Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

5 қаңтаршы ісі қоғамдық резонанс туғызды

12.07.2023, 18:30 229

HALYQLINE.KZ

11 шілде күні Алматыда сот Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу ісі» бойынша үкім шықты. Судья Марат Кәкімжанов Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім шығарды. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелді.

Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кесті. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелді. Үкім заңдық күшіне қашан енетіні белгісіз. Айыпталушылардың апелляцияға беруге құқығы бар.

Сот үкімі шыққалы елдегі әлеуметтік желі қолданушылары бұл істі қызу талқылап жатыр. Ержан Жаубай, Анна Торосяндар кінәліліер әділ жазаланды десе, Бэлла Орынбетова, Халима Тәжіқұл секілділер сот үкімінің әділетсіздігін, оның өте ауыр тигенін екенін айтуда. Сот процесіне байланысты жазылған кейбір посттарды топтастырғанды жөн санадық.

Бэлла Орынбетова: Адамгершілікке деген сеніміме сызат түсірді

Қаңтардың төрті кешке Galymzhan екеуміз, сосын Assyltay қосылып, көппен бірге Алатау жақтан келе жатқанбыз. Нөпір адам ішінде әскерилерге, көліктеріне тиісіп, жолда (есігі ашық) тұрған полиция машинасын ашып, сындырмақ болғандар болды. Бірақ басбұзарлыққа жол бермей, тәртіпке шақырып жатқан адамдар көп болды, арасында осында отырған таныстарды да көрдім.

Қаңтардың 5, 6 күндері хаос болып жатты ғой. Бірақ 6 күні Фурманов көшесі бойындағы дүкендердің сынған витраж терезелерінің әйнектерін сыпырып жүрген жігіттерді көрдім, алаңда шашылып жатқан нан, тамақ қалдықтарын жинап жүрген әйелдер болды. Итін қыдыртып жүрген қыз да қосыла кетіп үнсіз қалдықтарды қапқа сала бастады.

Қаңтардың алғашқы күндері билік, полиция да зым-зия болды. Сол кезде көшеде болып жатқан жағдайдан шошып, қаланы тәртіпке келтіретін еріктілер жасағы болса қосылмақ болдым. Қолында билігі бар дейтін адамдарға да жазып көрдім. Бірақ байтал түгіл бас қайғы болып жатқан шақ.

Үй алаңның дәл іргесінде. 6 қаңтарда алаңда адамдарды атқан соң көшеде жүрген адам жоқ. Байланыс жоқ. Қоқысты жинайтын қызмет те жоқ. Күндер өтіп жатыр. Дала тұман әрі қанды қаңтар белгілері шашылып жатыр. Көшенің дәл ортасында өртеніп қап-қара арбиған темір-терсегі қалған көліктер. Ауланың ішкі де сыртқы да жағы сынған бөтелкелер, Француз үйі мен Центркредит банктің логолары бар қағаз пакеттер. Үйге сыймай есік алдында шашылған қоқысты жинап келдім. Санамда әйтеуір бірдеңе жасау керек, мұндай хаостан шығаратын қарапайым адами тірлік деген ой болды.

Кешегі әділетсіз сот бар ғой. Сол ішімдегі бір дүниені сындырып жібергендей болды. Әділетсіз судья, оны тағайындап дым болмағандай отырған билік, жалдамалы блогерлер, журналистерге деген жеккөрініш ішімдегі адамгершілікке деген сенімге сызат түсірді. Енді бір қырғын болса, ызалы адамдар көшедегі көліктерді өртеп, ғимараттарды шақса, әділетсіздік образы ретінде көретін адамдарды жазалап жатса, міз бақпай отыра беретін сияқтымын. Иә, білем бұл күйдің гуманизмнен алыс екенін. Бірақ, менің де ресурсым шектеулі. Тоз-тозын шығарып шіріткен қоғамда адамгершілікке деген сенімді қайдан алу керегін білмедім.

 Ержан Жаубай: Қаңтар оқиғасына қатыстылар әділ жазалануы керек

Екінші «Қаңтар оқиғасы» болмауы үшін бірінші «Қаңтар оқиғасына» қатыстылар әділ жазалануы керек.

Бүгін Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алмақ болғандарға үкім шықты.

4 жігіт, бір әйелге сот 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.

Олардың бірі ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылса, қалғандары ҚК-тың 269-бабы, яғни «Ғимараттарға, құрылыстарға, байланыс және коммуникация құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу», 200 бап – «Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» және 191- бабы «тонау» бойынша айып тағылған.

Сотталушылар жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді. Алдағы уақытта еліміз тыныш, азаматтарымыз аман болсын!

Бауыржан Серікбаев: Қаңтар бүлігі кезінде

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша 2022 жылдың 5 қаңтарында Алматы әуежайына басып кіргендер арасынан бес адамға 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары берілді. Диспетчерлік орталықты басып алып, ұшатын, қонатын ұшақтарға, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға кедергі келтірді деген айыптар тағылды.

Үкімді оқыған сот шешіммен келіспей он бес күн ішінде шағымдануға, қайта арыздануға болатынын жеткізді. Айыпталушылар кінәсін мойындамады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Осы іске қатысты айыпталушыларға прокурор 5 жылдан 11 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Бірақ, сот прокурор сұрағаннан біршама аз мерзімдер тағайындады.

Қаңтар бүлігі кезінде «ОДКБ әскері Алматы әуежайына қонбасын» деген талаппен ереуілшілер қала әуежайын, диспетчерлік орталықты басып алған болатын. Нәтижесінде тасымалдаушы ұшақтар әуежайға қона алмай, не ұша алмай авиакомпанияларға шығын келген. Азаматтар ұшақта күтуге мәжбүр болып, әуежай мүлкі бұзылған.

Халима Тәжіқұл: Қорқамын…

Бесеудің соты. Бесеуін де аямады аярлық. Бесеуінен не қауіп, не залал көрді мына ел? Үкім есеңгіретті, жалғыз үміт – аппеляцияда.

Әйгерім Тілеужанова алты күн бұрын соттағы соңғы сөзін айтып еді, сол кездегі мына сөзін үлкен әріппен жазсам деймін:

«КЕЙДЕ АБАҚТЫДА ОТЫРҒАН БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР ЕМЕС, СІЗДЕР МЕ ДЕП ҚАЛАМЫН. ІШКІ БОСТАНДЫҒЫ ЖОҚ АДАМ ШЫНЖЫРҒА БАЙЛАНҒАН ИТ СИЯҚТЫ ЕМЕС ПЕ?»

Бұл сөзді сотқа, прокурорға қарата айтты (негізі бәрімізге арналуға тиіс сөз), бұл сөз оларға сұмдық әсер етті, еттен өтіп, сүйекке жетті. Сөйтті де төрт жылға жаза кесті. Қайтсін-ай, жазалау мүмкіндігін жіберіп алғысы келмеді де, қорқаулық дейді мұндайды.

Режим абақтысында жүрген әркімнің ойланатын күні бүгін, бірақ ойланып, алаңдап жатқан адам аз. Мен осыдан қорқам.

Алмас Жұмағұлов: «Жаңа Қазақстан» деген үмітіміздің күл-талқаны шықты

Бүгінгі «Бесеудің соты» бәрімізді есеңгіретіп тастады. Әйгерім Тілеужанға ары кетсе шартты жаза кесер, бұл «Жаңа Қазақстан» ғой деген үмітіміздің күл-талқаны шықты. Мынадан кейін, досым, әріптесім Думан Мұхамедкәрімді жиырма мың содырдың тақсыры деп, жиырма жылға кесіп жіберсе де, бүгінгі биліктің бетпақтығына таңқалмайтын болармыз-ау?

Думанмен біз «Астана» телеарнасында 2000 жылдардың басында бірге қызмет істедік. Үйленіп, Семейде тойын жасаған кезде мен күйеу жолдас болуым керек еді, Астанадан автобуспен, қыстың көзі қырауда кешігіңкіреп жеткен маған ол «лауазым» бұйырмай қалған болатын, есесіне сол тойдың гүлі болып, тойды дүрілдетіп өткізіп, Семейде бір апта қуанышын бөліскен едік. Мен білетін Думан құмырсқаға қылдай қиянаты жоқ азамат. Тіпті кейінгі уақытта ойын ашық айтып, «НКВД» назарына іліге бастаған тұста, айналасындағы достарына сендерге зияным тиіп кетпесінші деп жүретін. Осындай азамат қалай ғана тероризмді жақтаушы болып шығады? Бұл да Әйгерімнің бесінші қаңтарда СИЗО-дан шыға салып, әуежайды басып алмақшы болды деген «биліктің былдырына» ұқсайды. Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Думан жау болса, мен де жаумын!». Өз ойын ашық білдіргісі келген барлық азамат жау! Думанға бостандық!

Анна Торосян: Қылмыскер жазалануға тиіс

Бүгін Алматы қаласының әуежайын басып алған бас арандатушылар мен қылмыстық топтар заңды жаза алды. Бұл – сот пен әділеттік үшін маңызды оқиға. Олар еліміздің мемлекеттігін, тәуелсіздігін қатерге тигізді. Қазақстан заңы қалалар мен олардың олардың тұрғындарын қорғауға тиіс. Ал заңды бұзған қылмыскер жазалануға тиіс!

Кейбір адамдар қылмыскерлерді ақтауға тырысуда, бірақ бұл іс ақтауға келмейді. Әуежай басқыншыларын заң бойынша жазалау дұрыс және әділетті шешім. Біз, тәуелсіз Қазақстан азаматтары осындай мұңды оқиғалардың қайталануына жол бермеуіміз қажет. Өстіп, қалыпты дамитын жаңа әділетті Қазақстан құруымыз керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: