Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік жәрдемақы қалай тағайындалады?

14.05.2021, 10:00 813

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында халыққа республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 77 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына 20,5 млрд теңге бағытталған. Әлеуметтік салаға қатысты ел азаматтарынан әртүрлі сұрақтар қойылады. Ал оған сол салаға жауап беретін арнайы мекеме мамандары жауап беруі тиіс. Осы ретте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Салтанат Дүйсенбай асыраушысынан айырылу жағдайы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қатысты халықтың көкейінде жүрген сауалдардың негізгі мазмұны бойынша жауап берді.

ТУЫСТЫҚ  ҚАТЫНАСТЫ  РАСТАЙТЫН  ҚҰЖАТ  ҚАЖЕТ

– Үлкен  немеремді 6 айлығынан бастап жолдасым екеу­міз бауырымызға басып, асырап баққанбыз. Баламның құжаттарын өз атымызға заңды түрде ауыстырғалы жүрге­німізде 28.03.2020 жылы жолдасым кенеттен қайтыс болды. Кейін 31.07.2020  жылы сот шешімімен өз атымыз­ға аударып алдық. Осыған байланысты ұлыма асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­ақы  төлене  ме?

– «ҚР мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңның 3-тарау, 13-бабына сәйкес асыраушысынан айыры­лу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға, асырау­шысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның  асырауында  болған мүшелерінің құқығы бар.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі­нің 14.04.2015 жылғы №223 бұйрығымен бекітілген қағиданың 11-тармағына сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау үшін асырауындағы адамның қайтыс болған адаммен туыстық қатынасын растайтын құжат (туу туралы, неке туралы, некені бұзу туралы, әке болуды (ана болуды) белгілеу туралы куәлік және тағы басқалар) негізге алынады.

Сіздің сұрағыңыз бойынша жолдасыңыз қайтыс болғаннан кейін, немереңізді сот шешімімен заңды түрде өз атыңызға аударып алғандықтан, жоғарыда аталған заң мен қағиданың талаптарына сәйкес, сіздің ұлыңызға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға негіз жоқ.

КҮНКӨРІС  ДЕҢГЕЙІ  мен  БАЛА  САНЫ  САРАЛАНАДЫ

– Жұбайымның қайтыс болғанына 11 ай болды. Екі бала­ма асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға құжаттарын енді тапсырғалы отырмын. Жәрдем­ақы қай уақыттан бастап төленеді және мөлшері қандай?

– «ҚР мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша және жасына байланысты бері­летін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңның 5-бап, 3-тармағына сәйкес, асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша жәрдемақылар жәрдемақыға құқығы туындаған күннен бастап, бiрақ барлық қажеттi құжаттармен бірге жәрдемақы тағайындауға өтiнiш жасал­ған күнге дейiн, он екі айдан аспайтын мерзiм үшiн тағайындалады. Яғни, жолдасыңыздың қайтыс болған күнінен бастап асыраушысынан айырылу жағдайы бойын­ша  жәрдемақыны  ала  аласыз.

Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері жыл сайын­ғы күнкөріс деңгейінің өзгеруіне және бала санына қарай көбейіп отырады. Заңның 13-бап, 3-тармағына сәйкес, он сегіз жастан асқан білім алушы азаматтардың асырау­шысынан айырылу жағдайы бойынша күндізгі оқу нысанын­дағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жүйеде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан аспайтын шекте жәрдемақы тағайындалып, төленеді. 01.01.2021 жылдан бастап, 2 балаға жәрдемақының мөлшері  34302*1,49%=51110  теңге  болып  белгіленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: