Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір дегеніміз – қып-қызыл шайқас!

08.05.2022, 10:00 605

HALYQLINE.KZ

Алғы  сөз

«Әй, сен XIX ғасырдағы «Капитал» кітабын жазған атақты күрескер Карл Маркстың «Өмір дегеніміз – күрес» деген анықтамасын ұрлап алып, түрлендіріп, әңгіменің тақырыбына арқау еткенбісің?!» дерсің. Оған жауап дайын.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында келмеске кеткен Кеңес үкіметінің ең авантюрист басшысы Н.С.Хрущев жолдас утопияға толы қып-қызыл империя – Кеңестер Одағының негізін салушы күн көсем В.И.Лениннің: «Коммунизм дегеніміз – Кеңестік билік, қосу бүкіл елді электрлендіру» деген анықтамасына «және химияландыру» деген сөзін қосып, айды аспаннан бір-ақ шығарған-ды. Оның қасында: «Өмір дегеніміз – қып-қызыл шайқас!» деген бүгінгі өмірімізді бір-ақ ауыз сөзбен өрнектеуім «ханға сәлем бергендей» емес пе?! Оған қоса, өз өмірімнен алынған озық тәжірибем мен эмоциямды сәтті қосақтай түрлендіріп, әңгімеме ұтымды тақырып қоюым да өзектілікті арттырып тұр деп есептеймін.

Осылайша, айтарымды ой елегінен өткізіп алып барып, бастан өткен оқиғамды баяндайтын әңгімемнің бас тақырыбын: «Өмір дегеніміз – қып-қызыл шайқас!» деп атадым.

Қазақта «Көп қорқытады, терең батырады» деген пәлсапалық сөз бар. Осыны басшылыққа алып: «Жас тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін баянды ету үшін тез арада көбею керек!» деп ойлап, сонау жаңа ғасырдың басында (2006 жылы) халқымыздың келешегіне бір игілікті істі бастап кеп жібергенмін. Ол жастарды бір-бірімен таныстыру, табыстыру, халық санын тез арада көбейту, қауіпсіздігімізді баянды ету ісі болатын. Алайда, бұл қанша жерден игілікті іс болғанымен, мен ойлағандай жеңіл болмай шықты. Яғни, жастарды бір-бірімен таныстыру дегеніңіздің де өзіндік келелі мәселелері бар, күрделі іс екен. Оны әп дегеннен-ақ қатты сезіндім.

Оқиғаны басынан бастасам, оқырмандарымның әлі есінде болар, жаңа ғасырдың басында аудан көлеміне тарайтын «Арал ақиқаты» газетінің бас редакторы қызметін ұстаздықпен қатар алып жүргенімде, елдегі құлдыраған демографияны сауықтыруға өз үлесімді қосу мақсатында, газетіміздің төртінші бетіне «Жар іздеймін» айдарында жастарды бір-бірімен таныстыруды қолға алғанмын. Бұл келелі іс алғашында өз жемісін де берген. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін газеттің  2006 жылғы 14 қаңтарда жарық көрген алғашқы таныстық мақаланы ұсынайын.

Бас  екеу  болмай…

«Ұлттық салт-дәстүріміздің іргесі шайқала бастаған қоғамымызда кәрі қыздар мен сұр бойдақтар мәселесі қордаланып, ұлтымыздың өсіміне қатер төндіре бастады.

Бұрын мұндай орны толмас өкінішке жол бермей келген көреген ақсақалдар, әже-жеңгелер сынды ұлттық салт-дәстүрлерді берік ұстанатын, жастардың басын қосуға ұйытқы боп отыратын үлкендер бүгінде, өкінішке қарай, жоқ. Болса да, ұсақталып кеткен. Олардың орнын толтырар күш кім болмақ?!

Бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз! Десек те, ел арасында әлі де дәстүріміз түбірімен жойылған емес екен. Құдайға шүкір, талпыныс бар. Оны, атап айтар болсам, жақында ауылымыздағы бір ожарлау жігіт ағасы әлі үйлене қоймаған жас жігітті ертіп алып, көрші ауылдағы балдызымен таныстырмақшы болыпты.

Мұндай игілікті, сауапты істі кім қолдамас?! Қазақта: «Қызды кім сұрамайды, қымызды кім ішпейді?» – деген сөз бар ғой. Осы мақалды басшылыққа алған әлгі жігіт ағасының басты қателігі – Кеңестік дәcтүр бойынша шамалап шалып алғандығы. Аш өзекке түскен орыс арағы қарап тұрмай басына шауып, есін алыпты. Қызулау жігіт ағасы жас жігітті балдызымен таныстырып тұрып: «Бұл жігіт өзі сүмек! Үстіне жата кетсең де, қыңқ демейді. Иығына мініп ап, екі аяғыңды салбыратып отырасың… Рахат! Рас, әкесінің шамалап тастайтыны бар, бірақ ол түк етпейді!» – деп салғаннан шатасты дейді.

Өкінішке қарай, бұл ожарлау жігіт ағасының ең сыпайы сөзі екен. Мұнан кейін аузынан шыққан сөздерін естігенде, қызбен таныспақшы боп келген әлгі жас жігіт жердің жарығы болса, кіріп кетердей күйге түсіп, арқаны үзіліп кеткен бұзаудай мөңіреген күйі, беталды өңкіп, көзден ғайып болыпты. Қыз да қара жаяу емес екен. Ол да жігіттен қалыспай, айдалаға безе қашыпты. Абырой болғанда, бүкіл ауыл боп қуып жүріп әрең ұстап алыпты дейді. Жігіт болса, сол зымырағаннан еш демалмастан ауылына дейін ышқынып, үйіне барып құлапты! Әйтеуір, аман!

Осылайша, қызбен танысу рәсімі де тез арада өз мәресіне жетіпті.

Бұл игілікті іс-әрекет сәтсіз болғанымен, бағыты дұрыс екен. Жұрт жігіт ағасын жаппай мақтапты!

Бұл-бұл ма?! Жақында Сексеуіл қалашығының бір кейуанасынан хат келді. Оқушының қолымен жазылыпты. Мазмұнын сақтай отырып, қысқаша үзінді келтірейін.

 «Балам, өзіңмен пойызда танысқан әжеңмін. Жағдай сол – баяғы балам. Әлі үйленер түрі жоқ. Елуден асып кетті. Естуімше, балықтың бастығы (балық шарушылығының бастығы дегені шығар? – Н.Ж) бір дөкей өзінің елуден асқан балдызын бір қызбен таныстырып, үш күн үйге қамап ұстап, үйлендіріпті. Үйленген балдызы: «Үйленген деген рақат екен ғой!» – депті. Менің де жалғызым үйленсе, «рақат екен» дер еді…

Үйдің бір бөлмесінің терезесін бітеп тастадым. Балам қыздан қорқып, қашып кетпесін деп. Егер сен бір қызбен таныстырсаң, осы бөлмеге екеуін үш күн қамап ұстар едім …

Жас кезінде бір жүгірмек жанды жерінен теуіп еді. Сол қате болмаса деп те қорқам…

Сенен хабар күтем… Газетіңе де жазылам, айналайын…» – депті.

Хат хат қой! Қаңтардың бірі күні – Жаңа жылда (2006 жыл) бір жігіт үйге келді. Арманы қызбен танысу екен. Ендеше, «бас екеу болмай, мал екеу болмас» демекші, «Жар іздеймін» айдарын ашудың уақыты да келіпті, оның еш әбестігі болмас деп ойлаймын. Сондықтан…

Алғашқы  жарнама

Арал ауданы, Қамыстыбас тұрғыны. Жасы – 37-де. Келбетті. Үйленбеген. Теміржолшы. Жалақысы жоғары. 7 бөлмелі үйі бар. Өзіне адал жар іздейді. 25-30 жас аралығындағы ауылдық жерге бейім қыз болса, тіпті жақсы» – деп хабарласу үшін мекенжайды, телефонымның нөмірін жазыппын. Осындай жарнамалардың арқасында жастар бір-бірімен танысып, ауылда екі шаңырақ көтерілді. Менің қуанышымда шек жоқ. Әйтеуір, қазаққа шерепетім тисе болғаны!

Шайқастың  көкесі

Ойға алған ісімнің алға баса бастағаны төбемді көкке жеткізгендей болды. Жүрісім де өзгере бастаған ба? Әйтеуір, кең көшеге сыймай аяғымды алшаң-алшаң басамын. Іштей: «Қолымның біреуге жақсылық жасауға жеткендегі түрім – мынау! Қолым билікке жетсе, не істер екенмін?! Жынданатын шығармын!… Биліктегілердің ұлтын ұмытып, жынданғандай кейіп танытып жүруінің реті бар екен-ау?!».

Осындай жүгенсіз ойдың жетегінде келе жатып байқамаппын. Көрші беттегі көшеде адам-қара жиналып қалыпты. Кенеттен шыққан «Ой, шешең…!» деген құлақты қақ жарардай ащы дауыс екіқабат келіншектердің баласын түсірердей үрейлі естілді. Бұлай деуіме, әлгі дауыстың қуаттылығы сонша зәремді зәр шығатын жерден ытқыта жаздады. Әйтеуір, бұйырған абырой ғой! Қысып үлгердім!

Сөйтсем, көшенің қақ ортасында екі адам қырғын соғыс салып жүр екен. Қолдарында бір-бір айыр мен қазан қақпақтары! Құдды ескі батырлар сынды!… Біреуі жер-көкті жаңғырта айқай салса, екіншісі анда-санда бір күңк еткені болмаса, нағыз мылқау секілді. Тағы бір таңқаларлығы, арашалаған қалың көпшіліктің ішінен суырылып шыққан екі келіншектің екпіні елден ерек!

  • Қақпағым! Қақпағым! – деп өршелене ұмытылғандары, құдды жалғыздарын жау қолынан арашалап қалуға бел буған ер аналар секілді.

Мына көрініс пен ұлардай шулаған жұрттың тосын қимылдары тура Голливуд киносын түсіріп жатқандай елестейді.

«Мә-ә, біздің «Қазақфильм» киностудиясы артистері де осындай табиғи ойнайтын дәрежеге жеткен бе?!» – деп іштей бір масаттанып алып:

– Уа, халқым! Талаптарың оң болсын! Кинолардан қылыштасуды, найзаласуды көріп едім!… Құдай ақы, өмірімде батырлардың айырмен шайқасын бірінші рет көруім!… Нағыз табиғи түсірілім!… Түсіріп жатқан киноларыңның тақырыбы қандай?! Оқиға не жайында?!… – деп шаттана айқайға бастым.

Бір ғажабы, менің аттандаған даусымның естілуі мұң, сайын дала бір сәт тыныши қалғандай болды. Жұрт түгілі, қанды қырғын салып жатқан батырлар да селт етіп, қолдарынан айырларын түсіріп ала жаздады.

Мен өз дауысымның осыншама құдіреттілігін бұрын-соңды қалай байқамағанмын?! «Сонда мен де батыр болғаным ба?!» – деп бойымдағы бар-жоқ күшімді жиып ап, тағы бір қаһарлана айқайламақшы боп күшене беріп едім, үлгіре алмадым.

Әлгі қан майдандағы қос батырдың айырлары қоңды жерімнен бірінен соң бірі кіріш-кіріш қадалғанда ғана ес жиып, қияли өмірден бұ дүниеге қайта оралып, жігерге толы айқайым түгілі, «ой-бай!» деуге де әлім келмей, жағым қарысты да қалды.

Абырой болғанда, батырлардың «соғыс» құралдары қытайлық су жаңа шалбарымнан көктей өтіп, қақ айырғанымен, қытайлық дамбалдарды шыдатпаған бұтыма «Сары-қатын» – келіншегімнің қалың матадан тігіп берген «отандық» дамбалым шыдас беріп, «барымды» жалпақ жұртқа жария етпей, аман сақтап қалды. Әйтпегенде бар ғой, дамбалым да қақ айырылып, жауды тыржалаңаш қуған Есет Көкіұлы бабамыз сықылды «құралыммен»  талайды тоңқалаң асырар едім-ау!

Әйтсе де, мұндай қысылтаяңда ауызым әбден үйреніп кеткен, «Ой, шешең!…» деген дүйім жұртқа аян қаһарлы «ұран» автоматты түрде ауыздан небір «шұрайлы» сөздермен бірге ере шығып, талайды тәубесіне түсіргенімді жасыра алмаймын.

Сөйтсем, оқиға былай өрбіпті. Жарнамадағыны көршілеріне теліген батырлар бірін-бірі мазақ қып, әжуалары ұлғая келе, соңы өшпенділікке ұласыпты.

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос» демекші, ашулары қанадан асып, ақыр соңы бір-біріне: «Қанға – қан, жанға – жан!» – дегізіпті. Жалған намыстың екпінімен көрші үйлердегі сүт пісіріп отырған ошақтағы қазан қақпақтар мен қорадағы айырларын алып, «мұздай» қаруланған батырлар серттерінде нық тұрып, қан майданға қаһарлана кіріскен беті екен.

Құдай оңдап, қазан қақпақтарын қызғыштай қорғаған көрші келіншектердің жанкешті қимылдары мен «күнтимесімді» жұртқа жария етпей қорғап қалған, биліктегілердей көп қатыным жоқ, жағыз қатыным тігіп берген «отандық» қалың дамбалым қадалған айырдың пәтін қайтарғанмен, нәтижесінде еріксіз шыққан жан дауысымның қаһары қан майданның тез аяқталуына тікелей әсер еткені, мұндай жақсы болар ма?! Әйтпегенде, онсыз да жері үлкен, саны аз халқымның бір азаматы күтпеген жерден опат болып кетер ме еді, кім білсін!…

Шайқас тоқтап, дау басталғанда түсінгенім, барлық пәле бірін-бірі мазақ қылуға итермелеген менің жарнамамнан тұтанған екен! Яғни, бар айып менде!…

Мұны естігенде, «Әр қазақ – жалғызым!» деп жүрген патриоттық сезімім су сепкендей басылды. «Елім аман, жұртым тыныш» болуы үшін дереу сынған қазан қақпақтарының құны төленді. Жарнама жабылды. Сөйтіп, шайқастың тағы бір көкесі осылайша сәтімен өз шешімін тапты.

Осы оқиғадан кейін, қазақтың ұлттық дәстүрін қайта жаңғыртудан артық ештеңе жоқ екенін терең ұғындым. Бейбіт бітіммен аяқталған қанды шайқастан кейін, ерте заманда өмір сүріп, елге әділ болған Аяз би бабамыз ордасының маңдайшасына жыртық тоны мен тымағын шегелеп қойып:

«Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп, көңілін басқаны есіме түсіп, мен де қытайдың су жаңа болса да, қысымға шыдамай қақ айырылған, жыртық шалбары мен сары қатыным тігіп беріп, абыройымды сақтап қалған отандық қалың дамбалымды қорамның қақ төріне апарып іліп қойдым да:

 «Ай, Нұрбай, бір істі оңдырдым деп одыраңдама! Қытайдың қаңсығанынан отандық қалың, сапалы қара дамбалымызға дейін артық!» – деп көңілімді басатын болдым.

Сөз  соңы

Қазір ойланып отырсам, менің басымнан өткерген шайқасым шайқас емес, баланың ермегіндей ғана нәрсе екен! Нағыз шайқас әлі алда көрінеді.

Бүгінде сонау алыста сағым боп қалған, жастардың таныстыруын ұйымдастырып, арманымды іске асырып жатқан «НТК» телеарнасындығы «Бір болайық» бағдарламасы мен «Еуразия» телеарнасындағы «Қосылайық» бағдарламасындағы оңды істің осал тұсы – қатысушылардың тілі қатты шұбарланып кеткен екен! Қатысушылардың мұндай олқылықтарына қатаң сын көзбен қарау керек еді. Біле білсек, бұл да шайқас, идеологиялық шайқас болатын!

Негізгі мақсат – жастардың бас қосуы десек те, тіл тазалығы, ұлттық рух, идеологиялық дұрыс көзқарас пен табандылық бәрінен де жоғары тұруы керек! Өйткені, бүгінде ұлттық санамыз бен ұлттық рухты қалыптастыруда көгілдір экранның, әлеуметтік желінің маңызы аса зор. Әсіресе, өскелең ұрпаққа әсері мол. Бағыт теріс қарай бұрылып кетуі бек мүмкін.

Сондықтан, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруда арзандыққа, немқұрайдыққа, өрескел қателіктерге ұрынбауымыз абзал. Ұлттық идея жүрегімізде мәңгілікке ұялап, жазылмаған заңға айналуы тиіс!

Бүгінде осындай күрестердің түрі көбейіп, нағыз шайқасқа айналып кетті. Мұндайлардың әсерінен, адамзаттың жүйкесі де әбден жұқарып біткен. Сөз көтермейді. Айырынан бастап атомына дейінгіні қару етіп алып, қит етсе шу шығарады.

Сондықтан, қазағым, ынтымақты болайық! Ата-баба айтып кеткендей, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, алауыздықтан тарихта есесі кеткен халықтың бірі болдық. Ендігі жерде тек түгел болып жүруіміз керек. Көбеюіміз керек! Генофонымызды түзеп, білімге ұмтылуымыз керек!

Осы керек мәселелерді жанымызға серік қылайық! Ретсіз қып-қызыл шайқастан аулақ болайық, ағайын!

Нұрбай  Жүсіп

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: