Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамға мәдениет не үшін керек?

04.06.2020, 14:45 1082 2

HALYQLINE.KZ Кьеркегор айтады. «Объективті Ақиқат танылу керек, ал экзистенциялық ақиқатты сүру керек». Яғни, танылған нәрсені бастан өткізіп, денемізбен сезінуміз керек. Мұны қалай түсінеміз?

Объективті ақиқат деп – Құдайды айтамыз. Яғни, ойшылдар Құдайдың 99 (шексіз) түрлі қырын тану керек.

Мысалға: Құдайдың «мейірімді» деген сипатын алайық. Ойшыл өзінің таза ойы арқылы Құдайдың «мейірім» деген сипатын таныды делік. Оны халыққа айтады. Бірақ, бұқара жұрт оның қандай екенін білмейді. Соны білдіріп, жадында сақтау үшін, эмоциялық қабатынан өткізіп, денедегі бүкіл гормондарды оятып сезіндіру үшін бір амал ойлап табады. Мәселен, қазақта «қуыс үйден құр шықпа» деген ғұрып бар. Келген қонақтың қолына бір зат ұстатып жібереді. Бұрын-соңды сый алып, көңілі ауланбаған адам сол сәтте көңілі босап, жүрегі мейірленеді. Яғни, Құдайдың мейірім деген сипатын «сезеді». Мейірімді күйге түседі.

Заманында Дәуіт пайғамбар тым қатыгез болған екен. Елін қанағанда жаны ашымайтын Дәуітке бір күні Алла:

– Әй, Дәуіт. Сен неткен қатыгез едің. Неге Мен секілді болмайсың?, – дейді.

– Я, Алла. Сен секілді қалай боламын. Сен он сегіз мың ғаламның жаратушысысың. Сен мәңгі тірісің. Құдіреті күшті Құдайсың, – депті.

– Менің басқа да сипаттарым бар емес пе? Мен Рахманмын, Мейірімдімін, Әділмін. Неге осы сипаттарыма еліктемейсің? – депті.

Содан бастап Дәуіт, жан баласына қиянат жасамайтын мейірімді болыпты.

Құдайдың шексіз сипатын танып, оны сезіндіру үшін шексіз ғұрыптар ойлап табу керек. Көптеген ғұрыптардың жиынтығын – «мәдениет» деп атаймыз. Осындай тазалық, ибалық, әділдік, мейірім, кешірім деген секілді Құдайи принциптерге құралған көп ғұрыптарды ұстанатын адам «мәдениетті адамға» айналады.

Ендігі мәселе оны насихаттау керек. Ол үшін режиссерлер кино түсіреді, ақындар өлең шығарады, жыршылар түрлі мақамға салып жырлайды, драматургтар пьеса қояды, яғни әркім өз тарапынан насихаттайды. Оны насихаттамаса жаңа туған ұрпақ Құдайды танудан, оның нығметтерінен мақұрым қалады деген сөз.

Осы жерде тағы сұрақ туындайды. Адамның қолынан өнер келмейтін, жыр айта алмайтын, пьеса қоя алмайтын, сурет сала алмайтындар қайтеді? Оның жауабы мынау:

Егер, қолынан өнер келмесе онда, өнерпаздардың насихаттап жүргенін өмір салтына айналдырады. Яғни, әділдік, тазалық, мейірім деген секілді қағидаларды ту етіп ұстанып жүретін адамның өнерпаздардан кем жері жоқ. Себебі, олардың өмір салтын көру пьеса көргенмен бірдей болады. Айналасындағы адамдар одан ғибрат алып, жігерленеді де үлгі етеді.

Бұл мәдениет адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Яғни, отбасында әке, ана болуды, қоғамда үлгілі азамат болуды, дос болуды, ағайын-туыс арасында аға-жезде, күйеу болуды, қартайғанда қазыналы қарт болуды қамтамасыз етеді. Осы мәдениетті бастан кешкен адам кәмілдікке жетіп, ақырында әулиелік дәрежеге жетуі әбден мүмкін.

Ұлттың мәдениетті болуы ойшылдарға тәуелді. Ойшылы жоқ ұлттың мәдениеті күйреп, надандыққа батады. Қайсы ұлтта ойшыл-данышпандар мол болса, сол ұлт өміршең болады. Құдайды да кеңінен тани алатын мүмкіндігі молырақ болады.

Мәдениет – адамның өлшеуіші. Мәдениет – адам ой-өрісінің қай деңгейде екенін көрсететін бірден-бір көрсеткіш. Мәдениет – ғайып әлемдегі бар дүниенің жердегі көрінісі.

Енді, сұрақты былай қоямыз. Сіз қай мәдениетінің өкілісіз?

Егер, біреу мен ешқандай мәдениетті мойындамаймын десе, онда ол Құдайдың берген нығметтерінен мақұрым қалған, биологиялық, эмоциялық қабаттары толық оянбай, кенже боп қалған адам деп айтамыз. Ондай адамның дамуы тежеліп, өмір сүруге мотиві тоқырайды. Енді, осы тоқыраған мотивті қолдан жасаймыз деп арада «субъективті мәдениет» пайда болады…

Демек, мәдениеттің де түрлері болады. Абсолюттік мәдениет, объективті, субъективті, альтернативті мәдениет. Осының қайсысын ұстанамыз? Егер, осыларды ажырата алмаса, адам түрлі синдромдарға ұрынады.

«Әлемдегі дүниеауи де, рухани да катастрофаларды тек мәдениет арқылы ғана шеше аламыз. Мәдениет адамға осы үшін керек» депті Ницше.

Амангелді  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

психолог

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: