Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала мен ауылды қатар дамыту керек

11.02.2021, 11:30 1077

Кең-байтақ еліміз экономика­лық дамып, қуатты мемлекетке айналуы қол күші, яғни халық санына байланысты болады. Өз өндірістік тауарларымызды ішкі нарықта өзіміз сатып алып, тұтынушылардың мол болуы өндіріс­тердің дамып, ел қуатының артуы мен тәуелсіздігіміздің нығаюына ықпал етеді. Жыл сайын тоқыраған ауылдардан қалаға көшіп келіп, қоныстану жалғасуда. Яғни қала халқының саны ауылдар есебінен өсуде. Егер ауылдар жойыла бастаса, онда жағдайымыз не болмақ? Сондықтан үлкен зауыттар мен фабрик­аларды қала сыртына құрып, ауылдардан да жұмысшыларды қабылдап, азық-түлікті, демография­лық өсімді ауыл­дарды сақтап, қуаттандыру керек. Бір жа­ғынан қаланың жұлдызша кеңеюі қала ауасын таза сақтайды.

Қалаларда жұмыссыздықтың бой алуы – капиталистік қоғамға тән қасиет. Сондықтан әрі жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін ел халқының жартысы ауылдарда орналас­қаны аса тиімді болар еді. Әуелі бізге бес жыл ауылдарды жаңаша құрып, сосын барып астананы Алматыдан географиялық ел орталығына көшіру керек еді. Сонда ауылдар бүгінде дамып, кең өріс алған болар еді. Астананы асықпай бес жылдай кідіріп салсақ та, сыртқы және ішкі одақтастарынан айырылып, экономикалық әлсіреп, үрейленген Ресейдің біздің жерімізге көз салуға шамасы жете қоймас еді. (Ресей мен біз – тарихи бауырлас әрі одақ­таспыз. Тек арадағы дұшпаннан сақ болуымыз керек!). Міне, бүгінде Астана халқының саны миллионнан асып кетті. Салқын өңірде қаланың тым тез кеңеюі барлық жағынан да тиімсіз болады. Бес-алты қабаттан артық тұрғын үй қазақтарға қолайлы емес. (Енді бес-алты қабатты үйлерге де лифт орнатсақ деймін. Бұл – заман талабы). Жеріміз кең ғой. Көпқабатты, яғни он, одан да үлкен қабатты тұрғын үйлер қаланың әсемдігін білдірмейді. Тек мөлтек аудан орталықтары мен қажетті жерге аспанмен айқасқан зәулім үйлер ансамблін құру ғана қалаға көрік береді. Ал бес-алты қабатты үйлер үстінен емен мен шынар тәрізді биік өсетін ағаштар джунглидей төніп тұрғаны жөн. Қаланың сәулет құрылысына келсек, қазақтан мүлде хабары жоқ сыртқы елдер архитекторларының туындысын қабылдаймыз. Біздің ой-өрісімізге ол қалай әсер етеді? Аса зәулім үйлерге тапсырыс беруден бұрын әуелі ол шетелдіктерге Адам атадан бергі қыпшақ тарихын дәлелдеп, тағы Құрманғазы мен Дәулеткерей күйлері және қазақтың жағымды, әсерлі әндері арқылы қазақтың ұлы ой-өрісін ендіріп, білдіріп, сосын ғана олардың сәулеттік туындысын қабылдаған дұрыс болар деймін. Яғни зәулім үйлер ансамблінде қазақтың кең ұлы мінезі сипатталған болып, оны көргенде ой-өрісіміз нығайып, жағымды әсерге бө­ленуіміз керек. Астана құрылысында мұндай ұлттық игілігімізді қалт жіберіп қойғанға ұқсаймыз. Мен архитектура-құрылыс институтының инженер маманы ретінде түркі елдер орталығы Түркістан қаласының құрылысы өзімізге сай, әлемде аса сәулетті қала болса екен деймін. Дегенмен басқалардың да сәулет үлгісіне қарау керек. Бірақ өз ұлттық ерекше ұлы ой-өрісіміз арқылы бәрінен асып түсуіміз мүмкін.

Әсем жазды астанамыз өз орнын дұрыс тапты. Оның қысқы аязының есебін табудың жолдары жоқ емес. Ал киелі Түркістан қаласы әлемдік түркі халықтары астанасы болып қала береді. Жылы өңірде әрі көкөністі Түркістан қаласы екі миллионнан астам тұрғыны болса да, ешқандай тапшылық көрмейді. Бұл қалада спорт алаңдары мол болып, түркі елдері аралық спорт жарыстары өткізіліп тұрса, қалаға сүйіспеншілік арта түседі.

Ауылдарды дамыту үшін тоқыраған ауылдарды кеңейту – бұл одан сайын құрдымға апаратын жол. Ауылдарды дамыту үшін алдымен алыс ауылдар аралық жолдар бойына кіші ауылдар салынғаны жөн. Сонда мал мен егінге ыңғайлы болып әрі жол бойы көлік қатынауы ұлғайып, ауылдарға деген ынта арта бастайды. Бұл алыс жолдар бойына салынған кіші ауылдар, әсіресе аязды қысты солтүстік өңірлерде жолау­шыларды әртүрлі апаттан сақтауға аса қажет. Қалаларда тұрғын үйлер қарқынмен салына бастады. Сол қаражаттың 25-30 пайызына кіші ауылдар салып, ауыл халқын азық-түлікті ауылдарда орналастыру аса тиімді. Қалада болса да жас отбасылардың ажырасуы тым көбейіп барады. Жеріміз кең болғандықтан облыс орталықтарына биіктігі 350 метрдей телемұнара орнатылса, алыс ауылдар аралық радио-теле байланыс та дамитын еді. Әрі телеарналар тұнық көрсетіп және зәулім мұнарамен қала көркі де артып, ал түн мезгілі түрлі түсті жарықтармен көңіліңе жағымды әсер беріп тұрады.

Жас ел болсақ та ешкімнен кем емеспіз. Ақ түйенің қарны жарылған заман келді. Күніне бес-алты рет тамақ жейміз. Бірақ мұндай молшылықтың өмірі қысқа болуы әбден мүмкін. Сондықтан қырық жыл қырғын болса да, сырттан әрқилы санкциялық қысым болса да, қыңқ етпейтін алып Мәңгілік ел іргетасын құрып алуымыз керек. Біз – аграрлы-индустриялы елміз. Сондықтан ауылдың қол күштерін тиімді пайдалана білуіміз керек. Бірақ құрдан-құр ешнәрсе өзінен-өзі бола бермейді. Біз географиялық алып елдер қатарындамыз. Каналдар қазып, ішкі сулары­мызды пайдалануға болады. Бұл туралы мақалам газеттерде талай рет басыл­ды. Мұнайға бай елдер лезде дами бастады. Қазір әлемде мил­лиардқа жуық адам аштықтың азабын тартуда. Енді біздің де сыртқа мол азық-түлікпен қатар тоқыма тауарларын шығаруға мүмкіншілігіміз  бар. Қазір халықаралық валюта құны мұнайға байланысты болып тұр. Ол валюта құны бірінші қажеттілік азық-түлікке де байланысты болса, тым жақсы болар еді. Бір сөзбен айтқанда, кең-байтақ елімізде ауылдар дамып, ауылдар мен қалалардың ішкі тығыз байланысы бізді әртүрлі дағдарыстан қорғайды. Сол үшін де қала мен ауылды қатар дамы­ту керек.

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: