Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарта жесең, тай қалар…

25.05.2023, 11:40 369

Сұрауы  бар  судың  қадірін  қазір  ұғынбасақ,  қолымызды  мезгілінен  кеш  сермеп  қалуымыз  бек  мүмкін. Қызылорда  облысы су тапшылығын жылда сезінеді. Күнкөрісін егін мен малдан  айырып  отырған  аймақ  үшін судың  азаюы  сергелдең  туғызатыны айдан  анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеден хабардар. Және  бұл  хақында  өз  ойын  ашық  айтты  да.

– Судың  да сұрауы бар. Оны неғұрлым  көп  тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болу­ға үйрететін әділетті және қара­пайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға  деген  сұраныс 50 пайызға артады.  Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына  кіруі  мүмкін. Қазір елімізде 600  мыңнан  астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы  ағайын ғана емес, қала  халқы үшін де өте өзекті  мәселе, – деді  Қ.Тоқаев.

Дүниенің де түгесілетін уақыты болады. Ысырап­шылдықты Құдай да сүймейді. БҰҰ мәліметтері бо­йынша жаһандық жылыну мен антропогендік әсерге байланысты 2030 жылға қарай әлемдік су тапшылығы 40%-ға  жетуі  мүмкін. Қазақстанның су қауіпсіздігі көбінесе трансшекаралық өзендердің гидрологиялық және экологиялық жағдайына байланысты. ҚР Экология министрлігі де бұл ақпаратты растап отыр. Енді осыны ретімен шешуді қолға алып жатқан сыңайлы. Экология министрлігі елордаға тұрақты су беру үшін әкімдікпен бірлесіп, 3 жобаны қарастыруда. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысында айтты. Қазақстан бойынша су тапшылығы көрініс тауып жатқан Астана қаласы екені осы  күнге  дейін айтылды. Экологтар басты назарды қазір осы қаладағы тапшылықты жоюға қойып отыр. Сол үшін де жобалар әзірленуде. 4 млн-нан астам қазақстандықты сумен қамтамасыз етіп отырған Ертістің суы көптеген кәсіпорынның салынуынан, заңды тұлғалардың, шаруа қожалықтарының, кооперативтердің суды көп көлемде пайдалануынан, сондай-ақ үнемдемеуінен және экологиялық  жағдайларға  байланысты азайып келеді.

Былтыр Сырдарияның суы тартылып, диқандардың шаруалары шатқаяқтап, әбігерге түсті. Жалпы суармалы судың 97%-ын Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлері тұтынады. Түркістан облысында мақта алқабы – 17,9 мың гектарға, Қызыл­орда облысында күріш – 7,1 мың гектарға, Алматы облысында  күріш 2,4 мың гектарға  қысқартылды. Сондай-ақ, су аздығын ескере отырып, суару кезегінің кестесі әзірленді, қосымша сорғылар орнатылып, коллекторлық-дренаждық  сулар  қайта  пайдаланылды.

Мемлекет басшысының қолдауымен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды. Президент аталған күрделі мәселені саясиландыруға жол бермей, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Сондай-ақ,  судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда, каналдардың табанын бетондауды  қолға  алу  маңызды.

ТҮЙІН. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) су тапшылығы, құрғақшылық пен су тасқыны Африка экономикасы мен экожүйесіне орасан зиян келтіретіні туралы жаңа баяндама жариялады.  Келешекте Африкада шамамен   250 миллион адам су тапшылығына тап болады. 2030 жылға қарай судың жетіспеушілігі шамамен 700 миллион адамның қоныс аударуына әкеледі екен. Үкімет тарапынан шұғыл қолға алынып жатқан жобалар қосыны жедел іске асырылса, құба-құп. Ұлтымызда «тарта жесең тай қалар, тартпай жесең, нең қалар?» деген ұлы сөз бар. Осыны  түсінсек, талай қауіптің алдын алар едік.

Ә.ТАУАРТЕГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: