Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саяжай тұрғындарына сая болар билік бар ма?

18.01.2024, 11:40 274

Айдың-күннің аманын­да Қызылорда қаласы ма­ңындағы «Ягодка» сая­жайының тұрғындары адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы мәселе шаш етектен. Жолдың жайы, қоқыстың көптігі, ауызсудың жоқтығы, электр энергиясының әбден ескіргені, тағы сол секілді мәселелер жетіп-артылады. Былай қарасаңыз, адамның өмір сүруіне қажетті дүниелердің бәрі мұнда мақұрым. Тұрғындардың кейбірі атақонысын қимайды, енді бірі шаруаның ыңғайына қарай көше алмай отыр. Тіпті, сая­жайдағы үйді күзетіп отырған «квартиранттар» да  бар  көрінеді.

Балғабай ақсақал – соң­ғы 4-5 жылдан бері «Ягодка» саяжайының тұрғыны. Зейнеткердің қаладан таза су сатып алуға қалтасы көтермейді. Сондықтан, ол күніне бірнеше мәрте Сырдария­дан су тасиды, тұндырады, қайнатады.

– Күніне 3 мәрте дария­ға келіп, суын алып, соны 3 мәрте қайнатып ішіп жатыр­мыз. Иісі бар, басқасы бар, дария ғой енді. Не қыламыз, су ішу керек, – дейді ол.

Уақытында 300-ге жуық отбасыны ауызсумен қам­тамасыз етуге басшылар уәде де беріпті. Қаншама жылдан бері су азабына шыдап келе жатқан «Ягодка» саяжайының тұрғындары өздеріне сая болар биліктің жоқтығына налиды, жағдай жасамағанына  ашынады.

– Саяжайда әркім үйіне ауызсу үшін тоқпен тарты­латын колонка кіргізіп алған. Ол – ащы, арасында сапасы жақсылары да бар болуы мүмкін. Бірақ, көбі қаладан тасып ішуге мәжбүр. Дария суын тұтынып отыр­ғандар да баршылық. Жалпы, біз­дегі мәселе өте көп. Су, жарық, жол және газ, бәрі-бәрі – саяжайлықтардың басты мә­селесі, – дейді тұрғын  Гүлнар  Жағыпарова.

Тұрғындар шенеуніктерден жылда көмек сұрайды. Саяжай қаланың теңгеріміне өтсе, жағдайдың оңаларына сенеді. Ал, жергілікті билік өкілдері саяжайдың 2019 жылы қаланың бас жоспарына сәйкес, Қызыл­орда аумағына  кіргізілгенін  айтады.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай саяж­айлардың, елді мекендердің өзінің нормативтері бар екенін, аталған саяжайға су, жол, жарық және газ кіргізу үшін жобаларға қара­жат бөлініп жатқанын жеткізді. Десе де, «жобаларды қарап, сараптамадан  өткізуге әлі  уақыт қажет» дейді  әкімдіктегілер.

– Елу жылдан бері «Ягодка» саяжайында тұрамын. Әке-шешем бұл жерді 70-жылдары алған. Осы жерде ең көп тұрғандардың бірі мен шығар қазір. Саяжайда мал ұстап отырғандықтан, еш жаққа көше алмаймын.

Сол 50 жылдан бері үкіметтен айтар­лықтай көмек болған жоқ. Ауыз­су мәселесі – өте күрделі. Маши­насы барлар қаладан тасып ішеді, арнайы көлікпен 10-20, 50-100 литрлеп әкеле­міз. 10 жылдан бері жергілікті биліктен көмек сұрап келеміз. Уәде де берілді, бірақ шешілген ештеңе жоқ.

Жағдайы жоқ кісілер қысы-жазы Сырдарияның суын ішеді. Әуелі лай суды тұндырады, сосын бетін­дегі шама­лы тазарған суды қайнатып ішеді. Бұл жердегі халықтың ара­сында саяжайдағы үйді қарауылдап отырғандар көп. Ол кісілерге де қиын. 10 жылдан бері ауырғандықтан, қазір мен дарияның суын іше алмаймын, – дейді Гүлжанар Жұмаділ­қызы.

Тұрғындар жергілікті биліктен көмек болмаған соң өз беттерінше әрекет жасап-ақ жатқан көріне­ді. Құдық қазып, арнайы колонка қақтырғанымен, судың сапасы сын көтермейтінін айтады. Әрі электр күшінің әлсіздігі тереңнен суды тартуға  жетпейді.

– Айтпақшы, Қызылорда қала­сының бұрынғы әкімі Ғанибек Қазантаевтың жолдарды жамап, бір дұрыстап бергенін айтуым керек. Онлайн кездесуде уәде беріп, соны орындаған болатын, онысына да рақмет!

Жалпы, бізде мәселе көп. «Елу жылда – ел жаңа» дейтін еді?! Онысын біз көре алмай отырмыз. Жарық, газ мәселесі де алаңдатады. Бір қызық  айтайын ба? Саяжайдағы аял­даманы өз қолымызбен салғанбыз. Біз шынын айтқанда өз-өзімізбен өмір сүріп жатырмыз, – деп жалғас­тырды  сөзін  саяжай  тұрғыны.

Саяжай тұрғындары өздеріне сая болар билік өкілін іздеп жүр. «Жақында ғана қызметіне кіріскен Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов біздің мұң-мұқтажы­мызға құлақ асар ма екен?» деген ойын да ашық жеткізді. XIX ғасыр­да өлместің күнін кешіп жүрген тұрғындар бір жақсылықтың боларына сенеді. Бірақ, оның уақытын кімнен  сұрайтынын  біле алар емес.

Ш.ШАТҚАЛ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: