Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әдеби ортаның әуресі

12.03.2020, 10:50 954

Қазір мида майдан, санада соғыс жүріп жатыр. Қай саланы алып қарасақ та, сансыз сұрақ пен мың мәселе бар. Ал, түйткілдің түйінін шешу үшін жұмыс істейтін, жаңашыл ойлайтын заманауи басшылар аз. Тіпті, «бір-бірін көре алмайтын жандарды бір-бірін көрмесе тұра алмайтындай етсек ғой» деп армандап, сол үшін еңбектеніп жатқандар да болуы мүмкін. Әдебиет әлеміндігі жандардың да  әуресі бар болып шықты.

ЖАЗУШЫЛАР   ОДАҒЫНЫҢ   ЖҰМЫСЫ   НЕГЕ…

Кез келген жұмыстың басшылығына жаны ашымайтын адам келсе­, онда ол жұмыс құлдырайды. Иә, ол басшы сол саланың кәсіби маманы болса да солай. Тиісінше, үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын салаға басшылық еткен жанның жанашырлығы басым, ісі мығым шықса, бойына­ қан жүгіртіп, тасын өрге домалатып та жібереді. Өйткені, қажырлы қайраттың қайтымы мен еселі еңбектің еселенуі бар.

Жалпы, еліміздегі кейбір ұйымдардың, бірлестіктердің, филиал­дардың, т.б. аты бар да заты жоқ. Соған Қазақстан жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалын жатқызуға болатындай…

– Қаршыға Есімсейтова (Қазақстан  жазушылар  одағының Қызыл­орда  облыстық  филиалының  төрайымы – ред.) да ақын, ол да өлең жазады.  Оны да әдеби жиындарға шақырсаңыздар болады. Өздеріңіз білесіздер, жазушы Айжарық Сәдібекұлы жақында 80 жасқа толды. Сол кісінің 75 жылдығында біз одақ төрайымы ғой деп Қаршыға Есімсейтоваға айттық­. Одан бері 5 жыл өтті. Өткенді айтып отырмын ғой. Ағамыздың 80-ге толатын кезі келді. Үн жоқ. Ақыры біз өзіміз әкіммен байла­нысқа шығып, мерейтойын өткіздік. Осындай мәселелерді айтсақ, оны ортаға­ шақырсақ несі бар? – дейді ақын, ұстаз Шанжархан Бекма­ғамбетов.

«Қазір Алматыдағы одақтың өзі жым-жырт, адам бармайды. Ол жақтан­ да ақын таба алмайсың» деп өз ойын қоса кетті ақын Толыбай Абылаев.

«Жазушылар  одағының  қызметі  қандай?» деген сауалға біз нақты жауап бере алмаймыз. Еліміздегі одақтардың қолынан ештеңе келмейтін­і, басында билігі, бюджеті жоқ екені бесенеден белгілі жайт. Сондықтан, кінәлап сөз қозғау да жөнсіз шығар. Десе де, аты дардай одақ филиалы жоқтан бар жасап, жергілікті ақын-жазушылардың басын­  қосып  тұруға  міндетті  сияқты  көрінеді де тұрады…

ЖЕРГІЛІКТІ   АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР  ОҚЫЛМАЙ 

ЖҮРГЕН   СЕКІЛДІ

Әдеби қауым өкілдері бас қосқан жиында «9 ақпанды республика бойынша Мұқағали Мақатаевтың туған күні деп жыл сайын жапа-тармағ­ай атап өтеміз. Поэзия кешін, Мұқағали оқуларын ұйымдастырамыз. Ары қарай Зекеңнің (Зейнолла Шүкіров – ред.) туған күні. Онда қозғалыс болмайды. Неге олай, соның себебін зерттеп көрдіңіз бе? Өзіңіз де айтып отырсыз, Зекеңнің алып адам болғанын. Жалпы, бұған кім кінәлі?» деді «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбеген­ұлы  Алпысбай  Шүкіровке  қарата.

«Журналист Нұрлан Көбегенұлы әкеміз Зейнолла Шүкіров атындағы­ ақындар мүшәйрасын бірнеше жыл қатарынан ұйымдас­тырды. Соған мәдениет басқармасынан, облыстық әкімшіліктен бірде-бір адам келген жоқ. Олар көтермеген соң қиын ғой» деген ақынның мұрагер інісі Алпысбай Шүкіров өз ұсынысын да айта кетті. «Қорқыт ата университетінен бір кабинет ашсақ деген оймен басшылыққа хат жазғанмын. «Ол жерде сабақ берген жоқ, мұғалім болған жоқ» деген жауап  алдым»  деді  ол.

Шынын айту керек, Сыр бойында жатып-ақ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қаламгерлермен байланыс жасап, шығармашылығын мойындат­а білген ақын-жазушы бізде көп емес. Әрі Зейнолла – әдебиет­тің барлық саласынан қалам тербеген бірден-бір жан. «Құрыш қазақ» қандай болса да, сый-құрметке лайық. Әдеби қауым «сыр­бойылық ақын-жазушылардың қадірін білейік, шығармашылығын насихат­тайық»  дегенді  айтады. Иә, жергілікті ақын-жазушылар оқылмай­  жүрген  секілді.

«ЖАҢА  БУЫННЫҢ   БІЗБЕН  БАЙЛАНЫСЫ   ЖОҚ»

Шынын айту керек, осы күні әдеби ортада аға буын мен жаңа буынны­ң байланысы нашаралап, сабақтастық үзіліп қалғандай. Оны аға буын батырып та айтып жүр, жаңа буын да жоққа шығармайды.

«Қатты айтқаныма ренжімесін. Жаңа буынның бізбен байланысы жоқ. Екі өлеңі шықса, мүшәйрадан жеңімпаз атанса, адамға қарамайды. Ақындар бір-бірін іздеп тұруы керек. Мен мұны басымнан өткен соң айтып отырмын. Қызылорда қоғамдық теледидарында айына екі рет «Сырдың жыршыл жастары» деген хабар түсірдім. Соған ақын­дардың  басын қоса алмай-ақ қойдым» деді Ш.Бекмағамбетов.

– 1,5-2 жылдың көлемінде Қызылорданың айналасында жүрмін. Осы уақыт ішінде ақындардың біреуінен «аға, қайдасың, бір нәрсені ақылдасайық деп едік» деген емес. Әдеби орта нөл! Жиындар, әдеби кештер, мүшәйралар болады, біткен соң барлығы өз шаруасымен кетеді. «Өзінің ағасын ағаламаған, өзгенің ағасын жағалай алмайды» дейді. Сен мың жерден­ Алматыға барып Маралтайдың (Райымбеков – ред.), Ақбереннің (Елгезек – ред.) етегінен ұстай бер, өз еліңнің уызына жарып, өз еліңдегі ағаны  ағалап, жағалап, сол  биіктен  көтеріліп бармасаң, бәрібір болмайды­, – деді  айтыскер  ақын  Мұхтар  Ниязов.

«Әдебиет – ардың ісі». Айтары жоқтар әдебиетке келген заманда бұл өнерден де шикіліктің табылуы заңдылық шығар. Біз байқаған әдеби ортаны­ң  әуресі  әзірге осы болды. Мәселенің мұнымен бітіп қалмайтынын­ шығармашылық  өкілдерінің өздері де, оқырмандар да жақсы біледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: