Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айтыс неге қызықсыз болып барады?

14.03.2024, 12:40 807

Әсілінде, айтыс ұлттың руханиятына қызмет етуі керек. Етпей жүр деп те айта алмаймыз. Бір ақиқаты, қазіргі ұлттық өнеріміз белгілі бір деңгейден аса алмай жатқанға ұқсайды. Иә, айтыс табиғи қалпынан айырылып барады. Себебі, бірінші орынға жүлде, яғни, ақша мен көлік шықты. Сондықтан, сұлу сөйлеймін деп сынық сөйлейтіндер саны артты. Сахнаны жаттанды, жұтаң сөздермен былғайтындар көбейді. Бұған ешкімнің дауы жоқ шығар. Бұл өз кезегінде төл өнеріміздің киесінен айырылуына себеп болғандай. Әдепкі шоу айтыстар эфирге шыққан уақытта ерінбегеннің бәрі сынады. Жобаға жауаптылар «Бұл – айтыстың аясын кеңейту мақсатындағы тың тәсіліміз» десті. Ұлттық өнерге қарата айтылған бүгінгі сын оның формасын өзгертуге қатысты. Өйткені, қазіргі айтыста жеке бастың пайдасы, қарсыластың кемшілігі көп қозғалады. Тіпті, жаттанды сөзін жаңылмай айтып шығуды «айтыстың шыңы» деп есептейтіндер бар.

 «Қазақ қазақ болғалы айтыс өнері өзімізбен бірге келеді және ұлтымыздың төл өнері болып ғасырдан-ғасырға жетіп, өміршеңдігін дәлелдей береді. Демек, қанда бар өнер, жер бетінде қазақтың соңғы тұяғы қалғанша жасай береді. Ілкі замандардағы айтыс өнерінің ірі өкілдері – Күдеріқожа, Майлықожа, Ақ Кете Шернияз, Сүйінбай Аронұлы, Ұлбике, Қашаған, Жамбыл, Кенен, Жаскілең, Нартай, Әбілда секілді марқасқалар еді. Бұлардың негізгі артықшылықтары суырып салмалығында болатын. Сөзге түсінетін, ақылы кәмбіл әр пенде сөзге тоқтай білуі керек, айтыскердің басты қасиеті де сол болмақ. Айтыс ақындары тарих сахнасына жыраулардан кейін келгенін кәрі тарихтың көне парақтары айтып отыр» деген жырау, ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов қазіргі айтысқа еш көңілі толмайтынын  ашық  жеткізді.

– Қай уақытта да ақындар елдің мұңын айтып, халықтың сөзін сөйлеген. Бұл – дала демократиясының басты қағидасы. Ол кездерде де сарай ақындары болған, бірақ, белгілі шектің шеңберінде ғана толғайтын. Әйгілі Бұқар жырау Қалқаманұлының Абылай ханға, ақ Кете Шернияздың Баймағанбет сұлтанға айтқандары биліктегі төрелердің өзіне білінбейтін кемшін тұсы еді. Өз кезегінде төрелер де ардан аттай қоймаған секілді. Сол дәуірде орыстар сауатсыз, жабайы деп менсіне қоймаған қазақтарда билік пен бұқара арасындағы үндестік жырау­лар мен ақындар арқылы өріліп жатты. Демек, ақындардың басты міндеті халық пен биліктің ортасында дәнекерлік қана. Өкініштісі сол, қазіргі кезде осы дәнекерлік айтушының жеке бас пайдасына ғана жарап тұр, – дейді  ол.

Сондай-ақ, мәдениет  майталманы «айтысты поэзияның деңгейі­не жеткіздік» деп көкитіндерден ұяла­ты­нын айтты. Ат сүрінгенше ақыл тапқан уақытта сәл сәйкессіздіктердің болуы да – заңдылық, ол – айтыстың табиғилығы. Ал, бүгінде жаттап алғанын мүдірмей айтып, өзін шашасына шаң жұқпаған жүйрік санайтындар азай­май  тұр.

– Біз оқыған, оқығанымыз­ды санада зерделеген айтыс­тың бірнеше түрі болатын. Олар түре, қайым, жұмбақ, өтірік өлең, бәдік секілді болып келеді. Көгілдір экраннан «Қазіргі айтысты поэзияның деңгейіне жеткіздік» деген сұхбаттарды тыңдап отырып өз-өзімнен қысылып, терлеп кетемін. Себебі, айтыс поэзия­ның деңгейіне мүлде келмейді. Өлең өру оңай нәрсе емес. Табан астында суырып айтып, өз жанынан толғаған кезде сәл сәйкессіздіктердің болуы да – заңдылық. Айтыс ұйқастағы, көркемдіктегі қателігімен құнды болмақ. Адамның мүмкіншілігі мол дегенмен, қиялдан келелі ой құрап, көрерменге көркемдеп жеткізу қиынның қиыны екенін қиялы қияға шапқан әр ақын біледі. Сондықтан да атам қазақ «Тауып айтсаң, мереке қыласың, таппай айтсаң, келеке боласың» деп тәмсілдеген. Атақты сөз ұстасы Тұрмағанбет «Ой табу оңай емес ерікпесе, ақсұңқар аңға ұшпайды зерікпесе, адамды ой-пікірі оянбаған, болады өз ойымда өлік десе» дегенде келелі ой, кестелі сөз айтудың оңай еместігін тіліне тиек қылған, – деп сөзін жалғас­тырады жырау.

Ал, ақын, журналист Елубай Әуезов айтыстың бір кездері ел еңсесін көтергенін, ұлттың ұйысуына қызмет етке­нін айтады. Өкініштісі сол, қазір  мүлде олай емес болып  тұр.

– …Сондай дәуір болды. Айтысты қолдауға әрбіріміз мүдделі болдық. Ол сұрқия заман тудырған қажеттілік еді. Біз зәру едік. Шын мәнінде айтыс ел еңсесін көтерген, ұлттың ұйысуына қызмет еткен кезең еді. Алдарында жазылған қағаздан оқып айтысқанға да кешіріммен қарадық. Себебі, өшіп бара жатқан өнерді аяққа тұрып кетсін дедік. Сондай да дәуір өткен. Шүкір, айтыс өнері – сөз барымтасы белгілі бір тұрғыда өз биігіне көтеріле алды. Қуандық, айтыстан  қалмадық.  Кейін…

Иә, кейін ол идеологияға қызмет ете бастады. Сол тұстан айтыс та ажарынан айырылды. Ал бүгінде, тіпті ол табыстың көзіне айналды. Осыны айтсаң, сол төңіректе нәпақасын содан айырып жүрген «жанашырлар» лап қояды. Басы ашық, айқын ақиқатыңа айтар  уәжді  табады.

Қысқасы, шоуға айналып, киесінен айырыла бастаған бүгінгі айтыстың берері аз. Кие-қасиет деген тазалығын ұстанғанда ғана қадірін жо­ғалтпайды  емес  пе!?

Мен айтыс өнерінің өзіне қояр кінәм жоқ. Оның бүгінгі таңдағы сықпытына болмаса…, – дейді  ол.

Жырау, ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетовтың пікірі руханият маңайында жүргендерді ойлантуы керек. Ол «айтыс өз функциясынан ауытқып бара жатқанын бәрі білуі тиіс» деп есептейді. Айтыстың саудаға  салынуы да ұлы өнердің қазіргі  халімен  тікелей  байланысты  болса  керек.

– Жастайымнан сахнада өнер көрсеттім, ол үшін Құдайға шүкір айтамын. Сыр бойындағы Манап ақыннан бастап көзім көрген айтыскерлердің айтыстарын тыңдап өстік. Қара сөздің семсерін саптап, аузымен құс тістеген ұшқыр ой, ұтқыр сөзді Махамбетқали Тұрсанов, Мүтәлләп Қырау­баев, Бибігүл Жаппасбаевалар, көненің көзіндей, суырып салма ақындық өнердің бағдаршамындай болып отырған Заммаддин Ибадуллаев, Серік Ыдырысов секілді тарландардан қалған сарқыт өнердің қазіргі халі сын көтермейді. Неге?  Себеп  көп.

Ең бірінші себеп – айтыс­тың саудаға салынуы. Жүрсін Ерманның өнерін сыйлаймын, ақындығына да айтарым жоқ, бірақ үлкен мәселе – аталы өнерді ұстайтын баталы балалардың айтысты жаттанды өнерге айналдыруында. Мені осы пікірімнен кейін, аға тұтып жүрген көп жігіттің сырт айналуы да мүмкін, бұл індетті біз айтпасақ, бізден соң ешкім де айтып жаманатты болмайтыны анық. Белгілі сыншы Әшірбек Сығай ағамыздың «Сын шын айтылса ғана сын болады» деген сөзі бар. Айтыс негізгі функциясы­нан ауытқып бара жатқаны көкірегі ояу, көзі ашық әр адамға белгілі жайт. Ұлт өнерінің ұстыны айтысты бұлай дамытуға мүлде болмайды. Алдын ала жұпталып, дайындалып қойған жаттанды толғауды айтып, әртістік қабілетін дәлелдеп шыққан ақынды айтыскер деуге бола ма? Онсызда ұлттық тамырдан айырылып бара жатқанда, қазақ­тың ұлы өнерін дәріптеген сыңайда келеке жасамайық­шы, – деп ашы­нады  ол.

«Айтыстың аясын кеңейтеміз» деген ұранмен тым көп ұйымдастыру да оған жасалған қастандық секілді. Кей айтыста жалпы жүлде қоры қатысқан ақындарға теңдей бөлінетіні шындық. Бұл – бас жүлде иесі де, 3-орын алған да бірдей қаржы алады деген сөз. Осы жерде заңды сауал туындайды. «Айтыс неге қызықсыз болып барады?» деген. Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

Т.ТАСТЕСЕР

Карикатураны салған Ғ.Смағұлұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: