Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәдениет қызметкерлері апатты ғимаратта отыруға мәжбүр

05.01.2024, 11:40 563

Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 21 мәдениет нысаны апатты жағдайда тұр. Оның ішінде Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылының клубы да бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары асар әдісімен салынған клубқа бүгінде ешкімнің айтар өкпесі жоқ. Сұрқы қашқан ғимарат сылап-сипаудың арқасында көзге ажарлы болып көрінеді. Клуб үйі әлі күнге дейін кантрамарка пеш арқылы жылытылады. 2022 жылы «Халық» газеті «Майлытоғайға мәдениет үйі қашан салынады?» деген тақырыпта мақала жариялаған-ды. Онда ауыл әкімдерінің сайлауалды бағдарламасында да осы мәселе қамтылатыны, аталған жайтпен аудан әкімі де хабардар екені жазылған. Мәдениет үйінің жағдайын айтудан ауыл тұрғындары кенде емес. Ең өкініштісі, осыдан 10 жыл бұрын апатты деп танылған клуб үйін қызметкерлер әлі паналап отыр.

Журналист Жазира Қойшыбекова «клуб қызметкерлерінің апатты жағдайдағы орында жұмыс істеуі қауіпті емес пе, ол жергілікті билікті ойландыруы тиіс!» деп есептейді. Өзі аталған клуб үйінің мәселесін көтергенін де  есіне  алды.

– Осыдан тура 10 жыл бұрын журналистік жұмыс­пен ауылға барып, экс-әкім­нен «Майлытоғай ауылдық округіне қашан жаңа мәде­ниет ошағы салынады?» деп сұрадым. Сол уақытта «мәселенің шешілетін күні алыс емес» деген сарындағы жауап алдым, ол туралы арнайы мақала да дайындадым. Содан бері 10 жыл өтіп кетті, жаңадан салынған клуб не мәдениет үйі жоқ. Қызмет­керлер әлі апатты деп танылған ғимаратта отыр. Апатты  жағдайдағы  орында жұмыс  істеу қауіпті емес пе? – дейді  ол.

2012-2022 жылдар аралығында Қызылорда облы­сында 35 клуб ғимараты пайдал­ануға берілген. Әрине, аз цифр, аз статистика емес. Осы кездің өзінде құрылысы жүріп жатқан мәден­иет  үйлері  бар.

– Облыс бойынша 7 аудан­дық, 4  қалалық,  8  кенттік,  37 ауылдық мәдениет үй­і мен 115 ауылдық клуб, облыс­тық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, барлығы 171 клуб кәсіпорны халыққа мәдени  қызмет  көрсетеді.

Облыс әкімінің «Құрылысын салуға жататын білім, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары туралы» өкіміне сәйкес, мәдениет нысандарын жаңғырту мақсатында 2012-2022 жылдары өңірімізде 35 клуб ғимараты­ның құрылысы салынып, пай­далануға берілсе, 2 клубтың құрылысы жүргізілуде, – деп хабарлады Қызылорда облыстық халық шығарма­шылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы.

Әлгінде атап өткен 171 клуб кәсіпорынының ішінде апаттылары да, ғимараты жоқтар да, бейімделген ғимаратта отырғандары да бар. Көптеген мәдениет үйінің іс-шарасы мен ауыл әкімдігінің маңызды кездесуі мектептің  АКТ  залында  өтеді.

Былтыр Жаңақорған ауданында Жайылма, Өзгент пен Қызылорда қаласын­дағы Қарауылтөбе ауылында клуб пайдалануға берілген. Дегенмен, өңірде заман тала­бына сай келмейтін мә­де­ниет нысандарының  әлі  де бар екендігін ескерсек, 171 клубтың 21-і – апатты жағдайда, 14-інің ғимараты жоқ болса, 24-і бейімделген ғимаратта  орналасқан.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: