Кешкілік ас үстінде үй іші тым-тырыс. Анасы телефон шұқылап отыр. Әкесі жаңалық оқып отыр. Қарсы алдында отырған баласы планшетке үңілген. Ешкім сөйлемейді. Бірақ бәрінің қолында байланыс құралы бар. Байланыс бар, бірақ байланыс жоқ.
Бұрынғыдай шай үстіндегі әңгіме, күліп айтқан әзіл, әке мен баланың кеңесі бүгінде мұражайлық естелікке айналып барады. Бұл – уақыттың тікелей келбеті. Біз енді бір-бірімізге емес, Wi-Fi желісіне қосылған қоғамбыз. Бір үйде отырсақ та, әрқайсысымыз әр әлемдеміз. Цифрлы дәуір бізге әлеммен байланысуды үйретті, бірақ өз үйімізбен сөйлесуді ұмыттырды. Экран жарқылының артында отырған адамның көз жасы, жалғыздығы, түсініксіздігі виртуалды қарым-қатынастың құрбанына айналды.
ҮНСІЗДІККЕ ҮЙРЕНГЕН ҰРПАҚ
Қазір ата-аналардың басым бөлігі бала тәрбиесін гаджетке тапсырып қойды. «Мазамды алма» деп телефон береді, «жыламасын» деп YouTube қосады. Ал бала өсе келе кіммен ақылдасады? Кімге сырын ашады? Экрандағы анимациялық кейіпкерге ме? Адам баласы ақпарат арқылы емес, сезім арқылы дамиды. Бірақ гаджет сезім бермейді – тек жауапсыз реакция ғана ұсынады.
2022 жылы MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүргізген зерттеу бойынша Қазақстандағы жасөспірімдердің 83%-ы бос уақытын интернетте өткізеді, оның ішінде TikTok пен YouTube – ең көп қолданылатын платформалар. Бұл жерде ең қауіптісі – бала тек уақытын жоғалтпайды, ол шынайы қарым-қатынасты ұмытады. Оның эмоцияны қабылдау қабілеті әлсірейді. Әрбір ересектің балаға қарап күлімдеуі мен жылы сөз айтуы орнына, жарқыраған анимациялар мен дайын әзілдерді көреді. Осылайша тұлғаның эмпатиялық механизмі баяулап, тұлғалық жалғыздыққа жол ашады.
Психолог Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, қазіргі балалар «жан жылуын» емес, «жылдам визуалды реакцияны» қажет етеді. Яғни, эмоция емес, эффект іздейді. Бұл – цифрлы тәуелділіктің бірінші сатысы. Ал тәуелділік – тек уақыт ұрлайтын дүние емес, ол адам болмысының тұтас құрылымын өзгерте алады.
ЦИФРЛЫ У – РУХАНИ БОС КЕҢІСТІК
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының 2023 жылғы есебінде жасөспірімдердің үштен бірі смартфонға психологиялық тәуелді екені нақты айтылған. Олар интернетсіз өзін жалғыз, күйзеліске түскендей сезінеді. Смартфон олардың ішкі әлемін толықтыратын жалғыз құралға айналған. Ал бұл психологияда «цифрлы ауыспалы сананың» қалыптасуы деп аталады. Қазақстандық отбасылар арасында жүргізілген Gallup сауалнамасы көрсеткендей, 65%-ы баласының интернеттегі әрекетін мүлде бақыламайды. Бір қызығы, дәл сол ата-аналар кейін баласының тұйықталып кеткеніне, ашушаң болып кеткеніне, қатыгез видео көргеніне таңғалып жатады. Кейбірі тіпті өз баласының қандай блогерлерді көретінін де білмейді. Ал сол блогерлердің балаға қандай құндылық беріп жатқаны – толық белгісіз аймақ.
Ата-ана мен бала арасындағы шынайы диалог үзілісі – уақытша құбылыс емес, ұрпақаралық трагедияға алып келуі мүмкін тенденция. Қоғамдық дамудың қарқынына ілесе алмаған отбасы өзіндік идентификациясын жоғалтады. Мұндай отбасыларда тәрбие сыртқы әсерлердің синтезіне айналады, ал ата-ана рөлі тек логистикалық көмекшіге айналып кетеді.
РУХАНИ ОТБАСЫН ТЕХНОЛОГИЯ ЖЕҢІП КЕТЕ МЕ?
Ұлы Абай «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…» дегенде, адам мен адам арасындағы жан тербелісін айтып еді. Бүгінде сол көңіл құсы Wi-Fi-дың шаңына көміліп жатыр. Көңіл түбіндегі сырдың орнына мәтіндер, бейнелер, клиптер жайғасып алған.
Германиялық философ Юрген Хабермас та бұл үрдісті «коммуникативтік әрекеттің тоқырауы» деп бағалаған. Оның пайымынша, қоғамның негізгі желісі – диалог. Ол үзілсе, сенім жоғалады. Сенімсіз жерде адамзаттың өркениеті күйрейді. Әсіресе, отбасы ішіндегі сенім – бүкіл әлеуметтік жүйенің іргетасы. Ол болмаған жерде тәрбие мен мәдениет жалған формаға айналады.
Бұл философиялық қағидат қазақ қоғамына да тікелей қатысты. Біздің ұлт тарихында «отырып сөйлесу», «бетпе-бет кеңесу» – ұлттық кодтың бір бөлігі. Құда түсу, ас беру, келін түсіру, тіпті дау шешу де бәрі диалог мәдениетіне құрылған. Ал бүгінде бәріміз «жазып» сөйлейміз, смайликпен жылаймыз, GIF-пен ренжиміз. Бұл – эмоция емес, оның имитациясы ғана.
ШЕШІМІ ҚАНДАЙ?
Цифрлы өмірден бас тарту – бүгінгі заманда мүмкін емес. Бұл – тоқтату емес, түсіну қажет болатын құбылыс. Біз технологияны дұшпан етіп көрген сайын, бала оған құтқарушы ретінде қарай бастайды. Ал, шын мәнінде, мәселе – гаджетте емес, оны қалай қолдануда. Бүгінгі таңда ата-ана мен бала арасындағы алшақтықты жою үшін күрес емес, түсіністік керек. Гаджетке қарсы тұру емес, оны отбасылық құндылықтардың қызметіне жұмсау қажет. Мұны жүзеге асыру үшін үш қадамнан тұратын қарапайым, бірақ салмақты жол ұсынылады. Бұл жол – күрделі реформалар мен декларациялар емес, әр үйден, әр жүректен басталатын үнсіз революция.
Бірінші қадам – ата-ананың цифрлық сауаттылығы. Қазіргі таңда бала гаджетті ата-анасынан жақсы меңгерген. Бірақ бұл біліктік артықшылық емес, арада қабырға орнататын факторға айналды. Баланың не көріп жүргенін білмеу – бейқамдық емес, жауапкершіліктен жалтару. Сондықтан ата-ана баласының TikTok көріп отырғанына ашуланбай тұрып, өзі сол платформаның мазмұнын танып алуы тиіс. «Телефонды қой» деген тыйым уақытша әсер етеді. Ал «осы видео не туралы?» деген ашық сұрақ – диалогтың басы. Гаджетке тыйым емес, бірге зерттеу бала мен ата-ананың арасында жаңа сенім көпірін орнатады. Бұл – балаға бақылау емес, бірге өсу мүмкіндігі.
Екінші қадам – отбасылық эмоционалды сағат. Әлем жылдамдап бара жатқанда, ең баяу нәрсе – адамның жүрегі мен сөзі. Сондықтан күніне бір сағатты телефонсыз өткізу – бұл уақыттық ысырап емес, керісінше, рухани инвестиция. Бір сағат кітап оқуға, көңілді ойын ойнауға, бір-біріне шын мәнінде назар аударуға арналады. Бұл сағатта тек көзқарас емес, жанқарас орнайды. Осылайша бала жүрегінде «менің отбасым – мені еститін жер» деген терең сенім пайда болады. Бұл сенім – бүкіл болашақ тұлғаның ішкі тірегі.
Үшінші қадам – мектеп қабырғасындағы медиа мәдениет. Баланы гаджеттен айыру емес, гаджет арқылы ойлануға үйрету керек. Экраннан тек тұтынбау, экран арқылы сараптау. Мектеп тек пән үйрететін емес, ақпаратпен жұмыс істеуді, желіде жауапкершілікпен өмір сүруді үйрететін ортаға айналуы қажет. Оқушыны медиатұтынушы емес, медиасыншы етіп тәрбиелеу – Қазақстанның болашақ ақпараттық иммунитетінің іргетасы. Бұл жолда мұғалімдерге де арнайы даярлық, педагогикалық қайта ойлаулар қажет.
Шешім – теріс айналу емес. Шешім – қайтадан қарау. Wi-Fi желісімен емес, адамдық ниетпен жалғану. Әр үйден басталатын осы мәдени қозғалыс ғана бізді виртуалды күйзелістен шынайы үйлесімге жеткізеді. Қазір әр үйде Wi-Fi бар. Бірақ ең басты сигнал – жүректен жүрекке баратын шынайы байланыс әлсіреп тұр. Біз желіге қосылуды үйрендік, бірақ бір-бірімізге жақындауды ұмыттық. Баламыз бар, бірақ сөзі жоқ. Ата-анамыз тірі, бірақ үнсіз. Ендігі міндет – үнсіз үйді шулы емес, шынайы диалогқа толы кеңістікке айналдыру. Wi-Fi толқындарына жұтылып кетпейік, бір-біріміздің даусымызды естиік. Өйткені тек байланыс емес, байланысудың өзі – өмірдің мәні.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!