Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылға апарар жол

23.12.2021, 12:00 714

Талай жылдан бері жауыр болып, айтылып та, жазылып та келе жатқан тақырыпқа тағы да тоқталғанды жөн санадым. Әңгімені орағытпай турасынан бастайын. Жол – тір­шіліктің күретамыры екенін бар­лығымыз білеміз. Мен ес білгелі аудан орталығынан 180 шақырым қашықтықта жатқан, 670-тей тұр­ғыны бар Қарашалаң ауылының хал­қын сергелдеңге салған селкілдек, тоз-тоз болып топырағы бетіне шығып, жаңбыр жауса сазы суға түскен сабындай жылпылдап, бат­пағын толарсақтан кешіп, кө­лігің батса, жақын арада шыға ал­майтын жолдың мезі қылғанын көзім көріп келе жатыр. «Жолдың қадірін жүрген біледі» деген мақал да оның машақатын түсінгендер тарапынан айтылса керек. Ал мұндай олқылықты болдырмау – бүгінгі заманның  талабы.

Хош делік! Ауылдың әкімшілігі орналасқан Бөген ауылынан арасы – 14 шақырым. Сол 14 шақырымды он орап алатын жолды 30 жылдан бері тақтайдай тегіс қылмаса да, тұр­ғындардың жүріп-туруына ың­ғайлы бір «жолды» салуға болмай ма? Екі ортаға жарты сағатқа жетпейтін уақытты ішегіміз үзіліп, бүйрегіміз солқылдап, қабырғамыз қайысып, ойқы-шойқы қара жолмен бір  сағат­та  әрең  жетеміз.

Жазда жағымды жаңалықты құлағымыз шалып, қуанып қалып едік. Ашығын айтсам, Қаратерең ауылынан Қарашалаң елді мекеніне қарай сарыла күткен сара жолды бастапты деген. Бастапты… Бірақ жетім баланың асындай жарытпай ауылдың арғы басынан тастапты да кетіпті. Көрдім. Көрдім де «эх, жетпес қу дүние-ай» дедім. Сөйтіп жағымды жаңалықтың артын құмға сіңген судай ізін таппай қалдық. 2021 жылдың аяғына дейін бітіп, тегіс жолдың төскейінде туған жерге жол тартамыз ба деп едік, болмады. Әрбір жылдан жақсылық күтетін қазақпыз ғой, енді жауапты адамдардан барыс жылында батыл қадам мен бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын қарымды қимыл  күтеміз.

Қазақстанда халыққа қажетті инфрақұрылымды дамыту үшін 2014-2019 жылдарға арналған «Нұр­лы жол» бағдарламасы қабылданған болатын. Қабылданып жатқан бағ­дарламалардан әдемі баяндама емес, бұқараға пайдасын тигізетін нақты істерді көргіміз келеді. Ауы­лымыздың жолын нұрландырып, шеткі аудандарды қаперден тыс қал­дырмаса  екен дейміз.

Айнагүл  КҮЗЕНОВА,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: