Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сақтансаң, сақ боларсың!

30.05.2023, 9:56 218

HALYQLINE.KZ

Бүгін «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бар мейірім – балаларға» атты оқу-жаттығу жиыны өтті. Балаларды суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, жазғы демалысты дұрыс жоспарлау, демалыс уақытында өзін-өзі дамыту машықтарына баулу мақсатында ұйымдастырылған шараға Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінен, облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясынан және облыстық тері-венерология диспансерінен арнайы мамандар қатысып, ақпараттық-түсіндірме, кеңес беру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, қаладағы Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің, Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектебі мен №176 және №257 орта мектептерінің 100-ге жуық оқушылары мен ата-аналарға жаз мезгілінде тыйым салынған аймақта шомылмау, алғашқы көмек беру тәртібі, су айдынындағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, практикалық негізде оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Қызылорда облыстық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Р.Сәдірқожаев суға кеткен адамға алғашқы көмек көрсетуді рет-ретімен көрсетсе, облыстық төтенше жағдайлар департаменті сүңгуір құтқару бөлімінің басшысы Р.Абдикаримов оқушыларға суға кеткен адамға алғашқы көмек беру, құтқару жилетін дұрыс киюді тәжірибе жүзінде үйретіп, суға түсу тәртібімен бөлісті. Қаладағы суға түсуге рұқсат етілген және рұқсат етілмеген су айдындары жөнінде маңызды ақпараттармен бөлісіп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің маманы А.Алдабергенова тері ауруларының түрлеріне жан-жақты сипаттама беріп, тері ауруларының алдын алу, сақтану жолдарын айтып өтті.
«Бар мейірім – балаларға». Расында, адам өмірінің жалғасы, өмірдің мәні болар жас буынды қауіп-қатерден сақтап, көздің қарашығындай қорғау – біздің міндетіміз.
Балаңыздың өміріне бейжай қарамаңыз, құрметті ата-ана!

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: