Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңаөзенде атом бомбасы пайда болады – Олжаев

17.04.2023, 10:44 508

Бірер жылдан кейін Қазақстанда атом бомбасы пайда болады. Оның аты – Жаңаөзен.

Әрекетсіздік – бүкіл Қазақстанды қақ айыратын жарылысқа алып келеді. Сондықтан, осы жүйелі проблеманы қазір шешу – ең күттірмейтін тапсырма.

Соңғы 10 жылда Маңғыстау облысындағы халық саны 77 пайызға айтқан. Облыста ішкі демографиялық өрлеу бар және 2000 жылдан бері көршілес елден миграция процесі белсенді жүріп келеді. Дәл осы кезде, біз облысқа республикалық бюджет субвенциясының бәлендей өспегендігін көреміз.

Маңғыстау – орталық бюджеттен ең аз ақша алатын 3 облыстың бірі (Ұлытау, Павлодар, Маңғыстау). Биыл оған 121,9 миллиард теңге қарастырылған.

Республикалық бюджет халық санына қарап бөлінеді деген принциппен алып қарасақ, Маңғыстауға қатысты әділетсіздікті байқаймыз. 2023 жылдың наурызында Қазақстан халқының саны 19,7 миллион адам болды. Оның ішінде Маңғыстауда 766,9 мың адам тұрған. Бұл ретте, осынша халқы бар Маңғыстауға 121,9 миллиард теңге бөлінсе, одан халқы аз Шығыс Қазақстан облысына (730 мың тұрғын) 233,3 миллиард теңге, Солтүстік Қазақстан облысына (534 мың тұрғын) 306,2 миллиард теңге, Жетісу облысына (698,6 мың тұрғын) 338,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл «Маңғыстауда мұнай бар, өздері разберутся» деген ескі принциптің әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқанын аңғартады.

Дәл осы принцип үлкен жарылысқа алып келе жатыр. Себебі, қазір Маңғыстауда бар мұнай – болашақ проблеманың ошағы. Өзен, Қарамандыбас, Қаражанбас кеніштерінің жасы кем дегенде 50 жылға толды. Олар өздеріндегі бар қордың шамамен 70 пайызын сарқыған және жыл сайын олардан мұнай шығару қиындай түспек. Бұл ретте, өңірде жаңа геологиялық барлау жұмыстары бойынша белсенділік байқалмайды. 2021 жылы жарнамасы жер жарған, жаңадан ашылған Тепкедегі кеніш проблеманы шешпейді. Себебі одан алынатын мұнай запасы 10-15 миллион тоннаның шамасында. Бұл тым аз.

Өңір мәселесін шешудің системалық жолдары бар ма?

Меніңше, маневр аясы тар. Бес жұмыс қатар жүруі керек:

1. Республикалық бюджеттегі Маңғыстау үлесін арттыру;

2. Жаңа мұнай кеніштерін іздеу, «Каспийшельф» сияқты геологиялық фирмаларды қайта жаңғырту;

3. Шетелдегі тендерлерге қатысатын отандық компания құру;

4. Мұнайдан басқа кластер ашу (тігін, теплицалар, машина құрастыру, т.б);

5. Солтүстіктегі шекаралас аймақтардан тегін жер учаскелерін тарату.

Бастысы, Жаңаөзенмен республикалық, Үкімет деңгейінде айналысу керек болып тұр. Себебі бұған көбіне аймақтық проблема, сол облыстың әкімі шешсін деген ұстаным қалыптасып келді. Бірақ облыс әкімінің оған күші жетпейді, 152 мың адам аз халық емес. Наразылық білдірген топтың талабы орындалып, штат мәселесі, тендер жүйесі оңды шешілері анық. «Өзенмұнайгаз» қиналса да, «Қазмұнайгаз» тобы бойынша оған 2-3 жылға жететін резервтер бар. Бірақ одан кейін не болады? Маңғыстауда мұнай біткенде не болады? Сұрақты осылай қоюымыз керек.

Айбар Олжаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: