Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Автокөлік өрті өршіп тұр

05.04.2021, 15:45 786

HALYQLINE.KZ

Шаһарымызда тілсіз жаудан жапа шеккендер саны көп. Өрттің шығуына көбінесе газ баллонын дұрыс қолданбау себеп болып отыр. Ал жергілікті тұрғындар болса қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары осылай дабыл қағып отыр. Атап айтқанда, тұрғын үйлер, қоғамдық тамақтану орындары мен құрылыстарында газ баллонының жарылуы салдарынан болатын төтенше жағдайлар саны артқан. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды.

– Жыл басынан бері қаламызда 40 өрт оқиғасы тіркелді. Сараптап қарасақ, жеке секторлар мен автокөліктер өрті қаламызда жиілеп барады. Өрттің алдын алу мақсатында жылу беру маусымы басталғалы бері 22 380 тұрғын үйді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл іс-шараға еріктілер мен полиция қызметкерлері де атсалысуда. Жыл басынан бері 10 автокөлік өрті тіркелді. Өрттің басты себебі – электр сымдарының қысқаша тұйықталуы және адамдардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауы. Тілсіз жаудың кесірінен қаламызда ағымдағы жылы 5 адам қаза тапты. Оның төртеуі – газ жарылысынан, біреуі электр қондырғыларын пайдалану ережесінің бұзылуынан қайтыс болды, – деді Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов.

Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жұмысшы топ құрылып, қоғамдық тамақтану орындары мен тұрғын үйлерде газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстауды түсіндіріп, тексеру үшін мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Тексеру барысында тұрғындардың газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауы анықталған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар көп емес және жарылыс болатындай аса ауыр бұзушылықтар болмаған. Десе де кез келген ағаттықтың арты орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сол үшін де ол олқылықтар дер кезінде қалыпқа келтіріліп, қауіпсіздендірілген. Мамандар газды тұрмыста қолдану барысында газдандыруды өз бетінше жүргізуге, алмастыруға және жөндеуге қатаң тыйым салынғандығын ескертеді және кез келген жұмыстарды мамандандырылған мекемемен жүргізуге кеңес береді. Бұл туралы 33 510 тұрғын үйге түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Одан бөлек, қаламызда автокөлік өрті де өршіп тұр. Ағымдағы жылы 10 автокөлік өртеніп үлгерген. Сондай-ақ, тұрғын үйдегі өрттің көбеюіне тұрмыстағы пешті пайдаланудағы аңғалдық та себеп болып отыр. Сонымен қатар, жылдың көктемгі-күзгі тазалық жұмыстары кезінде бақылаусыз қоқыс немесе қалдық шөптерді өртеу тоқтамай тұр. Оның ішінде биылғы жылдың өзінде қала аумағында орналасқан бейіттерде 7 өрт оқиғасы тіркелген. Мамандар аталған жағдайды болдырмау мақсатында тұрғындарды бейіттерді қураған шөптерден, қалдықтар мен қоқыстардан тазартуға қолдау көрсетуге шақырады.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: