болса, онда елде мал шаруа­шылығымен айналысатын фермерлердің мәселелерін шешуді, нан қымбат болса, наубайханалардың санын арттыруды, сөйтіп бәсекелестікті арттыруды ойлау керек. Фермер мен бөлшек сауда арасындағы делдал мәселесін зерттеген жөн. Сол кезде азық-түлік бағасы өзінен-өзі  арзандай  бастайды.

Азық-түлік бағасының қымбаттауына одан да басқа әсер ететін жағдайлар жетерлік. Оның бәрін санап шығу да оңай емес. Жыл са­йын егін егерде немесе егін жинарда жанар­май тапшылығы туындай қала­тын бір жаман әдет бар ғой бізде. Ауыл шаруашылық техни­каларына салынатын утилизациялық алым да азық-түліктің қымбат­тауы­на сеп. Басқа да осы сияқты кедергілерді  көптеп  келтіруге  болады.

Фермерлер өзі өндірген азық-түлік тауарларын өздері сата алмай­ды. Мемлекет, міне, осы жағына мән берсе. Өнімін кедергісіз өткі­зуге жол ашу керек. Мысалы, менің ет бағытында сиыр өсіретін бір фермер танысым өз малының етін базарға көтерме бағамен өткізе алмайтынын айтты. Базар қабылдамайды. Сатылып жатқан бағаның жартысына да өткізе алмайды екен. Міне, қала әкімдері ауыл-ауылдағы фермерлермен сөйлесіп, олардың өнімдерін қалада тікелей сатуына жәрдемдессе, бағаны түсірудің оңай жолы осы емес пе? Бұл бір мысал  ғана.

Ал біздің жаңадан тағайындал­ған Премьер-министр Әлихан Смайылов баяғы әнді қайталып, «Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, бөлшек сауда нысандарының сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін сақтауын қадағалаңыздар»  дейді.

«Баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссия» деген немене? Бұл не қылған комиссия? Комиссия жүрген жерде айыппұл болмай ма, айыппұл жүрген жерде жемқорлық  бас  көтермей  ме?

«Бөлшек сауда нысандарының сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін сақтау» деген немене? Бұл деген нарықтық экономика заңдылығына  кереғар тежеуіш емес  пе?

Бағаны бір күнде түсіре алмайсың. Азық-түлікті біртіндеп арзан­дату үшін ғылымға негізделген бағдарлама мен оны жүзеге асыратын  оңтайлы механизм жұмыс істемей  бәрі  бекер.

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ,

жазушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: