Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абайдың қара сөздері және азаматтық жауапкершілік: саналы қоғамға бастар жол

07.08.2026, 10:40 57

HALYQLINE.KZ

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өз шығармаларында тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның кемелденуіне қатысты терең ойлар айтты. Оның қара сөздері – адамның мінез-құлқын, қоғам алдындағы міндетін, білімге ұмтылысын, әділеттілік пен адалдықты насихаттайтын рухани мұра. Сондықтан Абай еңбектерін қазіргі қоғамда азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыру мәселесімен байланыстыра қарастыру – уақыт талабы.

Бүгінде қоғамның тұрақты дамуы әр азаматтың өз міндеті мен жауапкершілігін қаншалықты сезінуіне байланысты. Азаматтық жауапкершілік – заңды сақтау ғана емес, елдің дамуына үлес қосу, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, қоршаған ортаға жанашырлық таныту, өзгенің құқығын сыйлау, ортақ игілік үшін әрекет ету. Ал азаматтық сана – адамның өзін қоғамның ажырамас бөлігі ретінде сезініп, мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілігін түсінуі. Осындай құндылықтардың негізін Абай қара сөздерінен анық көруге болады.

Абайдың 7-қара сөзінде адамның дүниеге білуге, тануға, ізденуге деген табиғи құштарлықпен келетінін айтады. Бұл ой азаматтық сананың қалыптасуымен тікелей байланысты. Себебі қоғам тағдырына бейжай қарамайтын азамат – үнемі ізденетін, ақпаратты саралай алатын, сыни ойлайтын тұлға. Өз ойын дәлелдей білетін, білімге сүйеніп шешім қабылдайтын азамат қана қоғамның дамуына нақты үлес қоса алады.

Қазіргі ақпараттық қоғамда азаматтық сана тек білім алумен шектелмейді. Ол жалған ақпаратты ажырата білу, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамау, заңды құрметтеу және ортақ құндылықтарды қорғау арқылы көрінеді. Абайдың таным туралы ойлары бүгінгі күнде де осы тұрғыдан ерекше маңызға ие.

Абайдың 17-қара сөзінде ақыл, қайрат және жүректің үйлесімі туралы ой қозғалады. Ұлы ойшыл адам бойындағы осы үш қасиет біріккенде ғана кемел тұлға қалыптасатынын айтады. Бұл қағида азаматтық қоғам үшін де маңызды. Ақыл қоғамдағы өзгерістерді дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Қайрат игі бастамаларды жүзеге асыруға күш береді. Жүрек әділеттілікке, жанашырлыққа, мейірімге жетелейді. Осы қасиеттердің бірлігі азаматтық жауапкершіліктің негізін құрайды.

Бүгінгі күні қоғамға тек білімді адамдар ғана емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын, қоғамдық мәселелерді шешуге белсенді қатысатын азаматтар қажет. Себебі мемлекет дамуы мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, әрбір азаматтың ұстанымына да тәуелді.

Ал, 19-қара сөзінде Абай адамның жақсы мен жаманды өмір тәжірибесі арқылы танитынын айтады. Бұл дегеніміз азаматтық жауапкершіліктің қалыптасуы үздіксіз даму үдерісі екенін көрсетеді. Азаматтық жауапкершілік бір күнде пайда болмайды. Ол білім арқылы, қоғамдық тәжірибе арқылы, ортақ іске араласу арқылы қалыптасады.

Қоғамдағы әрбір әрекетіміздің өзгелерге әсер ететінін түсіну – азаматтық сананың белгісі. Қоғамдық орындардағы тәртіп, заңға құрмет, тазалық сақтау, еріктілік қызметі, қоғамдық бастамаларға қатысу, өзгелердің пікірін сыйлау – мұның бәрі азаматтық жауапкершіліктің нақты көріністері.

Абайдың 38-қара сөзіндегі әділет, рақым және адамшылық туралы ойлары да азаматтық қоғамның негізгі қағидаларымен үндеседі. Әділет үстемдік құрған жерде сенім қалыптасады. Сенім бар жерде ынтымақ нығаяды. Ал ынтымақ – қоғамның тұрақты дамуының басты шарты.

Осы тұрғыдан алғанда, «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің қоғамда азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыру миссиясы Абай мұрасымен терең сабақтас. Бірлестік бастамалары қоғамда жауапкершілік мәдениетін, белсенді азаматтық ұстанымды және ұлттық құндылықтарға негізделген қоғамдық сананы нығайтуға бағытталған.

Абайдың қара сөздері бізге азаматтық жауапкершілік ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен басталатынын көрсетеді. Заңды құрметтеу, әділетті болу, білімге ұмтылу, ел игілігі үшін еңбек ету және өз ісіне жауап беру – осының бәрі азаматтық сананың ажырамас бөліктері.

Абай армандаған қоғам – білімді, әділетті, еңбекқор және жауапкершілігі жоғары азаматтардан тұратын қоғам. Бүгінгі Қазақстан үшін де бұл қағидалар өзектілігін жоғалтқан жоқ. Азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананы қалыптастыру – тек мемлекеттік саясаттың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Абайдың қара сөздері осы жолдағы рухани бағдаршам болып қала береді. Өйткені саналы азамат қалыптасқан жерде ғана әділетті қоғам, берік мемлекет және жарқын болашақ қалыптасады.

Тұрсын  СӘПИХАНҚЫЗЫ,

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы психологі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: