Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскердегі жұмбақ жағдайлар…

05.05.2022, 12:00 603

Әскерге бару – перзенттік парыз! Бұл сөздің мән-мағынасын қазір көбі түсінбей жүр. Керісінше, әскерден қашатындар көбейді. Десе де сап түзеп, сарбаз болғысы келетіндер де аз емес. Таразы басы тең. Алайда әлеуметтік желіде әскери өмірдің әсерінен бе, әйтеуір белгісіз жайттар артты.  «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі бүгінгінің шынайы көрінісі іспеттес. Елдің қорғаныс күші болуы үшін тәжірибе жинап, ұлтымның ұланы боламын дейтін ер-азаматтар құпиялы әлемге кеткендей, сірә? Өйткені…

«Маңғыстаулық сарбаз әскерде жүріп қайтыс болды. Қордайда әскерге шақырылған сарбаз бірнеше күннен соң қайтыс болды. Әскер қатарында жүрген 18 жастағы сарбаз 2 күннен бері табылмай жатыр. Қызылордалық сарбаз әскерге кетіп, ақыл-есі кем болып оралды. Әскерге бес күн бұрын кеткен ақтөбелік жұмбақ жағдайда көз жұмды».

Міне, осы мәтіндес сөздерді көгілдір экраннан жиі естіп, тұла бойымыз тітіркеніп, түрлі жауапсыз сауалдар ойымызға келді. Біз – ұлттың ұлы болған соң  алаңдаушылық  таныттық. Ал шынайы оқиға  кейіпкерлерінің  мұңын түсіну мүлде мүмкін емес. Лайым ешкім мұндай жайтты көрмесін. Аңыраған ана, езілген ер-азамат, ортасына  түскен шаңырақ… Бұл тағдыр ма? Әлде әлсізге  әлімжеттік  танытқанның  ісі ме? Бұған кім кінәлі? Әлқиссасын айттық, енді сұраққа жауап іздейік.

Өткенде ғана әскерге барып, ата-анасы мен туысын танымай, біраз әбігерге салған Арал ауданы тұрғынының жұмбақ жағдайын тарқатқан болатынбыз. Бұл тақырып аясында тағы да сөз қозғағымыз келмеген. Бірақ  небәрі  Қазалы  ауданының тумасы,  18  жастағы   Ұлықбек  Бердишов   1  наурызда әскери заставадан ізі-қайым жоқ  болып, бір  ай  өткен  соң  денесі Қырғызстан  елінен  табылғаны  жайында әлеуметтік  желіде  ақпарат таралған соң үн қатпасқа болмады. Ол Жамбыл облысы Мерке ауданы «Андас батыр» әскери заставаға борышын өтеуге кеткен еді.  Әлеуметтік  желіде  анасы шырылдап іздегенімен, тірі көру бұйырмапты. «Балам қайда?» деген сауалына жауапты азаматтар да бір ауыз ләм-мим демеді. Олай болса, бұл  жайында  қалалық  қорғаныс  істері басқармасының  бастығы  Алмас  Чункунов сот  сараптамасы   жүргізілуде  екенін  айтты.

– Бұл оқиға барлығымызды есеңгіретіп тастағаны рас. Әскердің арғы жағында не болып жатқанын айта алмаймын. Шыны керек, маған да белгісіз. Барлығы зерттеу жұмыстары аясында белгілі болады. Қазіргі таңда осы оқиға бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайға жол берген азаматтар міндетті түрде қатаң жазаланады, – деді.

Ұлықбектің анасы бұлтартпас айғақ тауып, ұлының өліміне кінәлі адамдардың табылуын сұрайды. Оның айтуынша, ұлы сабырлы, салмақты бала болатын. Сонымен қатар, табылған мәйіт орны мен бұзылмағаны көп күдік әкелгендігін жасырмады.

– Оның өзіне қол  салуы мүмкін емес. Мен оның өліміне кінәлі адамдар бар екеніне сенімдімін. Ол шекараны кесіп өтуге болмайтынын білді, бұл туралы оларға командирлері қатаң ескерткен. Неге ол шекарадан өтіп, қырғыз жағынан табылды? Денесі жоғалғанына 39 күн болғанда табылып отыр. Бұл уақытта желдің, қар мен жаңбырдың әсерінен әлдеқашан бүлініп кетер еді. Бір нәрсе болған. Жақында ұлыммен бірге борышын өтеген жергілікті жігіттердің бірі демобилизациядан кейін ауылға оралды. Ұлықбек оған әңгіме барысында әскерде ешкімнің борышын өтегенін қаламайтынын айтқан, – дейді марқұмның анасы.

Көктем  басталғалы бері тағы да бір сценарий. Тағы да жауынгер   өлімі.  Тағы да 18 жастағы елдің  перзенті. Тағы да Жамбыл  облысындағы  әскери  бөлімшеде  жұмбақ жағдай болды. Ақтаудан  Жамбылға  Отан қорғауға  кеткеніне 10 күн болған  сарбаз  өлі  күйінде оралды. Әлібек Қалбай есімді азамат  ант қабылдап  үлгермей  ажал құшты дейді  туысы.

– Сапта тұрған сарбаз кенеттен өзін жайсыз сезінген дейді. Содан құлап, желкесін қатты соғып алды. Оны шұғыл Гвардейск гарнизонының әскери госпиталіне жеткізген. Сол жерде бір жарым сағат бойы реанимациялық шаралар атқарылды. Өкініштісі, еш нәтиже шықпады, – дейді Әскери полиция бөлімнің бастығы Серік Мұқанов.

Сөз бен іс қабыспайтын көрінеді. Себебі медициналық (әскери-дәрігерлік) комиссия әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз деп таныған азаматтар әскери есепке қабылданбайды деп заңда көрсетілген. Егер азаматты бірнеше зерттеуден кейін әскерге жарамды деп таныса, үш-төрт күн ішінде өзгеруі мүмкін емес сыңайлы. Алайда Серік Мұқанов ешнәрсені жасырып қалуына жол бермейтінін ашық айтты. Ұзаққа созылмай маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың өлімі бойын­ша күдікті ұсталыпты. Бұл туралы Бас прокуратура  мәлімдемесін  берді.

– Күдікті бірге шақырылған сарбаздың әріптесі болып шықты. Ұстауға куәгердің айғақтары және зорлық-зомбылық өлім белгілері бар сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болды. Материалдар сотқа қамауға алуға бұлтартпау шарасын санкциялау үшін жіберілді. Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланған (ҚР ҚК 440-бабы 4-бөлігі), – деді.

Ескі Қазақстанның заңы қайталанбаса игі еді. Ақшасы барлар жалтарып, жазықсыз жандар былыққа батып кетпесе болғаны. Әлібек Қалбайдың отбасына 500 АЕК көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Әлібектің құрметіне ескерткіш те орнатылатын болады. Осы дүдәмал күй кештірген оқиға соңғы боп қалар деген үміт бар. Осыған бір тоқтам болар күн тусашы…

– Өкінішке  қарай,  биыл 22  сәуірде Гвардейск  әскери қалашығындағы госпитальде  қатардағы  жауынгер  Әлібек Қалбай қайтыс болды. Болған оқиға жас  сарбаздың  отбасымен қатар, барша қарулы күш ұжымына ауыр тиді. Оқиғаға қатысты белгілі ақпараттарды ресми түрде бердік. Бүгінде тиісті сараптама алынды, тергеу амалдары жүріп жатыр. Біз ешнәрсені жасырмаймыз. Қайтыс болған жас әскердің  ата-анасы мен туыстары арнайы келіп, әскери бөлімнің  қызметімен  танысты, – деді  Қазақстан  Қарулы күштері бас  штабы басшысының орынбасары, тәрбие және идеология­лық  жұмыс  департаментінің   басшысы,   генерал-майор  Серік  Боран­баев.

Хош. Әскердегі жұмбақ жағдайлардан кейін жастар әскерден қашады-мыс. Өткен мен бүгінгіні сылыстыру­дың қажеті болмай тұр. Адам өзгерді. Ниет те өзгерді. Бәлкім, осы себеп шығар. Ал мұндай жайттан кейін жастар әскерге барады деп те айту қиын. Ендеше, әскерге бармаудың себебін де іздеп көрдік. Әлеуметтік желі­дегі жантүгершілік жағдайдан бөлек, несиеге байланыс­ты әскерге  бармайды  дейді  сала  мамандары.

– Біріншіден, ата-ана тарапынан әскер туралы қорқыныш бар. Екіншіден, жастардың көбі несие алып, төлей алмай жүр. Зейнет жасындағы ата-анасы бар ер-азаматтардың біразы шаңыраққа кіріс әкеліп отыр. Сол себепті адамгершілік тұрғыдан қарағанда әскерге алып кету қиын. Бір отбасын асырап отырған азаматты алып кету бізге де оңай емес. Бір жыл Отан алдындағы борышын өтеуге келгенімен ойы басқа жақта жүреді. Себебі қара тізімге кіреді, процент өседі. Түптеп келгенде осының бәрін ескеріп, қазіргі таңда қорғаныс министрлігі кредиті бар шұғыл әскери міндетін өтеушілерді төлемнен босатуды ұсынды, – деді Алмас Чункунов.

Бұл ұсыныстың жөні бар. Себебі қазақстандықтардың тұрмыс тіршілігі дамушы мемлекеттер арасында төмен. Жалақы тек бүгін мен ертеңге жетсе, болашаққа инвестиция құюды ойлау ұят. Сондықтан жастайынан несие алуға мәжбүр. Дегенмен әскери тәртіпті де ішінара қайта қарап, әскерде неліктен өлім көбейгенін саралаған дұрыс. Отан қорғайтын ер-азамат өз Отанында жұмбақ жағдайда қаза тауып жатқан ағаларын естісе, көрсе, патриотт­ық  сезімді  қайтсін…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: