Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақта жаңа энергия көзі өз жұмысын жалғастырып келеді

14.04.2026, 17:15 65

Аймақта соңғы уақытта энергетика және ауыл шаруашылығы саласында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар аймақтың экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Апта басында Қызылорда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысында іске қосу жұмысын БАҚ өкілдерімен бірге байқап қайттық.

Аталған жоба түркиялық Aksa Energy компаниясының жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – өңірді тұрақты электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз ету. Қазіргі таңда станциядағы екі газ турбинасы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, біртұтас энергия жүйесіне шамамен 170 МВт электр қуатын беріп отыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта бу турбинасын іске қосу жоспарланған. Бұл станцияның толық жобалық қуатына шығуына мүмкіндік береді.

Жоба аясында тек технология емес, адам ресурсы да маңызды рөл атқаруда. Станцияда 400-ге жуық маман еңбек етуде. Олардың ішінде 30–40 шамасында шетелдік, нақтырақ айтқанда, түркиялық мамандар бар. Қалған жұмысшылар – жергілікті тұрғындар. Барлық басқару жүйесі заманауи компьютерлік технологиялар арқылы жүргізіледі. Осы жобаға қатысушы мамандардың бірі Камал Мададовтың айтуынша жүйе толықтай автоматтандырылған.

– Қазіргі кезде барлық процестер автоматтандырылған. Жүйе арқылы электр энергиясын бақылап, ашып-жабу жұмыстары толық компьютермен басқарылады. Бұл станция облысты тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді.

Жалпы, бұл жоба еліміздің энергетикалық жүйесін жаңғырту жоспарының бір бөлігі. Алдағы жылдары Қазақстанда жаңа энергия көздері іске қосылып, энергия тапшылығын толық жою көзделіп отыр. Баспасөз турынан түсінгеніміз – осы.

Ал ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалады. Соның бірі – Абзал и К компаниясының күріш өндірісіндегі өсім. Баспасөз туры барысында кәсіпорында өткен жылы іске қосылған жаңа өндіріс орны екі ауысымда жұмыс істейтінін көрдік. Әр ауысымда шамамен 13 адам еңбек етеді. Мұнда бұрынғы қателіктер ескеріліп, жаңа технологиялар енгізілген. Компания өкілдерінің айтуынша, басты мақсат – шығынды азайтып, өнім сапасын арттыру.

Кәсіпорынның директор орынбасары Айнұр Қосмұратова: «Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы өндірісті жетілдіріп жатырмыз. Қазіргі таңда жаңа күріш сорттарын тәжірибеден өткізіп, оларды бұрынғы ақ күріш түрлерімен салыстырудамыз», – дейді.

Маманның айтуынша, жаңа сорт шығару – ұзақ процесс.

– Жаңа сорт бір-екі жылда пайда болмайды. Оған кем дегенде 7–10 жыл уақыт қажет. Біз өткен жылы жаңа бағытта жұмыс бастап, қазір соны дамытып жатырмы», – деп атап өтті компания басшысының орынбасары.

Сондай-ақ әр өңірдің күрішке деген сұранысы әртүрлі. Мысалы: Астана мен Алматы қалаларында «Лидер» сорты сұранысқа ие Оңтүстік өңірлерде «Янтарь» сорты кеңінен қолданылады. Орталық Азия елдерінде де көбіне «Янтарь» сортына сұраныс жоғары. Бұл күріш арнайы технологиямен, соңғы кезеңде күнбағыс майымен өңделеді. Соның арқасында палау пісіргенде күріш шашыраңқы әрі дәмді болып шығады.

Қызылорда өңірінде жүзеге асып жатқан бұл жобалар – тек экономикалық даму ғана емес, сонымен қатар технологиялық жаңғырудың нақты көрінісі. Энергетика саласындағы жаңа станциялар мен ауыл шаруашылығындағы инновациялар аймақтың болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Қымбат ДОСЖАН,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: