Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Із

25.04.2024, 9:40 99

Адамның ізі… Яғни, сені мен менің – бәріміздің өмірдегі жүріп өткен жолымыз. Ежелгі Оңтүстік Сібір түркілерінің дәстүрлі дүниетанымында ІЗ туралы небір тәмсіл бар көрінеді. Соның бірі: ізі – өзі дейді екен. Яғни оларша, аңшы аңның ізін тапса, өзін тап­қаны есебі. Адам-пенденің де өмірдегі артқа тастаған ізіне қарап, оның өткен өмір жолын тап басып танитынымыз бар ғой. Туған топырақ­тан – Қазалы жерінен басталған өз жолына  қарап  отырып, Өтекең де сонау бала­лық  шағына  назар  аударды.

«Бұл мекенде тарихи орындар жетерлік. Солардың бірі – белгілі комсомол жетек­шісі, саяси қайраткер Ғани Мұратбаев музейі. Ұстаз­дарымыз Ермекбай Құдасов, Мықтыбай Жанұзақовтар 6-7-класс оқушылары, бізді осы музейге жиі алып баратын. Ондағы тарихи экспонаттармен таныс­тыратын. Менің тарихқа деген ықыласымды сезді ме екен, Ермекбай ағай мектептегі өлкетану музейінің жұмысын ұйымдастырушы етіп, қоғамдық жұмысқа тартты. Сондай-ақ, Қаза­лы – қаладан қол созым жердегі тарихи Жанкент шаһары мен Бегімана кесенесі тәрізді тарихи орындарымен де атағы жайыл­ған белгілі шаһар. Қираған құмыралар мен алуан түрлі тарихи жәдігерлер, ескі қаланың өткен тарихы, қасиетті Бегім сұлу мен оның жары Санжар хан және Бегім сұлудың әкесі Қарабура әзім әулие туралы аңыздар бала қиялдарды тарих тылсымдарына қарай тарта түсетін. Онда бұл тарихи орындарға қазір­гідей аса көңіл бөліне қоймаған кез. Қазір ғой, мұнда біздің университеттің археолог­тары, менің шәкірттерім – Әзілхан Тәже­кеев, Жетесби Сұлтанжанов, Ислам Құрманиязов сынды жас ғалымдар Германия еліндегі әріптестерімен бірлесе отырып, «Ашық аспан астындағы мұражай» жасап, түрлі қазба жұмыст­ары  жүріп  жатқаны».

Ия, сол туған жердің тарихын мектеп жасы­нан зерделеп өскендіктен болар, мектепті бітірген соң да ел тарихына деген ыстық бір ықылас көкіректе қыж-қыж қайнап жатқандай көрінетін. Бәрі бірте-бірте орайласа келіп, өмір соқпақтары бұл бағытқа өзі алып келген сияқты. Қазалыдағы Ғ.Мұрат­баев атындағы №17 мектепті 1972 жылы бітірген өрім жас жігіт өз қатарластарымен бірге, сол кездегі үрдіс бойынша, комсомол жастар бастамасымен ауылдағы шаруашылық жұмыс­тарында 3-4 жылдай еңбек етті де, ендігі бағытын оқу жолына бұрмақ болды. Осы ойын 30 жасында жесір қалып, үш баласын жеткізіп, еңбегімен де елге танымал болған анасы да құптады. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының тігіншісі болып істеген анасы Назым Мәлікқызы екі мәрте облыс­тық Кеңестің депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, халық құрметіне бөленген ардақты ана болатын. Сол анасының үмітін ақтап, қуанышқа бөлегенін Өтеубай күні бүгінде өзі үшін  үлкен  мәртебе көреді.

Сонымен, тарихқа деген қызығушылық аңсары қоламтада жатқан қоздай болған талап­шыл ұлдың осы бір үмітті ойы ақыры оны 1976 жылы батыс өлкедегі Атырау қала­сынан бір-ақ шығарды. Осы бір өмірлік таңдауына ол күні бүгін де дән риза. Соны­мен 1976 жылы Гурьев педагогикалық инс­титутына (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) оқуға түсіп, оны 1980 жылы тарих және қоғамтану мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан жас маман Қазақстан Республикасы Мәдениет министр­лігінің жолдамасымен Қызылорда облыстық тарихи өлкетану мұражайында бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы кезде ол мұражай директоры, алымды азамат Көмекбай Қаракөзовтің мұражайды осы күнгі жаңа орнына көшіріп, онан әрі жабдықтаудағы игі істерінің куәсі болғанын ризалықпен  еске  түсіреді.

Ал 1985 жылдан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор (2010 ж) қызметін атқарып, жемісті еңбек етіп келеді. Алдыңғы буын ағалар, кафедра ұстаздары Н.Күнқожаев, М.Кереев, Ү.Абдул­лаев, И.Жұбаниязов, М.Ансатовалармен бірге қызмет жасаған сол бір күндер қазірде сағынышпен еске оралады. Қатарластар мен ізбасар  әріптестер  тобы  да  бір  шоғыр.

Ғылым жолындағы өмірі туралы айта келіп, ол еліміз тарихында егемендіктің алғашқы жылдарындағы тарих ғылымының жай-күйін еске алады. «Егемен болып еңсе көтере бастаған сол өткен ғасырдың 80-жылдарында еліміздің тарихына өз ғалым­дарымыздың көзімен қайта қарау қажеттігі айқын байқала бастаған болатын» дейді ол. Белгілі ғалымдар Ж.Қасымбаев, М.Қойгелдиев, Т.Омарбековтер осы бағыттағы жұмыс­тарын бастап та кеткен еді. Ғалымдарымыз Қазақстан тарих ғылымының өте маңызды кезеңді бастан кешіруде екенін, себебі тари­хымыздың ақиқат жазылмаған тұстарын егемендік рухы тұрғысынан қайта қарау қажеттігін айтып, Кеңес кезеңіндегі тарих ғылымының ең сорақы қателерінің бірі – оның ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарға үстемдікпен, салғырт қарауы екенін тілге тиек етіп, жаңашыл ойларымен жар сала бастаған  рухты  жылдар  болатын.

Ғылым сапарындағы жолы қазірде елге белгілі азамат, тарихшы ғалым, саяси қайрат­кер іні-досы Мұрат Бақтиярұлының ақыл-кеңесімен АГУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаев сынды абзал азаматпен жолықтырды. Ә дегенде талапкер жасты жылы қабылдаған Жанұзақ ұстазы туралы шәкіртінің алғаусыз ризалығы ерекше. Өтекең ұстазының азаматтық, бауырмалдық қасиеттері туралы тебірене айтудан жалыққан емес. «Профессор ағамыз ә дегеннен: қай мәселені зерттегің келеді, бағытың қандай болмақ? – деп сұрағанда, ойыма бірден оралғаны – өзіміздің Жанкент шаһары, Қазалы тарихы болды. Алдын ала Алматыдағы Орталық кітапханада отырып, онан Сыр бойындағы сол кездегі Қазалы, Перовск уездері туралы мәліметтерді қарап көргенмін, тың жатқан сияқты. Осы ойымды естіген ұстазым да құптай кетті. Міне, бұл өте дұрыс болды, тың тақырып, деп елп ете түсті. Ол кісі осы тақырыптың көкжиегін кеңейтіп, Шымкент, Әулиеата уездерін де қосасың деп кеңес берді. Сонан соң менің студент кезден ғылыми жұмыстармен айналысқанымды, сол кездегі белгілі журнал «Білім және еңбек» бетінде «Қазақ елін зерттеген декабрис­тер» деген атпен жарияланған мақаламды көргенде ұстазым маған шынымен де сенім арта бастағандай болды. Бір аптадан соң хабарласқан жетекшім: «Сенің кандидаттық жұмысыңның тақырыбы – Сырдария облы­сының әлеуметтік-экономикалық дамуы (1867-1914 ж.ж.), яғни ХІХ ғасыр. Қазалы, Перовск, Әулиеата, Шымкент, Жизақ, Түркістан, Ташкент, Қарақалпақ тарихын қоса қамтисың» деді. Міне, осылайша менің кандидаттық жұмысымның тақырыбы белгілі боды. Мұнан соңғы тіршіліктер бірыңғай архивтермен жұмыс істеуге арналды. Мынау тұрған Ташкенттен бастап, Мәскеу, Петербор, Орынбор архивтерін екі жыл бойы түгел ақтап  шықтым десем болады. Сөйтіп, аталған  тақырып  бойынша  кандидаттық  жұмыс 1994 жылы сәтті қорғалып шықты». 

Қызық болғанда, ғылыми жетекшісі Өтекеңе кандидаттық қорғаудан өткен соң айт­қан «енді докторлық жұмысыңа дайын­даласың» деген ағалық қамқорлық сөзін естен шығармаған екен. Мұның сәті дәл тоғыз жыл өткен соң келді. Ж.Қасымбаев шәкіртіне кезекті маңызды ғылыми тақырыпты сеніп тапсырды. Бұл, әрине, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ауқымды мәселе болатын. Ғылыми зерттеудің негізгі бағыты: ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы Қазақстанның оңтүстік өлкесінің Ресейге қосылуы, ұлт-азаттық қозғалыс­тары, Қазақстанның Орта Азия халықтары мен халық­аралық, саяси және сауда байланыс­тары, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы көшпелі және отырықшы халықтардың өзара қарым-қатынастары туралы еді. Сонымен, тағы да ғылыми іссапарлар, архивтер мен ескі жазбалар. Осылайша ғалым Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан бастап Мәскеу, Санкт-Петербор, Орынбор, Омбы, Өзбекстан мұражайларында сақталған тарихи деректерді түгел қарап, олардағы тиісті тарихи деректерді алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Осылайша ол өзінің педагогикалық қызметін үзбей, ғылыммен ұштастыра жүріп, 2006 жылы «Қазақ-Қоқан қарым-қатынасы» (ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.) аталатын монографиялық еңбегін жариялады. Мұнда ғалым ХVІІІ ғасырдың 80-жылдары мен ХІХ ғасыр­дың бас кезіндегі Сыр бойы өңірінің саяси-­экономикалық-шаруашылық жағдайына жан-жақты сипаттама бере келіп, Ташкент билігінің қазақтарға үстемдік етуін, сол кезеңдегі қазақ жерін иелену үшін орыс патшалығы мен Хиуа, Қоқан хандықтары арасында болған қиян-кескі күрес тарихын, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Есет Көтібаров, сұлтан Саржан Қасымов бастаған көтерілістер тарихын нақты архивтік деректер арқылы айы, күні, сағатына дейін нақты көрсете отырып, бұл оқиғаларға тарихшы ғалым ретінде ғылыми баға береді. Өтеубай Қожақұлы өзінің ғылыми-­педагогикалық қызметінде де елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 1989-1990 жылдары қазақ филологиясы және тарих факультеті деканының орынбасары, факультеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы болып еңбек етті. 1997 жылы ҚР Жоғарғы аттестациялық комитеттің шешімімен доцент ғылыми атағы берілді. Ғалым – 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монография, 10  оқу-әдістемелік құралдарының авторы, «үздік  оқытушы»  атағының  иегері.

Білім мен ғылым саласындағы жасаған еңбегі ескеріліп, 2011 жылы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Қазақстан Рес­публикасының ғылымын дамытуға сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2012 жылы Мәдени тарихи орталығына сіңірген еңбегі үшін «Әйтеке би» медалімен, 2014 жылы Қорқыт Ата алтын медалімен, «Ы.Алтын­сарин»  төсбелгісімен  марапатталды.

Өтеубай Қожақұлы – өнегелі отбасы иесі, жары Гүлден Жарылқасынқызы екеуі бес бала өсіріп, олардан немерелер сүйіп отыр. Бүгінгі күні өзінің мерейлі 70 жылдығын атап өтіп отыр­ған тарих ғылымдарының докторы, профессор Өтеубай Қожақұлының артында өнегелі өмір  жолы, ғылымдағы  айшықты  ізі  жатыр.

Шанжархан  Бекмағамбетов,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің доценті,

филология  ғылымдарының  кандидаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: