Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жындыны жынды десең… немесе «Титов», «Гагарин» аудандарының аты өзгере ме?

12.04.2021, 15:30 649

HALYQLINE.KZ Атышулы Ресейлік саясаткер, ЛДПР төрағасы Владимир Жириновский Қазақстанға қатысты тағы да даулы мәлімдеме жасады. Бұл жолы ол Павлодар билігінің 30 көше атын ауыстыру туралы бастамасына қарсы шықты.

«…Сендер өздеріңнің қазақша қалаларыңды тұрғызыңдар, сосын қазақша ат беріңдер, бөтенді ауыстырудың керегі не? Петр I кезінде тұз өндірушілерді қорғау үшін форпост қойған. Ол жерде ешқандай мемлекет болмаған, дала, әр жерде көшпенділер… 300 жыл бұрын сендер қайда болдыңдар? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғария болған жоқ. (…) Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі, орыс кеңістігі өз шекарасын қалпына келтіріп, тәртіп орнатады», деп мәлімдеді ресейлік саясаткер.

«Қайғы қан аздырады, мылжың ми тоздырады» демекші, расында да соңғы уақытта Қазақстанның аумақтық тұтастығы туралы мәлімдеме жасау кейбір ресейлік саясатерлердің сүйікті тақырыбына айналып, жүйкемізге тиіп кетті. Соңғы рет ҚР Сыртқы істер министрлігі Вячеслав Никоновтың мәлімдемесіне байланысты РФ уақытша сенімді өкілі Александр Комаровқа қарсылық нотасын тапсырған еді. Қайтейік енді, эмоциаға бой алдырмауға тырысып, бұл жолы да еліміздің сыртқы саяси ведомствасы 30 жыл өтсе де «үлкен ағамын» деген образдан шыға алмай жүрген Жириновскийдің сандырағына қатысты тиісті талап-шаралар қолданар деп сенеміз.

Баршаңызды бүгінгі 12 сәуір – Ғарышкерлер күнімен құттықтай отырып, қазақшалауға қатысты өзіміздің туған қаламызға қатысты бір мәселе көтермек ойым бар. Бәрімізге белгілі, облыс орталығының теміржолдың арғы бетінде орналасқан бөлігінде көпшілік арасында, тіпті кейбір ресми хабарламаларда да әлі күнге «Титов», «Гагарин» деп аталатын мөлтек аудандар бар. Кейбір ел ағаларынан естігенім, «ол аудандарға осыдан пәленбай жыл бұрын қазақи атаулар беріліпті-мыс». Бірақ қанша тырысқаныммен оны растайтын мәлімет таппадым. Осыған байланысты осы жылғы халықпен есепті кездесуінің қарсаңында Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жоғарыда аталған Ресейдің ғарышкерлерінің есімдерін иеленген мөлтек аудандардың атауларын 30 жыл толып отырған егемендігіміздің мерейтойына орай Тәуелсіз Қазақстанның болмысына лайық атауларға өзгерту туралы ұсыныс-хат жолданып, ол әкімдіктің канцеляриясында тіркелді. Әзірге бұл тұрғыда қандай шешім қабылданып/қабылданбай жатқанынан хабарсызбын. Десек те, шаһардың жаңа басшысы Ғанибек Қонысбекұлы осы мәселені қолға алып, болашақта бір шешімін табар деп үміттенемін.

Жәнібек ИСАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: