Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАҒЗЫМ мен ТАҒЫЛЫМ ТОҒЫСҚАН ТОЙ

03.11.2022, 10:00 376

Күз келісімен қараша халықтың көңілі шаттанып, молшылық мерекесімен бірге жасайтыны бар. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, әдеттегі мезгілден бұл мезгілдің бізге берері мол болды. Олай деуімізге негізгі себеп – аудан көлемінде тойланып жатқан арал қаласының 95 жылдық мерейтойы. Арал десе теңіз бен балықшы өмірі бірге тоғысатын өлкенің арғы-бергі тарихы теңізбен тікелей байланысты. Сондықтан болар, ауданда өткізіліп жатқан мерекелік іс-шаралардың барлығына атакәсіп арқау болып, көненің көзі қайта жаңғыруда.

Иә, мереке қарсаңында маңызды іс-шаралар шеруі әлі толастаған жоқ. Сондай тағзым мен тағылым тоғысқан тойдың бірі аудан орталығында өткен балықшылар слеті еді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, қаншама уақыттан бері ерекше қуанышпен аралдықтардың ауыз толтырып айтып жүргені де осы той болатын. Мерейлі сәтте аралды бетке алып, облыс әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев бастаған мәртебелі меймандар туған жердегі  шадыман  шаттыққа  куә  болды.

Иә, балықшы қауымның төл бесігіне айналған мекен – Арал ауданы. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі мұны тарих таңбалап жазып берген. Жылдар бұрын емес, ғасыр бұрын. Теңіз тарландарының ерлікке бергісіз еңбегі осыған дәлел. Поволжье жұртшылығын, соның ішінде 7 миллионнан астам баланы ажал аузынан арашалаған аралдық балықшы­лардың батырлығы әлі күнге дейін кез келген Арал халқының көкейінде тұр. Оны мақтанышпен  айта  аламыз.

Өткен аптада дәл осы бір жағдай халықтың көз алдында тағы бір мәрте қайталанды. Бұл жолы болған оқиға қойылым түрінде жұртшылықтың көңілін бір босатып, бір көтеріп, жігерлендіріп  тастады.

Аралға хат әкелген қарапайым қазақтың қара домалағы. Хатты төбесіне көтеріп «Ленин­нен хат алып келдім» деп ары-бері жүгір­ген оған бірі қылжақтай қараса, енді бірі сенімсіздік білдіріп, сөзбен сыбап та алады. Бірақ қалайда анық-қанығына жеткісі келген ол орысша сауатты мұғалімнен расында Лениннің өз қолымен жазылған хаты екенін біледі. Хатта барлығы анық, ашық жазылған. Аралдық балықшылардың еңбегін мойындай отырып, олардан көмек сұрағанын білген жұртшылық жаппай еңбектенеді. Күн мен түнді есепке алмастан тау-тау болып жиналған балықты 14 вагонға жүк қып артып, Лениннің хатына жауап ретінде жібереді. Осы күндерде өткерген бейнеттің табы мен өрліктің, мақтаныштың ізі олардың жүздерінде тұрды. Дәл осы бір сәтті сахналаған аудандық мәде­ниет үйінің  өнерпаздары  жиналған жұртшылықтың  ыстық   ықыласына  бөленді.

Арал қаласының 95 жылдық  тойында мұндай іс-шараның болмауы мүмкін емес. Жоғары­да біз айтқан қойылым арқылы бейнелен­ген балықшылар слетінде балықшы қауымның құрметіне арнап жаңадан «Балықшылар монументі» ашылды. Ашылу сал­танатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев арнайы келді. Сонымен қатар атакәсіпті жалғаған теңізді өлкенің балықшылары үшін бұрынғы аллея да қайта жаңғырды. Облыс әкімі  мемлекет  және  қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың «Суреттер сыр шертеді» тарихи мұражайының жұмысымен танысты. Музей 2018 жылы жұмысын бастады, мұнда 500-ге жуық фотосурет пен тарихи жәдігер  сақталған.

Әрі қарай облыс әкімі жаңғыртылған «Балықшылар аллеясының» жұмысымен танысып, «Балықшылар монументін» салтанатты түрде ашу рәсіміне  қатысты.

Мерекелік іс-шара «Арал антологиясы» жинағының тұсаукесерінен басталды. Айдынды өлкенің тарихы мен даму барысын сипаттайтын бұл жинақ Арал тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.

Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі мемлекет басшысының қолдауымен Арал өңірінің жағдайын жақсарту, балық шаруа­шылығын дамытудың нақты жолдары іске асқанын, теңізді өлкедегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешіліп жатқанын айтты.

– Бүгін, міне, атакәсіптің тамырын үзбей, адал кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған балық­шылар қауымының мерейлі сәтінде бас қосудамыз. Арал өңірі үшін өмірлік маңызы бар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының жүзеге асырылуы өңірде балық шаруа­шылығын дамытуға мол мүмкіндік жасауда. Кезінде Арал теңізінде тек бір камбала балығы ғана  қалса, қазір  23  балық түрі қайта келді. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 000 тоннаға дейін ұлғайды. Бұл – үлкен жетістік, зор қуаныш, – деп аралдықтарды шын жүректен құттықта­ды.

Слетте облыс әкімі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­пуб­ликасының Балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысының және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановқа Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың арнайы Алғыс хатын табыс­тады.

Өз кезегінде Құдайберген Саржанов жер­лестеріне алғыс білдіріп, биылғы слеттің балық­шылардың өз ордасы Аралдың орталығында өтуінің символикалық мәні бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орын­басары Алмас Асылбеков Арал балықшыларын құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сонымен қатар елдің дамуына ауқымды үлес қосып келе жатқан  сала  үздіктері мен осы саланы ақпараттандыруға ықпал еткен мамандар марапатталды.

Балықшылар слетінде балық өнімдері мен осы кәсіпке байланысты дүниелерден арнайы көрме  жасақталып,  дәм ұсынылды. Балық­шылар тойына жиналған қала тұрғындары мен қонақ­тары осындай үлкен іс-шараны көріп, қуанышын  жасыра  алмады.

– Аралды теңізсіз, теңізді балықсыз елес­тету мүмкін емес. Бұл – баршаға аян дүние. Биылғы қаланың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған балықшылар слеті өте орынды бастама болды. Балық саласына өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтардың, сала ардагерлерінің есімі жазылған тақта, балықшы монументі, аллеяның қайта жаңаруы балықшылықтың төл мекеніндегі халықтың мерейін өсіріп тастады. Бұл – біз үшін, аралдықтар үшін зор мақтаныш, – дейді Арал қаласының  тұрғыны  С.Алматов.

Осылайша өңірдегі балықшы қауымның басты белгісіне айналған балықшылар монументі мен әсем безендірілген оның айналасы қала тұрғындары мен қонақтарының жиі табан тірейтін көрікті де сәулетті орнына айналды.

***

Айта кетейік, сол күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Арал ауданына жұмыс сапарында «Көкарал» бөгетінің жұмысымен танысты. Сала  мамандарымен  пікірлесіп,  бөгетті  жөңдеу  жұмыстарының  барысын  саралады.

Аймақ басшысы «Көкарал» тек Арал өңіріне ғана емес, республика үшін өте маңызды нысан екенін алға тартып, Президент тапсыр­масы аясында  бөгетті  жөндеу жұмыстары қолға  алынғанын  тілге  тиек  етті.

– Мемлекет басшысы Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда, республикалық бюджет есебінен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құжат­тамасы әзірленіп, биылғы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал, қыркүйек айында рес­публикалық бюджеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға  биыл 500 миллион теңге бөлінді. Сондықтан жұмысты сапалы деңгейде үйлестіріп, механикалық  тазарту  жұмыстарын жүргізу  қажет, – деді Н.Нәлібаев.

Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі болып саналған Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту мақсатында «Тұщы», «Сарытерең», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2» каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу басталды.

Айта кету керек, Президент пәрмені негізінде бөгет мәселесі бұған дейін де Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті Сенатында жан-жақты қаралып, бірлескен топ «Көкаралға» келіп,  бөгеттің  жағдайымен  танысты.

Облыс әкімі белгіленген жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды міндеттеп, сала маман­дарына  бірқатар  тапсырма  берді.

О.ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: