Қазақстан экономикасына 2035 жылға дейін 2,9 млн маман қажет. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір елдегі жұмыс күшінің саны 9,8 млн адамды құрайды. Оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Осылайша, жұмыспен қамту деңгейі 96 пайызға жетіп отыр. Еңбек ресурстарының едәуір бөлігінің техникалық және кәсіптік білімі бар.
Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары
Электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы кәсіптерге тиесілі. Сондықтан басты мәселе сұраныс қалыптастыруда емес, кадр даярлау жүйесін экономиканың нақты қажеттілігіне бейімдеуде болып отыр.
Болжам бойынша, 2035 жылға дейін мамандарға ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында қалыптасады.
Осыған байланысты ең сұранысқа ие кәсіптердің тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілген. Олардың қатарында инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл энергетика және ядролық энергетика бағыттары бар.
Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді
Асқарбек Ертаев технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын жедел өзгертіп жатқанын айтты.
Министрдің сөзінше, алдағы жылдары кейбір кәсіптер жойылып, бірқатар мамандықтардың мазмұны өзгереді. Сонымен бірге еңбек нарығында мүлде жаңа қызмет бағыттары пайда болады.
Сондықтан кадр даярлау жүйесі еңбек нарығындағы өзгерістерді алдын ала болжай отырып, болашағы бар мамандықтарды ертерек анықтауы қажет. Соған сәйкес біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары да уақытылы жаңартылып отыруы керек.
Мамандық таңдаудан жұмысқа орналасуға дейін бір жүйе болады
Қазақстанда кәсіптік оқыту, біліктілікті растау, жұмысқа орналастыру және одан әрі кәсіби дамуды біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.
Біліктілікті тану процесі толық цифрлық форматқа көшіріледі. Орталықты аккредиттеуден бастап азаматтың сертификат алуына дейінгі барлық рәсім электронды түрде жүргізілмек.
Бұл кәсіптік біліктілікті растау процесін ашық әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Кадр қажеттілігін ЖИ арқылы болжайды
Еңбек нарығындағы кадр қажеттілігін болжауда Big Data мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану көзделіп отыр.
Осы арқылы мемлекет қай салада және қай өңірде қандай мамандарға сұраныс жоғары болатынын дәлірек анықтамақ. Мемлекеттік білім беру тапсырысы да осы деректерге сүйене отырып қалыптастырылатын болады.
— Сондай-ақ адамның мансаптық траекториясын цифрлық сүйемелдеуді енгіземіз: мамандық таңдау мен оқудан бастап жұмысқа орналасуға және кәсіптік дамуға дейін. Осылайша, цифрландыру деректерді жай ғана есепке алудан тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға өтуі тиіс,— деді Асқарбек Ертаев.
Инклюзивті еңбек нарығына да басымдық беріледі
Жаңа жүйеде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.
Олар үшін мамандық таңдаудан бастап оқытуға, жұмысқа орналасуға және еңбек орнында бейімделуге дейінгі бірыңғай сүйемелдеу жүйесін қалыптастыру жоспарланған.
Үкіметтің мақсаты – еңбек нарығындағы сұранысты алдын ала болжап, соған сәйкес маман даярлау. Бұл тәсіл жұмысшы кадрлар тапшылығын азайтып, жастардың оқу бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!